Банк саласының абызы

5

0

Фото: Автордан

Облыс экономикасын дамытуда халық шаруашылығының өндірістік, шаруашылық салалары негізгі драйвері екендігі бәрімізге аян. Ал экономиканың барлық тамырына қан жүгіретін негізгі алғы шарттарының бірі – қаржылық қолдау. Осы қаржылық операцияларды дер кезінде атқарып отыратын негізгі орган – банктер екені баршамызға белгілі. 1925 жылы ел астанасы Қызылордаға көшіп келгелі бері біздің өңірімізде алғашында өлкелік, кейін аудандық, ал 1938 жылдан бастап мемлекеттік банктің облыстық кеңсесі жұмыс атқаруда. Осы кезеңде біздегі мемлекеттік банкті 24 азамат басқарған екен, соның ішінде бүгіндері 95 жасқа толған, өмірден озғанына бір жылдан сәл-ақ асқан Қалибек Ахметжанов өңір экономикасын қаржыландыру, несиелендіру, кассалық есеп айырысу қызметіне сіңірген еңбегі зор деп айтсақ орынды секілді.

Қалибек Ахметжанов об­лыс­тық банкті 8 жыл басқарды. Сол жылдары өңірдің ауыл ша­руашылығының да­муын­­дағы күрт өсу кезеңі болды, Қы­зылорда Солжаға, Тү­гіс­кен массивтері игеріліп об­лы­­сымыз Одақта күріш өн­ді­рісінің екінші негізгі айма­ғы болып қалыптасып, КСРО-дағы күріштің 20 пайыздан астамын өндіргенін мақта­ныш­пен айтсақ, соны дер кезінде қар­жыландыру, несиелен­дірудегі банктің қызметі өзгеше еді.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласын­дағы целлюлоза-кар­тон комбинатында өз қуа­тына толығымен еніп облысы­мыз­дағы өнеркәсіп өндірісінің флаг­манына айналуында банк­тің көп үлесі бар. Иә, ол кезде де өңірімізде «Жақаев­шылар» қоз­ғалысы зор қарқын­мен етек алып бір­не­ше мамандан­ды­рылған күріш, қой совхоздары ұйымдастырылып, ауыл­­дық ел­ді мекендерге халық жаппай қо­­ныстанып, даламыздың кел­беті түр­ленген кезі еді. Бұл тірліктің қар­жысыз шешіл­­мей­тіні бәрімізге белгілі болса, он­да қаржы ұйым­дарының, оның ішінде Қ.Ахмет­жанов бас­қарған мемлекеттік банктің еңбегі сүбелі еді. Кеңес Одағы уақытында ел­дегі ха­лық шаруашылығын қаржыландыру, не­сие­лендіру тек қана мемлекеттік банк ар­қылы жүргізілетіндігі секілді, банк­тің әлеуметтік саланы да­­мытуды қаржы­ландыру, кас­салық есеп айырысуды да еш мүлтіксіз атқаратын­ды­ғы, мек­теп, ауруханалар, мәде­ниет ошақтары жұмы­­сы­ның бір­қа­лыпты жүруі­не ықпалы зор болды. Қалибек Ахмет­жан­ов­тың банк са­ласын­дағы мүлтіксіз жұмысының ар­қа­­сында салада жақсы ұжым қалып­тасты, көптеген өз ісінің маман­дары өсіп жетілді.

Қалибек Ахметжанов 1930 жылы 21 желтоқсанда Алматы облысы Талғар ау­данының Октябрь селосында туған. 1950 жылы Алматы қаржы-не­сие техникумын, 1962 жылы С.Киров атындағы Қазақ мем­ле­кеттік университетін (Қаз­МУ) бітірген. Еңбек жолын 1950 жылы Қызылорда облыс­тық мем­лекеттік бан­кін­де бастап, 1952-1963 жылдар аралы­ғында Қазақ респуб­ликалық мемлекеттік банкінде тексеруші, аға тексеруші, бас тексерушінің орынбасары, Ұзынағаш бөлімшесінде бас­қарушы Талдықорғанда банк­те лауа­зымды қызмет ат­қа­рып, 1963-1972 жылдары Мемлекеттік банктің Қы­зыл­орда облыстық кеңсе­сін бас­қарған. 1972-1987 жыл­­­дары Қазақ респуб­ли­ка­лық мемлекеттік банк басқа­ру­­шы­сының орынбасары лауа­­зымын атқарса, 1987-1995 жыл­дар аралы­ғында респуб­ли­калық тұрғын үй және әлеу­меттік (Жил­соцбанк) банкі, Кред­соцбанк басқарма төра­ғасы қыз­меттерін атқарған.

3 орден, 6 мемлекеттік ме­дальмен, Қа­зақ Кеңестік со­циалистік республика­сы Жо­ғарғы Кеңесінің Құрмет гра­мо­тасымен наградталған. Ал­маты облысы Талғар ауда­нының, Қызылорда облысы­ның құрметті азаматы, Кеңес одағы мемлекеттік банкінің үздігі.

Қ.Ахметжановтың орасан зор күш салуының және ұйым­дастырушы­лығы­ның арқа­сын­да Қызылорда қаласында банк қызметкерлеріне арналған 30 пә­терлік тұрғын үй (1968 ж), қазіргі Ұлттық банк фи­лиа­лының ғимараты (1971 ж) салынып, пайдалануға берілген. Осы ғимаратта өзі бірінші болып облыстық кеңсенің бас­қарушысы лауазымында қыз­мет атқарған. Сол кезде Қалекең отырған, кезінде 1925 жылы республика орталығы Орынбордан Қызылордаға көш­кенде бірге әкелінген стол, қазір облыс орталығындағы «Ұлағат» білім ордасы» жеке­меншік мектебінің мұража­йында сақтаулы.

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары күрделі құрылыс жүргізу, оның ішінде әкімшілік ғимарат салудың қиындығын аға буын ұрпақтары жақсы біледі. Осындай қиындыққа қарамастан Қа­лекең Қызылордада өзінің ізін қалдырды.

1992-1996 жылдары өзім де Қале­кеңнің қолдауымен КСРО тұрғын үй және әлеуметтік банктің облыстық бас­қармасы басшысы қызметін атқарып, банк жүйесіндегі абыз тұлғамен бірге әріптес болу мүмкіндігіне ие болдым. Банктің көп қыр­лы жұмысын жүргі­зуде сол кі­сіден сусындағанымды ұмыт­­­паймын. Ал Қалекеңнің жұ­­байы Нұрқа­диша апай 90 жас­тан асып, өздері­нен тара­ған 4 ұл-қыздың, көптеген немере­­­лер­дің қызығын көруде.

Қамбар ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері