Ішкі істер министрлігі елордадағы сауда-ойын-сауық орталығында болған бұзақылық фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның телеграм каналына сілтеме жасап.
Астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталығының фуд-кортында жанжал болып, қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген адамның кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталған еді.
Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, оқиға 18 маусымда болған. Астанадағы «Mega Silk Way» сауда-ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ішкі істер органдары барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетінін мәлім етті.
Еске салсақ, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов боксшы Бейбіт Шүменовтің қоғамдық орында кісіні ұру әрекетіне пікір білдірді. Сондай-ақ, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева боксшы Бейбіт Шүменов қатысқан төбелес бойынша Ішкі істер министрлігіне жүгінгенін мәлім етті.
Бұған дейін боксшы әлеуметтік желіде тараған видеодағы жанжалдың мән-жайын түсіндірген болатын.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<