Бүгінде Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облысы аймақтарындағы елді мекендерде денсаулық сақтау, білім, ауыл және мал шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына мамандар тапшылығы қатты байқалуда.
Осыған орай Елбасының қолдауымен халық тығыз орналасқан Түркістан, Қызылорда облысы тұрғындарын солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударуға үгіттеу, қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарды сол өңірлерден жұмыспен қамтып, оларға үй-жай беру арқылы тұрақтандыру мақсатында арнайы үгіт-насихаттық топтар жұмыс істеуде. Аталған іс-шара нәтижесінде бүгінде Түркістан және Қызылорда өңірлерінен солтүстікке қоныс аударып, тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны жылдан-жылға өсіп отыр. Олардың арасында еткен кәсіптерінен нәсіп тауып, үлкен жетістікке қол жеткізгендер де баршылық.
Міне, жылдағы дәстүрге сай өткен бейсенбі күні Солтүстік және Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарынан облыстық, аудандық жұмыспен қамту орталықтары мен ауылдық округтер әкімдері, мамандар облысымызға келіп, Байқоңыр қаласы тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізді.
ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілінің жұмысын қамтамасыз ететін басқарма басшысының орынбасары Мырзабек Демесінов төрағалық жасаған шарада делегация мүшелері Айдос Жанақаев, Меруерт Есенбаева, Салтанат Жолдыбаева, Маржан Жүсіповалар өз аймақтарының ерекшеліктері мен тапшы мамандықтар туралы әңгіме тінін тарқатты. Сонымен қатар, байқоңырлықтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптарын берді.
Делегация атынан сөз алғандар қоныс аударуға тілек білдіргендерге берілетін көмектер мен талаптарды түсіндірді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<