Бар мейірім – балаларға

1498

0

Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жеке кәсіпкер Сәкен Ысқақов «Бар мейіріміміз балаларға» атты қайырымдылық шарасын өткізіп, «Кристалл» мейрамханасында 150-ге жуық ерекше балаларға арнап дастархан жайды.

Қайырымдылық шарасында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев балаларды мерекесімен құттықтап, игілікті іске ұйытқы болған жеке кәсіпкерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

– Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ! Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес» дегені есімізде. Балалы үйді базарға теңеген бабалардың сөзі де санамызда. Осыған орай елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен көптеген игі істер атқарылып жатыр. Олардың басым бөлігі, әрине, болашағымыз балаларға арналған, – деді Мұхтар Әуесұлы.

Мұнан соң шараға қатысушы ерекше балаларға аудан әкімінің мерекелік сыйлықтары тапсырылды.

Қайырымдылық шарада ерекше балалардың ата-аналарының атынан Райкүл Оңдабаева құттықтау сөз сөйлеп, аудан басшылары мен жеке кәсіпкерге ақ батасын берді.

Мерекелік шарада ерекше балалардың барлығына жеке кәсіпкер Сәкен Ысқақов тегін балмұздақ таратты. Сондай-ақ бұл күні олардың ата-аналары да назардан тыс қалмады. Ерекше балаларды өсіріп, мәпелеп отырған жандарға бір-бір сыйлықтан үйлестірілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<