Айдай ақиқаты сол, біз мынау ежелден іргелес өзбек халқымен Құдай қосқан көрші ғана емес, қаһарлы көк түріктің шекпенінен бірге өріп шыққан бауырлас, тарихымыз тамырлас, өміріміз тағдырлас елдерміз. Дін, діл, тіліміздің түп тамыры, тіршілігіміздің нәрі – Сырдариямыз бір. Байырғы заманнан баршамызға мұра болған танымал тұлғаларымыз, рухани құндылықтарымыз заңғар жеміс ағашының мәуесіндей тағы да екі елге еншілес ортақ сыбаға.
Айтылған сөздің шындығына биыл өтіп жатқан Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында жақында біздің облыстың бір топ ардагерлерінің онда жасаған туристік сапары барысында және де көз жеткізгендей болдық. Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған бұл шарапатты шараға қамтылғандардың құрамында барлығы 41 адам болды.
Ақ самайлы ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің көрші елге саяхаты теміржол арқылы Өзбек мемлекетінің астанасы атақты Ташкент шаһарынан бастау алды. Орталық Азияның алтын алқасындай болған 2200 жылдық тарихы бар бұл қала көне һәм жаңа заманауи архитектуралық нысандарға, жасыл желекке тұнып тұр. Жүйрік поезд жолаушыларды екі сағаттың ішінде 500 шақырым жердегі әйгілі Самарқандқа жеткізіп салды. Іргетасының қаланғанына 2750 жыл толған алып өркениетті мекеннің ашық аспан астындағы, жер бетіндегі тарихи мұражайға ұқсайтынын мына жайттан-ақ аңғарасыз. Мұнда 14 ғасырда салынған Меуеренахрдың құдіретті билеушісі Әмір Темірдің мавзолейінде ұлдары Шахрух, Ираншах, немерелері Ұлықбек, Мұхаммед сұлтанның кесенелері көк мәрмәр таспен көмкерілген. Атағы алысқа жайылған Тұранның жолбарысы атанған, біздің Жалаңтөс Баһадүр бабамыз осы өлкені билеген шақта 1417-26 жылдары салдырған Регистон алаңы, Шардор медресесі, Тиллакари мешіті ғасырлар бойы көрген жұрттың көз жауын алып, сәулет өнерінің жауһары саналып, мұсылмандықтың дәнін сеуіп, имандылық пен білімге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Онда Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың немере інісі Шахизад, ортағасырлық батыр Апырасияб бастаған тұрпатты тұлғалардың 11 мавзолейі бар. Бұл жерден 12 шақырым қашықтықтағы «Дехбет» деген кешенде 45 мешіт тұрғызып, 30-дан астам іргелі ғылыми еңбектер жазған әулие Мағдум Мағзамның кесенесінде Әмір Темір, Жалаңтөспен қатар әр заманның көптеген қайраткерлері мәңгілік мекенін тапқан. Ал ғарышты зерттеуші ғұлама ғалым Ұлықбектің сонау 14-15 ғасырларда өз қолымен жасатқан обсерваториясы – ғаламдық түсініктегі ғажап дүние. Міне, осыншалықты бай тарихи жәдігерлерді қызылордалық ардагерлер шетелдік туристермен қатар емін-еркін аралап көріп, бабалар рухына тәу етті.
Дәуірлеген тұсында жеке дара дербес хандық құрған Бұқараның тарихи мұрағаттық мүкаммалдықдары да бұдан әсте кем түспейді. Жарты әлемді билеген қаһарман қолбасшы А.Македонский салдырған, сан ғасырлардың куәгері – көне қорғанның өзі неге тұрады? Бәрінен де біздің қаракөздеріміз үшін қазақтың әйгілі биі Әйтеке бабаның жатқан жері қасиетті Нұр-атаның топырағын басып тұрып, рухына тағзым ету естен кетпес ерекше әсерлі сәт болды. Қазақтың, өзіміздің Сыр бойының көптеген қарилары, діни оқымыстылары дәріс алған барша дін Исламға мәшһүр Көкілташ медресесі, осында қасиеттеп сақталған киелі Құран-Кәрімнің түп нұсқасымен танысу ілім-біліміңізді байыта түсері сөзсіз.
Жол сапарға жасалған арнайы жоба бойынша Ташкентке қайта оралған қызылордалық қариялардың мұнда да танысып біліп жадындағыны жаңғыртудың мүмкіндіктері мол болды. Бағзы замандардан бері қазақ пен өзбекке тең қызмет қылған ортақ астанамыз іспетті іргелі шаһарда біздің ұлтымыздың да тарихына, тағдырына қатысты жәдігерліктер, арғы-бергі дәуірлердегі халқымыздың қамын жеген қарымды қайраткерлеріміздің іздері қадам басқан сайын кезігетіні хақ. Бір қызығы, осы шырайлы шаһарда біздің тағы бір көреген бабамыз Төле бидің кесенесін өзбек ағайындар Қарлығаш би деп дәріптеп, ерекше ілтипатпен күтім жасап жатқандығы жерлестерімізді алғыс сезіміне бөледі.
– Сыр өңірінің бір топ ардагерлерінің мақсатты түрде, Қазақстанның Өзбек мемлекетіндегі жылы аясында туристік сапармен көрші елге жасаған саяхатында көптеген жайттарға қанықтық. Тарлан тарихымыздың тірі куәліктерін көзбен көріп, қолмен ұстап, солар жайлы бірінші нұсқадан мағлұмат алдық. Осында топырақ бұйырған бабаларымыздың басына барып, құрметімізді жасап, зиярат қылып, аруақтарына құран бағыштауымызға мол мүмкіндік туғызды. Бұл жолы туристік саяхатшы топтың құрамында аймағымыздың Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының ақсақалдары, ақ жаулықты аналары болды. Алдағы уақытта осынау игі шара жарасымды жалғасын тауып, 12-26 тамыз күндері қалған аудандар мен Қызылорда қаласының ардагерлер өкілдерінен тұратын тағы да екі топ белгілеген маршруттар бойынша Өзбекстан Республикасына сапар шегеді. сапарды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыс айтамыз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев.
Қуаныш МАХАНБЕТ,
облыстық ардагерлер кеңесі баспасөз бөлімінің меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<