БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»

1900

0

БАЛҒЫНДАРДЫҢ БАҚЫТЫ – «АЛТЫН ҰЯ»Бала – ұрпақ жалғасы, ел болашағы. Сондықтан оларға дұрыс тәрбие беру, олардың жан-жақты дамуын қадағалап, білімді де парасатты тұлға етіп шығару әр мемлекеттің басты бағыты болып табылады. Осыны ескерген Елбасы Н.Назарбаев өзінің жылдағы қазақстандықтарға арнаған дәстүрлі Жолдауларында балғындардың біліммен, тәрбиемен толық қамтамасыз етілуін басым бағыттарының бірі ретінде нақтылап, үнемі назарында ұстап келеді. Осы бағытта республика көлемінде балғындардың мектепке дейінгі тәрбие беру мекемелерін көбейтіп, балабақшалар жұмысын жолға қою үшін бірнеше ауқымды бағдарламалар қабылданғаны белгілі. Олардың қатарында «100 мектеп, 100 аурухана» және 2010-2020 жылдарды қамтитын «Балапан» бағдарламалары бар. 
«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша облыс орталығынан жаңадан бой түзеген «Сырдария» мөлтек ауданында орналасқан «Алтын ұя» балабақшасын 2009 жылы қараша айында Елбасы Сыр өңіріне келген кезекті сапары кезінде өзі ашып, сырбойылық бүлдіршіндерге үлкен қуаныш, ұмытылмас сәт сыйлаған болатын. Бүгінде бұл балабақша балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етуде бар ынта-ықыластарымен жұмыс жасауда. 
320 орынға арналып, жаңа талаптарға сай салынған заманауи ғимаратта балғындардың жан-жақты тәрбиеленуіне және білім алуына барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, әуез және гимнастика залдары жеткіншектердің жан-жақты дамуына қызмет етуде. Аталған бөбекжайдың өзгелерден ерекшелігі, мұнда су хауызы бар. Ол балғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және суда еркін жүзуге баулиды. Алғашқы жылы мұнда 12 топ болған, ал қазір топ саны 16-ға жеткен. Әр топта 20 баладан бар. Тәрбиеленушілерге ҚР мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың білім стандарттарына сай «Денсаулық», «Қатынас», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеуметтік орта» секілді бес дамыту орталығы ұйымдастырылған. Балалар «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» оқу бағдарламалары бойынша білім алуда. Сонымен қатар мұнда ағылшын тілі үйретіледі. Былтыр ағылшын тілін ересек топтағыларға оқыту қолға алынса, биылдан бастап олардың қатарына ортаңғы топтар қосылды.  
– Балғындарды уақыт талабына сай тәрбиемен, біліммен қамтамасыз ету біздің басты мақсатымыз. Тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу-тәрбиешілердің басты міндеті болуы тиіс. Осы орайда біз тәрбиешілердің білімі мен біліктілігін көтеруге, олардың оқу, тәрбие процесінде жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруіне баса мән береміз, – дейді балабақша меңгерушісі Баршагүл Өтемұратова. 
Балғындар көзайымына айналғанына төрт жылға жуықтаған «Алтын ұя» балабақшасының жеткен жетістіктері де баршылық. Жуырда мекеме мемлекеттік аттестациядан өтті. Сонымен бірге алтынұялық балғындар «Балбала» атты қалалық шығармашылық байқауында екі жыл қатарынан бірінші орынды иеленсе, 2011-2012 оқу жылдары «Мүсіндеу – шығармашылық белсенділік негізі» тақырыбында мектепке дейінгі мекеме қызметкерлеріне арналған қалалық семинар өткізіп, көпке үлгі болды.
Елімізде балабақшалар қызметін жолға қою, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мақсатында 2010 жылы қабылданған «Балапан» бағдарламасының маңызы зор. Бүгінде бағдарламаны жүзеге асыру барысында қызылордалық балғындардың 80 пайызға жуығы балабақшаға барады. Сондай-ақ, үш жылдың ішінде бір жекеменшік, 18 мемлекеттік балабақша пайдалануға берілсе, мектепке дейінгі ұйым ашуға жарамды үй-жайлар мен ғимараттарды коммуналдық меншікке беру есебінен 430 орындық сегіз балабақша ашылды. 62 балабақшаның 43-і жекенің қолында болса, 105 шағын орталықтың жетеуі жекеменшіктің үлесінде. Республика бойынша жеке балабақшалардың саны жалпы балабақшалар санының 17 пайызын құраса, біздің өңірімізде бұл көрсеткіш 39,2 пайызды құрауда. 
Ал, Елбасының ақ тілегімен ашылған «Алтын ұя» балабақшасы қызылордалық балғындарды тәрбиелеу бағытындағы жемісті еңбек жолдарын жалғастыра бермек.
Айнұр БАТТАЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<