Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова 2020 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары бойынша халық алдындағы есепті кездесуін карантин талаптарына орай онлайн түрде өткізді. Еліміз бойынша карантиндік шектеулер енгізілген қиын кезеңде басшылыққа келген облыс әкімінің бір жыл ішінде атқарған ауқымды жұмыстарын аймақтың әр саладағы даму көрсеткіштерінен де аңғаруға болады. Әрине, оның бастысы – халықты індет қаупіне ұрындырмай, бекем бірлікпен ерен тірлік жасау болғаны шындық.
«Ұлтымыздың ұлы ақыны, дана Абайдың «Бейнет көрмей, дәулет жоқ» деген кемеңгерлік қағидасына сүйеніп, барша халықтың берекелі бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында бұл қиындықты да еңсере білдік», – деді осыған орай облыс басшысы.
Сонымен бірге аймақ басшысы облыс экономикасындағы кейбір көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, Үкіметпен жасалған меморандум бойынша өңірге инвестиция тарту 230 млрд теңге болып белгіленсе, бұл көрсеткіштің 27 процентке артығымен орындалып, 292 млрд теңгеге жеткенін баян етті.
Өткен қаңтар айындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының экономикалық күрделі жағдайын ескеріп, Үкіметке қолдау көрсетуді тапсырғанын білеміз. Осындай қолдауға ие болудың өзінде облыс әкімінің беделі мен табанды талаптарының жатқанын айтуымыз керек.
Үлкен жетістіктер мен нәтижелі жұмыстардың локомотиві – ауызбіршілік пен сенім. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының бастамасымен құрылған «Birqemiz!» қорынан көлемді қаржы бөлініп, халыққа материалдық көмек көрсетілді. Мұның өзі халықтың бірге болғанда жеңіске бірге жетеміз деген сенімін нығайта түсті.
Біз, ардагерлер, облыс әкімінің іс-қимыл жоспарының жүзеге асуы үшін ел ішіндегі бірлікті сақтап, ағайынның айрандай ұюына үгіт-насихатымызды жүргізе береміз. Қазыналы қарттар – қашан да елдің темірқазығы. Алдыңғы толқынның сол абыройын аймағымыздың игілігіне жұмсаймыз.
Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<