БАҚ өкілдерімен кездесті

455

0

Фото: Ақмешіт Сырдария мешіті

«Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде облыстың бас имамы Дастан Жанасұлы өңірдегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторларымен кездесіп, пікір алмасты.

– Өздеріңізбен қасиетті Рамазан айында, оның ішінде, мың айдан да қайырлы Қадір түнінің қарсаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бүгін сіздермен кездесудегі мақсат-мұратымыз біреу. Ол – өздеріңізге елімізде діни бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде, Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қармасы мен Қызылорда облысы өкілдігінің іс-шараларын насихаттауға қосып келе жатқан зор үлестеріңіз үшін алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдіру. Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала, ал журналист – мәртебелі мамандық екендігі баршаға белгілі. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Бұдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баға берген еді. Бұл ұлағатты сөзді қазір тек баспа басылымдарға ғана емес, барлық электронды ақпарат құралдарына, ақпарат агенттіктеріне қатысты қолдануға болады. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз. Түптеп келгенде, дін өкілдері де, журналист те ұлт үшін қызмет етеді, ел тағдырына әркез алаңдап отырады. Өйткені ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болған, – деді Дастан Жанасұлы.

Сондай-ақ ол одан әрі өз сөзінде бүгінгідей құбылмалы кезеңде дін тақырыбында қалам тарту асқан жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететіндігіне айрықша тоқталып, сала мамандарына жанкешті еңбектері үшін өз алғысын жеткізді.

– Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы, түрлі технологиялар қарыштап дамыған заманда халыққа дін тақырыбында жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды. Қоғамды адастыратын ақпаратқа жол бермеу үшін сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тербеп келесіздер. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып жүрсіздер. Бүгін медиа саласының білікті басшыларына осы жолдағы қажырлы ең­бектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Алла Тағала өз кәсібінің майталманы болған сіздерге екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Жағымды жаңалықтармен жұртшылықты қуанта беріңіздер! Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін! Әрдайым мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын! – деді ол.

Жүздесуге республикалық «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаева, «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Қозы-Көрпеш Жасаралұлы, «ҚоғамТВ» телеарнасының бас редакторы Баян Құлтанова, «Degdar-news» ақпарат агенттігінің бас редакторы Үйтолған Жарекеева, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы Азиз Батырбеков, қалалық «Ақмешіт апталығы» газе­тінің бас редакторы Гүлмира Ділдәбекова, «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Абзал Жолтерек қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Кездесу соңында бас редакторларға құр­мет көрсетіліп, Алғыс хат пен сый-сыяпат табысталды.

Айта кетейік, мұндай кездесу аудандық БАҚ өкілдерімен де өткізілмек.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<