Бүгінде елімізде экономикалық белсенді әрбір екінші адамның басында несие бар. Несие алушылардың қатары көбеймесе, азаяр емес. Оны халықтың күнделікті азық-түліктің өзін несиеге алғанынан-ақ бағамдауға болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде «Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін» деп, халықтың кредитке деген сұранысының жоғарылап кеткенін тілге тиек еткен еді.
Расымен, кредиттік бюроның мәліметінше, жыл сайын кепілсіз тұтынушылық несиелер саны айтарлықтай өсуде. Әсіресе, тауар несиесі мен бөліп төлеу нарығында көрсеткіш жоғары екен.
Осы ретте «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң мақұлданып, борышы бар азаматтар өткен жылдың 3 наурызынан банкроттыққа өтініш бере бастады.
Заңнаманың басты мақсаты − азаматтардың борыштық жүктемесін азайту, өнімді экономикалық қызметті қайтару, әлеуметтік шиеленісті жеңілдету және борыштар бойынша төлемдерді ынталандыру. Бұл бір жағынан алдағы уақытта несиесі бар халықтың санын азайтуы мүмкін. Десе де, борышкердің банкрот болып танылуының да өзіндік ерекшеліктері бар. Тарқатып айтар болсақ….
Банкрот деп танылу жолдары
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңнамада банкроттықтың үш рәсімі қарастырылған, бұл − соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттық − екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдар немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы міндеттемелерді тоқтату мақсатында борышкерге қатысты соттан тыс тәртіппен жүзеге асырылатын рәсім.
Бұған өтініш беру үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және өтініш берілген күні қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен (5,5 млн теңге) аспайтын міндеттемелер болуы керек. Сондай-ақ адамның атында ешқандай мүлік тіркелмегені әрі 12 ай бойы несие төленбеген болуы қажет. Оған қоса борышкерге қатысты банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу бойынша рәсімдер жүргізілген болуы тиіс.
− Жалпы соттан тыс банкроттыққа өтінішті 5 жылдан астам берешегін өтемеген қарыз алушы − жеке тұлғалар да жүгіне алады. Бұл ретте аталған шарттар мұндай борышкерге қолданылмайды.
Сондай-ақ алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы болып табылатын борышкер осы рәсімді қолдану үшін өтіп кеткен мерзімді есепке алмай өтініш бере алады. Рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі. Тағы бір ескере кететін жайт, банкрот деп танылу үшін борышкердің қарызы барлық банктер мен займдарда 12 ай бойына төленбеген болуы тиіс әрі соңғы 12 айда айлықтан не картадан ақша алынбауы керек. Сондай-ақ атында ешқандай мүлік болмауы қажет. Қазір әлеуметтік желілерде 1-2 ай төленбесе де болады деп жарнама жасап жүрген алаяқ көп. Оған алданып жатқандар да жоқ емес. Сондықтан бұл мәселеде сақ болған жөн, − дейді заңгер Мәулен Спанқұлов.
Ал сот банкроттығы − борышкердің мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында борышкерге қатысты сот тәртібімен жүзеге асырычлатын рәсім. Бұл ретте борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады.
Осы рәсімде де борышкердің қарызы 5,5 млн теңгеден жоғары болуы тиіс. Ол 12 ай бойы төленбеген, борышкерге қатысты банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу және өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілуі қажет. Сондай-ақ 7 жыл ішінде соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімін қолдану фактісінің болмауы өтініш беру үшін негіз болады.
Егер жалғыз тұрғын үй кепіл нысанасы болса, кредитор оны сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы. Кепілдікте үй болмаса несие берушілер оны талап ете алмайды. Осы рәсімді қолдану барысында борышкерге мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасауға (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беру), шетелге шығуға тыйым салынады.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру – сот тәртібімен қолданылатын рәсім, борышкерге оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қаржылық, құқықтық және өзге де іс-шаралар қолданылады. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды төлеуге 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігін көздейді. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі. Сауықтыру шаралары мыналарды қамтиды: мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру, жаңа үй сатып алу арқылы тұрғын үй сату, құны төмен тұрғын үйге айырбастау және басқалары.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге өтініш беруді жоспарлап отырған борышкер үшін жалғыз шарт – қарыз мөлшері қарыз алушыға тиесілі мүліктің құнынан аспауы керек.
Бұл рәсімнің ең басты артықшылығы − одан кейін адам «банкрот» мәртебесін алмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Банкрот болғаннан кейінгі шектеулер қандай?
Заң қабылданғаннан бері халық арасында «банкрот» деп танылған тұлға жұмыс жасай алмайды, кәсіп бастау мүмкіндігі жоқ деген секілді түрлі қауесет тарады. Банкрот деп танылған адам бес жыл бойы кредит ала алмауы мүмкін. Өйткені ол кредит аларда банкке өзінің банкроттығы туралы хабарлауға міндеттеледі. Бұдан бөлек, 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығы бар. Оған қоса банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
− Жалпы банкроттық – несиені кешіретін акция емес. Жеке тұлға банкрот деп танылған соң оған 3 жыл бойына қаржылық бақылау жүргізіледі. Егер адам мониторинг уақытында өзіне жылжитын не жылжымайтын мүлік тіркеп, ол қарызының 30 пайызын құраса, банкрот статусы тоқтатылады. Оған қоса сот банкроттығын пайдаланса, банкрот рәсімі аяқталғанша 6 ай көлемінде шетелге шыға алмайды. Сондай-ақ, бес жыл бойына кредит ала алмайды. Сондықтан әр азамат өзін банкрот деп жариялаудың алдында туындайтын ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлануы қажет, − дейді облыстық кірістер департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Ертанова.
Халықаралық тәжірибе
Әлемнің бірқатар елі берешегін төлей алмай жүрген азаматтарына заңды жолмен арылуға мүмкіндік береді екен. Мәселен, Канадада адам берешегінен құтылу үшін бар мүлкін банкроттық туралы істі басқарушыға тапсырады.
Елдің әр провинциясында банкроттыққа өтініш беру тәртібі әртүрлі. Кейбір аудандарда азаматтарға өмір сүруге қажетті дүниелерді қалдыруға рұқсат етіледі. Мысалы, киім-кешек, жиһаз, тұрмыстық заттар, автокөлік, үй, отбасылық жәдігерлер, сақтандыру және тағы басқа.
Ал көрші Ресейде азаматтардың банкроттығы туралы заң 2015 жылдан бері бар. Жеке тұлға арбитражды соттың шешімімен ғана банкрот деп танылады. Бұл ретте кредитін үш ай бойы төлемеген және кредитор алдындағы борышы 500 мың рубльден асатын (шамамен 3 миллион теңге) жеке тұлға банкрот атанады. Бірақ бұл жақта процедураны бастау оңай шаруа емес. Себебі өтініш беру үшін қарызды төлей алмайтыныңды дәлелдейтін көптеген айғақ қажет. Тек былтырдан бері бұл мәселе жеңілдетіле бастады.
АҚШ-та банкроттық институты XIX ғасырдың соңында пайда болған. Жеке тұлға өзін банкрот деп жариялау үшін борышкердің табысы заңмен белгіленген деңгейден төмен болуға тиіс (әр штаттың өз көрсеткіші бар). Банкроттық процедурасы кезінде борышкердің мүлкі сатылады. Бірақ тартып алуға тыйым салынатын активтер де бар.
Айта кетері, АҚШ-та адамның барлық қарызы кешірілмейді. Мысалы, алимент, оқу кредиті, айыппұлдар мен кейбір салық берешегі, көлікті мас күйінде жүргізу салдарынан денсаулыққа келтірген зиянды өтеу бойынша төлемдер. Америкалықтар 8 жылда бір рет қана өзін банкрот деп жариялай алады.
Германия мен Францияда жеке зат, тозығы жетіп тұрған сәнді мүліктен басқасының бәрі (мұнда да үй сатылады) сатылымға шығарылады.
Халықаралық практикада банкрот болған адамға қойылатын шектеулер аз емес. Атап айтқанда, мұндай адамдар басқа елге шыға алмайды, коммерциялық немесе мемлекеттік қызметте істей алмайды.
Осы жерде қызық деректерге тоқталып өтсек. Банкрот болған тұлғалардың ішінде әлемге әйгілі жандар бар. Мысалы, Дональд Трамптың өзі 6 рет банкроттау рәсімдерінен өтіпті. Сот оның бірнеше миллиард қарызын кешірген деседі. Бұл оның 2017 жылы АҚШ-тың 45-президенті атануына еш кедергі болмады. Сондай-ақ атақты Уолт Дисней, Голливуд жұлдыздары Николас Кейдж, Линдси Лохан, Джонни Депп, Ким Бассингер, танымал әншілер Майкл Джексон, Тони Брэкстон, боксшы Майк Тайсон, NHL, NBA жұлдыздары және басқа саладағы танымал тұлғалар өзін банкрот деп жариялаған.
Статистика сөйлесін…
Жалпы елде «банкроттық» термині кәсіпорынның толық күйреуін және жойылуын көзге елестетеді. Қалай десек те, елімізде 10 мыңға жуық қазақстандық банкрот деп танылды. Олардың жалпы қарызы 20 миллиард теңгеге жеткен. Банкрот деп танылған 944 борышкер мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың санатында. Осы топтағы азаматтардың қарыз сомасы – 1 миллиард теңге. Ал банк алдындағы берешегін 5 жылдан бері төлей алмағандықтан, банкрот болған азаматтардың саны 5 мыңнан асады. Олардың қарызы 14 миллиард теңгеге жуықтайды.
Қалған борышкерлердің қарызы 5,5 миллион теңгеден асып кеткендіктен, банкрот деп танылған. Айта кетейік, былтыр наурыз айынан бері банкроттыққа 87 мың қазақстандық өтінім берген. Алайда олардың 67 мыңының өтінімі қанағаттандырылмады.
Облыс бойынша бүгінгі күнге жеке тұлғаларға соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы 7195 арыз түсті (Қызылорда – 4008, Арал – 432, Қазалы – 219, Қармақшы – 794, Жалағаш – 338, Сырдария – 244, Шиелі – 477, Жанақорған – 683).
Оның ішінде 5772 (80,2%) арыз қанағаттандырусыз қалдырылған, 110 (1,5%) арыз қаралуда.
− Бүгінде 1313 жеке тұлға банкрот деп танылды. Оның ішінде 807-сіне банкрот статусы қойылған.
Сонымен қатар, жеке тұлғаға сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы 6 сот шешімі шықты, 3 арыз сотта қаралуда, 9 арыз қанағаттандырудан бас тартылды, − дейді басқарма басшысы.
Қалай десек те, банкроттық – несиені кешіру не қарыздан құтылудың оңай жолы емес. Банкроттық дегеніміз – бұл қарызды төлей алмау деген сөз. Сондықтан әрбір борышкер өзін банкрот ретінде жарияламас бұрын мұндай шешімге байыпты қадаммен және үлкен жауапкершілікпен қарауы керек.
Мейрамгүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<