Баспана үшін ажырасу белең алды

2325

0

Елімізде тұрғындарды баспанамен қамту үшін түрлі бағдарлама қабылданып, іске қосылды. Шартында толық емес отбасыға да жеңілдік қарастырылған. Содан болса керек, кейбір ерлі-зайыптылар пәтер алу үшін қағаз жүзінде ажырасуға дейін барған. Әу баста мұны құзырлы мекемелер де байқамаған тәрізді. Уақыт өте келе, статистикалық деректе ажырасушылардың саны артқан соң арнайы зерттеу жүргізсе керек.

«Отбасы банк» АҚ төрағасы Ләззат Ибрагимова толық емес отбасыларға берілетін ипотеканың шарттары неге өзгергенін түсіндірді.

− Біз қарыз берудің үшжылдық қорытындысына талдау жасадық және кейінгі төрт жылда «Толық емес отбасы» санатының аса жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрдік. Өкінішке қарай, Қазақстанда отбасы құндылықтарының дамып жатқанына қарамастан, 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсіп, 2019 жылы 59 796-ға жетті. Ажырасуға өтініш беру «COVID-19» пандемиясы кезінде қиынырақ болып, ажырасу саны 48 мыңға дейін қысқарды. 2021 жылы бұл сан қайтадан өсіп, 48239-ға жетті, − деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына бұған дейін көпбалалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылар қатысып, төмен пайызбен баспанаға қол жеткізетін. Ажырасу көбейіп кеткендіктен, енді бұл тізімнен толық емес отбасы санатын алып тастады. Үкімет арнайы қаулы қабылдап отыр.

− «Толық емес отбасы» бағыты бойынша ажырасу туралы куәлік өткізгендер көп. 23 қыркүйекте Үкімет қаулысы аясында бұл санатты «Шаңырақ – 5-10-10» жобасына ауыстыру ұсынысы қолдау тапты. Мұндағы айырмашылық сыйақы мөлшерлемесіне қатысты. Әр отбасы деңгейінде айырмашылық шамамен 30 мың теңгедей болатын шығар. Мысалы, берешек 15 млн теңге болса, «Бақытты отбасы» бойынша несие алғандар алғашқы 8 жылда ай сайын 80623 теңгеден, 50% сома жиналғаннан кейін 63344 теңгеден төлейді. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша «Толық емес отбасы» дәл сондай пәтерді сәл жоғары төлеммен сатып алады, яғни, ол алғашқы 8 жылда ай сайын 116 500 теңгеден, кейін 73 983 теңгеден төлейді, − деді Л.Ибрагимова.

Салымшылар бұл өзгерісті екіұшты қабылдап жатыр. Қала тұрғыны Ерқанат жеңілдік ажырасқанға емес, отбасын сақтап отырғандарға берілсін дейді.

− Отбасымды сақтап, ажыраспай отырғаным үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алмағанмын. Банктің барлық бағдарламасында «Толық емес отбасы» санаты бар.  «Нұрлы жер» бағдарламасымен 3 бөлмелі үй алдық. Толық емес отбасыларға басымдық берілгендіктен, олар төменгі қабаттан үй алды. Бізге  бесінші қабат. Тағдырдың жазуымен, шын мәнінде, жары қайтыс болып, отбасы толық болмай қалса қолдау білдірген дұрыс. Ал ажырасу құжатын әкелгеннің бәріне жеңілдік беруіне қарсымын. «Бақытты отбасы» бағдарламасына өзгеріс енгізгеніне қуаныштымын. Отбасы түгел болмай, баспанада бақыт болмайды, − дейді қала тұрғыны.

«Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалының мәліметінше, Қызылорда қаласында соңғы 4 жылда 256 толық емес отбасы баспаналы болған. Бағдарлама шартына сай ажырасқандығын растап құжат өткізген. 

Солардың бірі Айжан есімді келіншек пәтерге тезірек қол жеткізу үшін жолдасымен құжат жүзінде ажырасқанын жасырмады. «Жалғызбасты ана ретінде баспананы төмен пайызбен, төменгі қабаттардан алуға мүмкіндігім барын естіп, осы қадамға бардым. Ойымыздағыдай пәтерге қол жеткіздік. Енді ипотекалық несием бітпейінше, заңды түрде некеге тұрмауым керек пе, соны біле алмай жүрмін» дейді. 

Баспаналы болу – күйіп тұрған мәселе. Ол үшін ажырасып, қайта некелескендердің нақты саны белгісіз.

Аймақта 2021 жылы 232 азаматтың неке бұзуы тіркелген, ал биыл 9 айда 233 азамат ажырасқан. Мұның күрт көбеюіне әлеуметтік жағдай себеп дейді мамандар.

− Неке бұзуға өтініш беруге келген отбасылармен әңгімелесіп, себебін анықтауға тырысамыз. Басым бөлігі қаржының жетіспеушілігі, баспананың жоқтығы салдарынан жиі ұрысып қалатындарын айтады. Некеге өтініш беретін азаматтарға отбасылық ұстаным, салт-дәстүр, отбасы − бақыт мекені деп түсіндірме жұмыстарын  тұрақты түрде жүргіземіз, – дейді Қызылорда қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің сектор меңгерушісі Нұржамал Есқараева.

Қызылорда қаласы әкімдігінің мәліметінше, қала бойынша тұрғын үйге мұқтаж 27 061 отбасы кезекте тұр.   Халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары санаты бойынша 10 309 адам кезегін күтуде. Бұл тізімді күрт көбейткен толық емес отбасылар.

Үкімет жаңа қаулыны жан-жақты қарастырды ма? Бір бағдарламадан толық емес отбасыларды алып тастағанымен, басқа бағдарламаларға қатыса алады, яғни ажырасулар мұнымен азаймайды деген сөз. Әлеуметтік жағдай қанша қиын болса да, отбасын сақтап жүрген жас отбасылар көп. Алайда әлі күнге дейін олардың баспаналы болуына қолдау білдіретін бірде-бір бағдарлама жоқ.

Гүлбану Мақажан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<