Кеше қаланың сол жағалауында тағы бір қоныс той тойланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен 5 қабатты тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға табысталды. Салтанатты шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерге тоқталып, жаңа қоныс иелеріне құттықтауын жеткізді.

– Биыл ұлтымыздың тарихи «қазақ» атауы қайтарылғанына, Қызылорданың қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуы кең көлемде аталып өтуде. Мерейлі жыл аясында аймағымызда сәулеті келіскен, әсем де заманауи ғимараттар бой көтеріп келеді.
Бұл – жыл сайын тамыздың екінші жексенбісінде кәсіби мерекелерін атап өтетін құрыш қолды құрылысшыларымыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Бүгін жерлестеріміздің баспаналы болу қуанышына ортақтасып, пәтер кілтін табыстау рәсіміне жиналдық.
Аймағымызда тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды ірі инфрақұрылымдық жобалар бар. Облыс бойынша 96 жобаның құрылысы жүруде. Жақында балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы өз жұмысын бастады. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараттары ел игілігіне пайдалануға берілді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі салтанатты түрде ашылды.
Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион, «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен құны 2 млрд 900 млн теңге болатын мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Сыр жұртшылығы асыға күткен нысандар алдағы қыркүйек айында ашылады.
Облыс орталығында көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені, Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен жаңадан «Достық үйі» бой көтеруде.
«Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында облыс орталығының озық сәулеттік үлгісін қалыптастырып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, саябақтар мен мәдени-демалыс орындарды абаттандырудамыз. Орталық алаң қайта жаңғыртудан өтті. Қазіргі таңда шаһардағы Президент саябағында, Қорқыт ата мемориалды аллеясында қызу жұмыс қарқын алған. Жаздың басында қайта жаңғыртудан өткен қалалық мәдени-демалыс паркі ашылды. Алдағы уақытта облыс орталығындағы 50-ге жуық парк, сквер, аллеяларды кезең-кезеңімен жаңғыртамыз.
Баспаналы болу әрбір отбасын жақсылыққа жетелейді. Жаңа баспаналарыңызға қуаныш ұялап, татулық пен береке орнай берсін! – деді облыс әкімі.

Рәсімде Наурызбай Байқадамов жаңа пәтер иелеріне құттықтауын жеткізіп, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді. Сонымен қатар тұрғын үйді салған мамандар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, кейінгі үш жылда облыста қаржыландырудың барлық көздерінен 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады. Барлық аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер иелеріне табысталды. Биыл тұрғын үй құрылысы және жеке салушылардан 3800 дайын пәтерді сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді. Қаржыландырудың барлық көздерінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Қызылорда қаласының өзінде кейінгі үш жылда тұрғын үй құрылысы мен пәтер сатып алуға 64 млрд 97 млн теңге қаралып, 5600 пәтер жерлестерімізге табысталған. Биыл жыл соңына дейін 3 мыңға жуық пәтер беру көзделіп отыр.


«СБ» ақпарат






