Әдетте, адам баласының өмір сүру кестесін күннің шығуы мен батуына теңеген атам қазақ 60 жасты – талтүс деген. Атақты заңгер, академик Салық Зиманов өткен өміріне шолу жасай келе былай деген екен: «Елу жаста өзімді тани бастадым, алпыс жаста ақылым кіре бастады, жетпіс жаста аспанмен тілдесе бастадым – бұл батырдың жасы емес, бидің жасы екен. Жетпіс жаста көңілім өзгерген жоқ, көйлегім өзгерді, сексен жаста дүнием өзгерген жоқ, күйім өзгерді, құлдық дедім, бірақ құл болмадым», – деген екен.
Бүгінгі сөз еткелі отырған Сыр елінің біртуар азаматы жаны жайсаң, үлкен жүректі, білім мен ғылымды тең ұстап жүрген Әсет Мырзаханұлы бауырымыз, академик ағамыз айтқандай, ақылы толықсыған 60 жасқа толып отыр. Өмір жолына зер салсақ, ол 1958 жылы Сырдария ауданының С.М.Киров атындағы (қазіргі Ж.Маханбетов ауылында) ұлағатты ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Мырзахан ағамызбен анасы Рыскүл бас қосып, өмірлерін ұзақ жылдар бойы шәкірт тәрбиелеуге арнаған аймаққа танымал ұстаздар болды. Өмірдің болашағы оқу-білімде екенін бойына сіңіріп өскен Әсет 1976 жылы орта мектепті бітірісімен Қазақтың мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына (қазіргі Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) оқуға түседі. Жастайынан Сырдың сұлу табиғатымен таныс, егіншілікке жақын әрі бейім өскен Әсет мамандық таңдауда да көп ойланбай, институттың агрономия факультетін қалады. Институт қабырғасында жүріп жақсы оқып қана қоймай, студенттік-ғылыми конференцияларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз болып, өзінің білімге, ғылымға деген құмарлығын сол кезде-ақ таныта білді.
Жоғары оқу орнын бітірген соң ата-анасына қарайлап, жолдаманы туған жеріне алған болатын. Сондағы ойы облыс орталығындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтына орналасып, инемен құдық қазғандай қиын сала – ғылыммен айналысу еді. Оның бұл арманы бірден іске аса қойған жоқ. Алғашында басқа салада қызмет етуге тура келді. Арада 2-3 жылдан кейін аталған институтқа жұмысқа ғылыми қызметкер болып тұруға мүмкіндік туды. Оның ғылымға деген құлшынысының одан әрі ашыла түсуіне осы институттың қабырғасын қалаған бір топ ғалымдар: Қ.Әлімбетов, Х.Рамазанов, Ә.Құрамысов, С.Рамазанова, Г.Верещагин және К.Жайлыбайдың еңбектері оң әсерін тигізді. Әсіресе, лаборатория меңгерушісі Х.Рамазановтың орны ерекше болды.
Ғылымда жүріп алған білімін, жинақтаған тәжірибесін жас жеткіншектерге беру мақсатында 1991 жылы Ы.Жақаев атындағы агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтына (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) қызметке ауысып, 2015 жылға дейін абыроймен еңбек етті. Университет қабырғасында жүріп аға оқытушылық қызметтен кафедра меңгерушісі, факультет деканы, сырттай оқу бөлімінің деканы лауазымына дейін көтерілді. Әсет Мырзаханұлы университет қабырғасында шәкірттерге білім бере жүріп, өз білімін жетілдіруді бір сәтке де ұмытқан жоқ. Айталық, 2010 жылы Микробиология және вирусология ғылыми-зерттеу институтында «Арал өңіріндегі суармалы егіншілік жағдайында жаздық бидай өнімділігінің агроэкологиялық және морфофизиологиялық ғылыми негіздемесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғап шықты.
Белгілі ғалым Ә.Тоқтамысовтың 90-нан аса ғылыми-педагогикалық еңбегі жарық көрген, оның ішінде 1 монография, 7 оқу-әдістемелік құралы бар және ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау, ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу, шетелдік ғылыми орталықтары мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізу барысында 4 ұсыным әзірледі. Сондай-ақ, ол «Экология» мамандығы бойынша 1 ғылым кандидатына, 9 магистрлік және 2 докторлық (PhD) диссертациясына жетекшілік жасады.
Әсет Мырзаханұлының ғылым және білім саласына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте Елбасының Алғыс хатымен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» төсбелгілерімен марапатталған.
Ол өз ортасында әріптестеріне әділ, достыққа адал, ағайынға қамқор болып, әркез салиқалы ой, сабырлы көзқарас білдіріп, барлық істі сана сарабына, тәлім таразысына салып, білікті, білімді тұлғаға лайықты байсалдылық таныта білетін азамат. Ол – отбасына да үлкен қамқорлықпен қарайтын мейірбан әке. Бүгінде зайыбы Мираш екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырған құрметті ата-ана.
Адам өмірінің абыройлы белесі – 60 жасқа келген Әсекеңдей азаматтың ғылымда ашқан жаңалықтары бүгінгі ұрпаққа азбайтын азық болары сөзсіз.
Құрманбек Бәкірұлы,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы,
Камалдин Шермағамбетов,
ҚР АШҒА
корреспондент-мүшесі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<