Барлық бала бақытты болуға лайық

518

0

Барлық бала бақытты болуға лайық Ерекше күтімді қажет ететін балаларды ортадан оқшау қалдырмай, оларға барынша қамқорлық жасау – қоғамның бір міндеті. Олар да өзге балалар сияқты ойнап-күлуге, өз деңгейінде үйреніп-білуге лайықты.

Қаламыздағы «Шаттық» балабақшасы «Инклюзивті топтар ұйымдастыру» жобасымен  семинар ұйымдастырды.

«Шаттық» балабақ­шасы­ның ұжымы жаңа жобаны өзге әріптестеріне таныстырды. Семинар бастауында облыстық цифрлық технология­­лар бас­­қармасы басшысының орын­басары Юлия Тремасова инклюзивті топ ұйым­дас­тырудың маңызын, бұл орайда балабақша ұжымының жобаны сәтті қорғап шыққанын айтып, сәттілік тіледі. Қалалық білім бөлімінің маманы Айнұр Ибраева да бұл пікірді толықтырды. Айта кетелік, бұл жоба аты айтып тұрғандай, ерекше күтімді қажет ететін, құлағында, көзінде, тілінде мүкістігі бар бүлдіршіндерге арналған. Құны 30 млн 300 мың теңге тұратын жобаны балабақша грант негізінде ұтып алған. Осының негізінде инклюзивті топ ашылып, онда 36 бала тәрбиеленуде. Жоба қаржысына арнайы топтағы бүлдіршіндер үшін емдік және коррекциялық аппараттар, қажетті оқу құрал -жабдықтары толығымен қамтамасыз етіліп, жаңадан кабинеттер ашылған.

Семинар барысында ин­клюзивті топтағы балалар үшін маңызды саналатын «EDU-QUEST» жүйесі таныстырылды. Бұл баланың физиологиялық және ақыл-ойын есепке ала отырып әзірленген. Яғни, ерекше күтімдегі балалар жаңа технологияның мүмкіндігін пайдалана отырып, қоршаған ортаны таниды. Интерактивті үстел де, өзге құрал-жабдықтар да баланың даму мүмкіндігіне орайластырылған. Ең бастысы, мұндай балалардың жаңа технологияны өз деңгейінде пайдалана алуы қуантты.

Мұнда ерекше күтімдегі балалардың ата-аналарымен пікірлестік. Айдана Капакова баласының осы топқа қабылданғанға дейін үйде тек төсектен тұрмайтынын жасырмады. Ортаға қосылған бала бүгінде отырып-тұруды ғана емес, жұмсағанға баратын, ойындағысын түсіндіруге талпынатын жағдайға жеткен. Бұл ата-ана үшін үлкен қуаныш болғанын да айтып, алдағы уақытта бүлдіршіннің мамандар көмегімен мұнан да жақсы нәтижеге жететінінен үмітті екенін жасырмады.

– Жобаның маңызды тұ­сы – ерекше күтімді қажет ететін балалар денсаулығы қалыпты балалармен бірге тәрбиеленеді. Оқшау қалып қоймайды. Бұл мақсатта тифлопедагог, психолог, окулист, логопед-дефектолог, әлеу­меттік ұйымдастырушы, дене­шынықтыру нұсқаушысы се­кілді қажетті мамандармен қамтамасыз етіліп, жаңа кабинеттер ашылды.  Бұл балалар балабақшада те­гін тәрбиеленеді, – дейді «Шат­тық» балабақшасының мең­герушісі Гүлден Сапабекова.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<