Осыдан біраз жыл бұрын Қызылорда облысынан Түркістан қаласына қоныс аудардым. Үйге мал базары мен көтерме көкөніс базары өте жақын орналасқан. Қалаға әлі бейімделе алмаған кезіміз. Саудаға да онша ыңғайымыз жоқ, уақытша қол бос. Бар ермегіміз – жақын жердегі жем сататын орынға барып, тиын-тебенге карта ойнау. Кейде бізге сол жердегі такси жүргізушілері де араласады.
Кәрім деген өзбек жігітпен сонда таныстық. Ол қала шетіндегі ауылда тұрады. Ауылынан таңертең әйелін және жолаушыларды көтерме базарға жұмысқа әкеледі. Әйелдердің кәсібі – көкөністерді көлігімен сатып алып, үстеме бағамен бөліп тарату. Кәрімнің кәсібі – әкелген сүт-айранын базарға саудалау, сосын жарамсыз көкөністерді өте арзанға мал жемін сатып алу. Бос уақытында қала ішінде такси қызметін ұсынады. Такси кезегі келгенше бізбен бірге карта да ойнайды. Жиі-жиі тұрып кете берген соң оған жігіттер кейде ренжіп те жатады.
Күнұзақ отырған соң арасында шай да ұйымдастырамыз. Кәрім де дастарқанға аз-маз өз үлесін қосады. Ұялғаны болар, ол бізді бірнеше рет отбасына дәмге шақырды. Реті келіп бірде біз оны қабыл алып, үйіне бардық. Үйі өте үлкен, сәнді, тіпті көлік қоятын бастырмасына төрт көлік еркін сыйып кетеді. Бізді ат шаптырым қонақ бөлмесіне кіргізгенде таңғалуымыз одан да күшейді. Үстел-орындықтары біз көрмеген сәнмен жасалған ерекше үлкен. Төсенішке жайғаны түгі бірнеше елі парсы кілемі. Бәріміз де өзге дүниеге кіріп кеткендей болдық. Тамақтанып шыққан соң аула ішіне, қора жағына көз салдық. Қора үйі екі қабат. Үстіңгі қабатта шөп, астыңғы қабатта қырық шақты ұсақ мал мен 3-4 сауын мал тұр. Мал күтіміне қарайтын үйдегі балалар. «Төрт сүтті сиырдан күніне қырық литрден аса сүт аламыз, ал ұсақ малдарды қоңдандырып базарға қайта сатамыз» деді Кәрім ака.
Ауласы да гүл-көкөніске толып тұр. Оны күтіп-баптау да үлкен жұмыс, қалай үлгереді екен деп ойға қалып тұрмыз. Ойымызды оқығандай, бәрін тағы да Кәрімнің өзі түсіндірді. Ауылда егін күтімімен айналысатын арнайы бригадалар бар. Солармен келісеміз дейді. Сұрақ та бітті, біз де қайттық. Жолшыбай тап-тұйнақтай ұйымдасқан іс-қимылға, үй салтанатына ризалық әңгімемізді тауыса алмадық. Өз еңбек күштерімен бақуатты өмір кешіп отырған жанұяға деген ризалығымызды жасыра алмадық. Бақуатты өмір кешу өз қолымызда екен деген ой түйдік. Үйіргелік жерді тиімді пайдалану да – байлықтың бір көзі. Арғысын өзіңіз ойланып көріңіз…
Есенғали
КЕНЖЕҚҰЛОВ.
Түркістан қаласы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<