«Балықтар әлемінде» бәрі бар

460

0

«Балықтар әлемінде» бәрі бар Жосалы кентінде былтырғы жылдың соңынан бері «Балықтар әлемі» дүкені жұмыс істеп тұр. Аты айтып тұрғандай, мұнда балыққа құмары ауып, дәмді сорпасын аңсайтын тұрғындарды жиі көресіз. Ерлі-зайыпты Рахман Бекқадамов пен Алтынай Жармағанбетованың отбасылық бизнесі қалай пайда болды? Басынан бастасақ.

Қармақшыда Қуаңдария атты ауыл бар. Ауылға іргелес жатқан Тоғызкөл-Әлтай көлін ерлі-зайыптылар жалға алып, жеке қорғауға алған. Сондағы мақсат – көлдің балық қорын молайтып, өнімді аудан мен облыс орталығына арзан бағада ұсыну. 2016 жылдан бастап, құжаттарын дайындап, 10 жыл мерзімге жалға алған іскер отбасы аймақ халқына балықтың түрлі өнімін арзан бағада сатуда.

– Аудан орталығында бұрын мұндай жергілікті өнімді сататын дүкен болмады. 2018 жылдың желтоқсан айынан бас­тап, барлық құжатын рә­сімдеп, осындай сауда орнын аш­тық. Сонымен қатар, құс еті мен қой етін де сатамыз. Қазір біз тек табиғи жағдайда өскен балық түрлерін саудаға шығарып отырмыз. Ал 2020 жылдан бастап балық тұ­қымын қолдан, арнайы аппаратпен өсіру жобасын қолға аламыз. Яғни, қолдан уылдырық шайқау арқылы ба­лық қорын арттырмақпыз, – дей­ді Рахман Бекқадамов.

Аталған көлде сазан, дөң­маңдай, тыран, ақ амур, шортан, алабұға мен мөңке, жайын сияқ­ты балық түрлері өсуде. Бүгінде Тоғызкөл-Әлтайда үш қорықшы жұмыс істеп, оларға арнайы тұрғын үй де салынған. Көлікпен қамтамасыз етіліп, көл маңы қатаң бақылауға алынған.  Бұл браконерьлік жолмен көлге ауыз сап, ау құрған немесе тоқпен ұрып, кесірін тигізетін кей жан­дарға үлкен тосқауыл.

Айта кету керек, отбасылық кәсіпті өркендетіп отырған Рахман мен Алтынай, бұдан бөлек, «Әйгерім» шаруа қожалығын құрып, мал шаруашылығын дамытып отыр. Жылқы мен мүйізді қара санын арттырып, атакәсіпке ден қойған ерлі-зайыпты кәсіп­керлер онға жуық аудан тұр­ғынын жұмыспен қамтыған.

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<