Бүгінгі ұрпақ борышы

964

0

Қазақ тарихын, оның ішінде алты алаштың ерлік, батырлық тарихын түгендеп, бір ізге түсіру үшін арғы-бергіде елдің есендігін, жердің бүтіндігін қорғаған, есімдерін халық ардақтаған қаһармандардың өмірін ыждаһаттылықпен зерттеуіміз керек. Кейінгі жыл­дары бұл орайда талай тұшымды ғылыми еңбектер жазылды. Олардың ішінде нақты деректерге негізделгендері де, ауызша аңыз-әңгімеге сүйенген тұжырымдамалар да бар. Қалай десек те, бүгінгі ел өткенін қадірлеп, тарихын құрметтеуден кенде емес. Сол тарихты парақтай жүріп, бағзы дәуірлер мен уақыт керуеніне ілесіпкеткен ірі тұлғалар Тауасар батыр Тілекеұлы мен Барлыбай хан Тауасарұлы жайлы деректердібүгінгі ұрпақтары зерттеп, зерделеп жүр.

Жуырда Шиелі ауданында қос батырдың ерлігін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен ғылыми-танымдық конференция өтті. Көкшоқыдағы «Арман» мәдениет үйінде өткен шараға елдің түкпір-түкпірінен келген батырдың ұрпақтары, ғалымдар мен тарихшылар, ауданның абыз ақсақалдары жиналды. Конференцияны Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков жүргізді.

Бүгінгі ұрпақ борышы

Алғашқы сөзді алған аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов өткенді ұмытпау – бүгінгі ұрпақтың борышы екенін айтып, ел үшін қасық қаны қалғанша күрескен батырларды, халқына қамқор болған хандарды ұлықтап, жастарға насихаттайтын осындай шаралардың көптеп өтуіне тілекші екенін жеткізді. Одан соң Ұлытау жерінен, Жезқазған төрінен келген Қазақстанның құрметті металлургы, абыз ақсақал Сұлтан Сүтбаев аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ғани Есімов және Қарағанды облысы мен Жезқазған қаласының «Құрметті азаматы», Қазақстанның «Құрметті металлургы», техника ғылымдарының кандидаты, халықаралық «Кетбұқа» қорының президенті Төлеген Бүкіров сөз сөйлеп, тарихи тұлғаларды дәріптейтін шараның қашанда маңызы жоғары екенін тілге тиек етті.

Конференция барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, тарих ғылымының докторы, профессор Тастанбек Сәтбай «Ел тірегі – Тауасар батыр Тілекеұлы» тақырыбында баяндама жасаса, қоғам қайраткері, еңбек ардагері, Дәуітбек Шабданұлы «Бағаналы тауы және Барлыбай баба» жайлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, зерттеуші ғалым, тарихшы Бақытжан Ахметбек «Барлыбай хан және Сырдағы Найман батырлары» деген тақырыпта баяндама жасап, деректі дәйектер келтіре білді. Сондай-ақ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Айтжан Оразбақов «Қазақ хандығының жоңғар хандығымен қарым-қатынасы», Ұлытау делегациясын бастап келуші Қобыланды Аппазов «Бабалар жолы – өнеге», Қызылорда қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Әзиз Батырбеков «Батыр бабалар жайлы жүргізілген ақпараттық-насихаттық жұмыстар» тақырыбында ауқымды баяндама жасап, тақырыпты аша түсті.

Бүгінгі ұрпақ борышы

Конференцияда тарих ғылымдары бойынша PhD доктор, Жезқазған университетінің доценті Қабдол Әуезов «Бағаналы Барлыбай хан және Ұлытау жерінің тарихы» және Жезқазған қаласының тұрғыны Маралхан Мажыров «Бабалар ізі» деген тақырыпта баяндама жасады.

Жалпы конференцияда қос тұлға жайлы бұрын-соңды еш жерде айтылмаған деректер, ауыздан ауызға жеткен аңыз әңгімелер, олардың ұрпақтары жайлы қызықты оқиғалар сөз болды. Жиналған жұрт тарихқа терең бойлап, батыр бабалар жайлы тұщымды ақпаратқа қанығып қайтты. Әсіресе қос батырды ұлықтап, ерлігін ел ұмытпауы үшін кент көшелеріне не елді мекендерге есімін беру туралы да конференция барысында айтылды. Бұл мәселе конференция қаулысына да еніп, Тауасар һәм Барлыбай батырларға көше атын беруге, ескерткіш орнатуға лайық тұлғалар екені айтылды. Бұл бойынша алдағы күнде де тиісті жұмыс жасалады деген сенімдеміз.

Бүгінгі ұрпақ борышы

Тарихи деректерге сүйенсек, Тауасар батыр шамамен 1660 жылдары өмірге келген. Қайтыс болған жылы белгісіз. Қазақ ұлттық энциклопедиясының ІІ томында Барлыбай ханға қатысты айтылған деректерде оның әкесі Тауасар батыр жайлы мәліметтер келтіріледі. Онда: «Барлыбай Тауасарұлы Орталық Қазақстанда Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тауасар қалмақтармен шайқаста аты шыққан батыр, анасы Гүлсім башқұрт батыры Қарасақалдың қарындасы болған» – деп көрсетілген. Мұндай мәліметтер жазушы Аппаз Қаражігітов пен Қазақстанның Құрметті геологі Сұлтан Сүтбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Сонымен қатар Тауасар батыр мен Барлыбай хан жайлы мәліметтер Ақселеу Сейдімбектің де еңбектерінде бар.

Ел аузындағы ескі сөздерде Тауасар батырдың Қабанбай батырды жау қоршауынан алып шыққаны баяндалады. «Жоңғарлармен болған бір шайқаста Қабанбай батырдың атына жебе тиіп, батыр тұлпарсыз қалған екен. Оны көрген жау жағы Қабанбай жаққа шұбыра жөнеліпті. Сонда Тауасар батыр «Қабанбай, менің атымды ал да шайқасты жалғастыр» депті. Қабанбай болса: «Жасыңыз үлкен ағасыз. Найманның сіздей батырын атсыз қалдырған маған жарамас» деп жауап қайырады. «Аға тұтсаң, артыма мінгес. Менің атым екеуімізге де жетеді» деп хан батыры атанған Қабанбайды жау қоршауынан алып шыққан екен» дейді аңыз сөзі.

2019 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары «Арқа батырлары» деп аталатын кітап шығарды. Осы еңбекте Тауасар батыр жайлы айтылады. «Осы соғысқа Қабанбай батыр түмен (он мың қол) басқарып қатысты. Ал мың сан қолдың алдына түскен Тауасар батыр алпамсадай көрінді. Алғашқы күні жекпе-жекке шыққан Тауасар айтарлықтай жеңіске жетті. Келесі күндерде Қабанбай, Тауасар Жаулыбай, Жәнібек, тағы басқа қазақ батырлары соғыста жеңіске жеткізген әскери тәсіл «Толғамаға» кірісті. Жаудың бір шетінен шабуыл жасап, қаша жүріп соғыс салу арқылы шоғырланған күшті бөлшектеп, майдан алаңынан ұзатып әкетіп әлсірету екен. Жайшылықта ақ жарқын Тауасар батыр қабағын қарс жауып ашуланғанда қарсы қарауға адам шыдамай, сескенетін. Қасына өңшең жау түсіргіш жігіттерді іріктеп алып, қалмақтарға қарсы «Сары! Сарғалдақ!» деп сүрен салып шаба жөнелді. Жаудың қалың қолын жарып өтіп, батысқа қарай бет алғанда соңынан қаптал қара тобыр қалмақтар соғыс алаңынан ұзап шыққанын білмей қалды. Қоршауға алынған қалмақтар Қабанбай жасақтарының қолынан қойша қырылды. Осы әдісті қолдану жақсы нәтиже берді. Бірнеше күнге созылған Айрантөгілгендегі соғыста қалмақтар қырғынға ұшырады. Жер аты «Қалмаққырылған» деп аталды. Бұланты шайқасы қазақ елінің жеңіске жетуінің бастамасы болды» деп жазылған.

Тауасар батыр Әбілхайыр ханмен бірге Қарақұм шайқасына да қатысқан. Елдік мақсаттағы істерді шешу үшін Ресей мен Қытайға елші болып барған деген де дерек бар. Бұл деректер Омбы архивінің негізінде жазылған Қуаныш Ахметовтің «Ұлы даланың Ұлытауы» атты кітабында келтірілген.

Қарап отырсақ, Тауасар батырдың ел үшін жасаған ерлігі ұшан теңіз. Оның өз заманының қаһарманы болғанын тарихтың өзі айтып отыр.

Тауасар секілді даңқты батырлардың елдік һәм ерлік жолы өскелең ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге болып қала бермек. Ал оның Барлыбай есімді ұлы халықтан шығып хан болған тарихи тұлға. Барлыбай батырдың тарих сахнасына шығуы – халқымыздың ХVIII ғасырдың басындағы жоңғарға қарсы ұлт-азаттық күресінде үш жүзге танылған қолбасшы батыр дәрежесіне көтерілуінен басталады. Бұл кезде оны хандарға бергісіз аса көрнекті тұлға – Шақшақ Жәнібек тархан маңайынан көреміз. Барлыбай батыр туралы ел арасында тараған әңгімелер жеткілікті. Солардың ішінен оның өмір жолынан тұжырымды мағлұмат беретін Абылай хан заманынан көл-көсір деректер қалдырған ақын Шәді төре Жәңгірұлы «Тарихат» дастанында:

«Шапырашты Наурызбай Дүр бірісі, Найманнан Барлыбай бар екіншісі. Елшіге кіші жүзден қосылды кеп, Тамадан Есет батыр деген кісі…» деп, Барлыбай батыр есімін Абылайдың Қытайға үш жүзден жасақтап жіберген елшілерінің қатарында айтады.

Бұл оқиға 1749 жылға дейін болған. Шәді төре дастанындағы мәлімет Барлыбай батырдың ел ішіндегі биік беделі мен айрықша парасатынан хабардар етеді. Ал халық ақыны Иманжан Жылқыайдаровтың «Шақшақұлы ер Жәнібек» атты ел аузындағы деректерден құралған дастанында, Барлыбайдың басқыншыларға қарсы аттанған айтулы батырлардың сапында болғандығы айтылады. Бұл дастанға 1726-1731 жылдардағы жоңғарға тегеуірінді тойтарыс берілген, жаудың бетін түбегейлі қайтарған шайқастардың оқиғалары арқау болған. Бұл – Барлыбайдың жігіт ағасы жасына жетіп, қолбасшылық дәрежеге көтерілген шағы. Сонда оның осы тұста 35-40 жастағы кезі деп болжауға болады. Осындай жорамал жетегімен зерттеушілер Барлыбай Тауасарұлы 1690 жылдардың о жақ, бұ жағында дүниеге келген деп қисынды тұжырым жасайды, оның қателігі жоқ секілді. Барлыбай батыр Тауасарұлы туралы Сегіз сері Шақшақұлы, Ахмет ишан Оразайұлы (1861-1927) шежірелерінде айтылады. Сегіз сері «Барлыбай хан» атты тарихи дастан шығарған. Барлыбайдың ерліктерін Жанкісі (Жанқиса) Басыбайұлы (1772-1849), Әбутәліп (1788-1857), Балтекей Қорғанұлы (1830-1917), Қожабай Тоқсанбайұлы (1841-1919), Мұқан Балтекейұлы (1873-1918), Тайжан Қалмағанбетов (1877-1937), Шеген Қанафия сынды ақындар жырлаған.

Ел басқару билігін меңгерген Барлыбай батыр Әбілқайыр хан өлгеннен кейін Барақ сұлтанға қарасты орта жүздегі Балталы, Бағаналы наймандардың ханы болады. Елші Барлыбайды, қолбасшы Барлыбайды халық жадында сақталған әңгімелерде хан болған дейді. Бұл деректер Қуаныш Ахметов пен Сұлтан Сүтбаевтың да еңбектерінде кездеседі. Осы еңбектерде Барлыбайдың өмір сүрген дәуірінде қалыптасқан ­саяси, әлеуметтік жағдаяттар тұрғысынан қарағанда, хан болуы мүмкін екенін айтылады.

Нақты архив құжаттары негізінде сөйлейтін болсақ, 1749 жылы 8 шілдеде Орынборға генерал-губернатор И.И.Неплюевпен кездесіп, келіссөздер жүргізуге Нұралы хан, Бөкенбай батыр, Жәнібек тархан бастаған көптеген қазақтың рубасылары мен беделді өкілдері келген. Бұл делегацияның құрамында кіші жүзден мыңнан астам, орта жүзден екі жүздей адам болған. Келіссөздер барысында И.Неплюев Жәнібекпен өте жиі және ұзақ сөйлесіп, одан орта жүзге кіретін, бұрын ақ патшаға адалдыққа ант берген рулар ішіндегі жағдайдан хабардар алып, Әбілқайыр өлгенге дейін Барақ сұлтан басқарған Бағаналы наймандарға байланысты сұрақтар қойған. Жәнібек генерал-губернаторға Барақтың қашып кетуіне байланысты наймандар өз арасынан басқа билеуші (правитель) сайлайтындығын хабарлаған. Бұл деректер белгілі тарихшы В.Я. Басиннің архив құжаттары негізінде жазылған «Россия и казахское ханство в ХVI-ХVIII в.в.» атты кітабынан алынып отыр. Конференцияға қатысқан тарих ғылымдары бойынша PhD доктор, Жезқазған университетінің доценті Қабдол Әуезов Барлыбайдың хан болғанын Неплюевке Жәнібек тарханның мәлім еткенін жеткізді.

Батыр бабаларды ұлықтауға арналған шара Шиелі аудандық тарихи өлкетану музейінде жалғасты. Кейінгі ұрпақтарына қарап салынғанТауасар батыр Тілекеұлы мен Барлыбай хан Тауасарұлының портреттері аудандық тарихи өлкетану музейіне тапсырылды. Портретті салған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Шымкент қаласының тұрғыны Қарлығаш Қансейітова арнайы келіп, музей басшысы Өсербек Төребайға салтанатты түрде табыстады. Музей директоры алдағы уақытта портреттер Сыр өңірінен шыққан батырлар қатарын толықтыратынын айтты.

Шара соңында «Баққон» мейрамханасында ата-баба рухына Құран бағышталды. Бұл жерде аудан өнерпаздары Тауасар һәм Барлыбай батырлардың батырлық тұлғасын аша түсетін «Батыр бабалар» атты қойылым қойды.

Әрісі Петропавл, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған, берісі Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларынан, тіпті ат терлетіп Ресейден келген ағайындар түгел жиналған ауқымды шара осылайша өз мәресіне жетті.

Иә, найзаның ұшымен, білектің күшімен елдігімізді сақтаған батырларымызды қалай ұлықтасақ та артық болмасы хақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<