Бағыты айқын «Бақ-береке»

392

0

Бағыты айқын «Бақ-береке» Әлемнің қай түкпіріне барсақ та,  ең алдымен сол елдің ғажайып ғимараттарына назар аударатынымыз белгілі. Қаланың әлеуеті мен талғам биігінің өлшемі саналатын да айшықты құрылыстар.

Соңғы жылдары Сыр елі қарқынды құрылыс алаңына айналды. Бұл жергілікті құрылысшылардың шеберлігін шыңдай түсті.  Бүгінде жалпақ жұртқа танымал сырбойылық құрылыс компаниялары аз емес.

«Бақ-береке-2030» ЖШС он бес жылдан бері өңірде құрылыс қарқынына үлес қосып келеді. 2004 жылы құрылған мекеме әдепкіде «Ауыз су», «Ақбұлақ» мемлекеттік бағ­дар­­ламасы аясында облыс ау­ма­ғында сумен жабдықтау жұмыс­тарын жүргізіп, елді мекен тұрғындарының таза ауыз суға қол жеткізуіне қызмет етті. Сондай-ақ, мұнай-газ сала­сындағы кәсіпорындардың құ­ры­лыс жұмыстарын, ауыл­дарға инженерлік-коммуни­кациялық жүйелерді жүргізуге белсене қатысты. Ауылдарға су, жарық, көгілдір отын тарту жұмыстары, жерасты суларын ел игіліне пайдалану мақсатындағы игі істер басында жүрген «Бақ-береке-2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров – туған елді тү­летуге үлесім болсын дейтін азамат.

Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту Қызылорда қала­сы аумағында Белкөл кенті, Қараөзек ауылы, Титов қыстағы және облыс орталығы мен «Сырдария», «Астана», «Сәулет» шағын аудандарында жүргізілсе, бұл жұмыс әрі қарай облыстың ауыл аймақтарында жалғасын тапты. Қармақшы, Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария аудандарының елді мекендеріне таза ауыз су жеткізу қызметін мінсіз орындаған құрылыс компаниясы елдің алғысына бөленді. Мұнан бөлек, мұнай кеніштері аумағынан жер­асты суын шығарып, кәсіп­орындарға су жеткізген мекеме жұмысшыларының еңбегі ерен.

Ком­панияның Сыр құры­лысында да өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгінде талғампаз тұрғын баспана таңдауда ең алдымен ғимаратты кім салғанына мән береді. Мақтаулы мекемелердің бірі – «Бақ-береке-2030» салған үй десе, баспана іздегеннің қай-қайсысы да бас тартпайды. Компанияның басты ұстанымы да осы.

– Ең бастысы – сапа. Атқарған жұмысың ел көңілінен шығып, алғыс айтып жатпаса бәрі бекер. Құрылыс саласында бәрі мінсіз болуы тиіс. Мүлт кетсең, бүкіл еңбегің зая. Әрдайым ұжым қызметкерлеріне осыны айтып отырамын. Біздегі мамандардың қай-қайсысы да өз жұмысына мығым,– дейді мекеме басшысы Қ.Ерназаров.

Соңғы жылдары бой көтерген көпқабатты үйлердің құрылысына белсене атсалыс­ты. Құрылыс компаниясының «Самұрық-Қазына жылжымайтын мүлік» АҚ-мен бірлесіп өз қаржысы есебінен облыс орталығынан 400 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй кешенін салуы кәсіпкердің тәуекел етуі дер едік. Яғни, 400 отбасының баспаналы болуына үлес қосу – ұжымның ерен еңбегі.

Жаңа қоныс – сол жағалау­дағы құрылыс алаңына білек сыбана іске кіріскен мекеме мұнда 50 пәтерлік тұрғын үй құрылысын мерзімінде аяқтап, қабылдау комиссиясына өткізді. Сапалы әрі уақытылы орындау ұстанымынан айнымаған «Бақ-береке-2030» ұжымының өңірдегі қарқынды құрылысқа қосқан үлесі мұнымен бітпейді. Жақында облыстық стадионды қайта жөндеуден өткізуді жауапкершілігіне алған мекеме бұл жұмысты да мерзімінде тиянақты аяқтады. Нәтижесінде Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион уақыт талабына сай жаңарғанын жалпы жұрт қуана айтып жүр.

Құрылыс компаниясы Арыс­ты қайта қалпына келтіру жұ­мысынан да сырт қалған жоқ.

– Төтенше жағдайдан кейін Арыс халқына ел болып жұ­мыла көмектесіп жатырмыз. Ай­мағымыздағы «Интегрострой», «Сапақ» ЖШС-мен бір­ге 60 үйді жөндеуден өткіз­дік, – дейді Қ.Ерназаров.

Құрылыс қарқын алған Түркістан облысы орталығының сәулетіне аймақ атынан үлес қосу жұмысының басы-қасында да осы серіктестік жүр. Шығыс моншасы құрылысының бас мердігер компаниясы бұл жұмысты да сапалы орындайтынына елдің сенімі мол.

Тағы бір атап айтарлығы, бүгінде мекеменің жүздеген маманы мұнай кенішінің басында тынымсыз еңбек етуде. «ПетроҚазақстан» АҚ-ның тап­сы­рысымен кеніш ба­сында қалашық тұрғызу жауап­кер­шілігін де мойнына алған ком­пания бұл жұмысты да ой­дағыдай атқаруда. Қалашық құ­рылысы, көгілдір отын құ­бырын тарту, жол салу секілді мың сан жұмысты қолға алған құрылысшылар мұнда да білек сыбана еңбек жасауда. Ең бас­тысы, құрылыс қарқын алған жерде жұмыс бар. Бүгінде 200-ден астам адамды жұмыспен қамтыған құрылыс компаниясы әлі талай игі істің жанынан табылатыны сөзсіз.

Уақытпен санаспай, қыс суығына, жаз ыстығына қара­май еңбек ететін қолы алтын құрылысшы еңбегі қашан да сұранысқа ие. Біз қаламымызға арқау еткен Сыр бойындағы «Бақ-береке-2030» ЖШС сапалы да, сәнді құрылыс салудан әрдайым көш басында келеді. Бұл сөзіміздің бір дәлелі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыр еліне  жасаған сапарында аймақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстаса, сол марапаттың бірін Қайрат Ерназаров иеленді.

– Туған жерді түлетуде әлі талай зәулім құрылыстарды салуға атсалыссақ, Сыр өңірінің келбетін айшықтай түссек деген арманымыз бар, – деп түйіндеді әңгімесін кәсіпкер-құрылысшы.

Айналамыздағы әрбір ғимаратта жүздеген құрылыс­шының маңдай тері мен алтын қолының ізі бар екеніне мән бере бермейтініміз шындық.

Құрылысшы – құрметті де, мәңгілік мамандық!

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<