Еліміздегі барлық этностардың шынайы келісім мен бірлікте тұрмыс кешуі қазақ халқының ата-дәстүрі мен кеңпейілдігі, бауырмалдылығы мен ұлттық ділінің кеңдігі екені белгілі.
Отыз жылдық белесті бағындырған Ассамблея ұйымы ел ішіндегі бейбітшілік пен бірлік идеясының берік нығаюына ерекше үлес қосуда. Тарих үшін қас-қағым кезеңде Қазақстан халқы Ассамблеясы елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің мықты тірегіне айналды. Оның басты миссиясы «Бір ел – бір халық – бір тағдыр» ұраны, ел ішіндегі татулық пен достықты насихаттау. Ырыс пен ынтымақ, бақыт пен байлық ел бірлігі, достығы бар жерде ғана болмақ. Бірлік пен келісімнің бірегей үлгісін көрсетіп келе жатқан ұйым жемісті жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қазақ – бауырмал халық. Сонау қиын кезеңдерде туған жері, елінен қоныс аударғандармен бір нанды бөліп жеп, бір атаның баласындай араласып-құраласып тіршілік етті.
Мен де Қызылорда қаласында өмірге келдім. Балалық шағым осында өтті. Мектеп бітіргеннен кейін Самарқандта білім алып, елге оралдым. Туған жерімді түлетуге атсалыстым. Қазіргі кезде зейнеткермін және өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісімін. Жас буынға ұлттық салт-дәстүрді білуге, отансүйгіштік пен толеранттылық рухта тәрбиелеуге үлес қосудамыз.
Татулық пен бірліктің, ынтымақ пен жасампаздықтың ордасына айналған Сыр бойында түрлі этнос өкілдері өмір сүріп келеді. 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамлеясының 20 жылдығына орай «Достық үйі» ашылды. Онда 11 этномәдени бірлестік бар. Өзбек этномәдени бірлестігі 1994 жылы құрылған. Содан бері жүйелі жұмыс істейді. Қоғамдық, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, түрлі бағыттағы акцияларға атсалысып келеміз. Мұндағы әрбір орталықтың жұмысы жылдан жылға жандануда. Біздің ең басты міндетіміз – туған елімізді шын жүректен жақсы көріп, құрметтеу.
Манзура АБДУГАФАРОВА,
облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің жетекшісі





