Белгілі ақын Олжас Отармен кездесу өтті

696

0

Белгілі ақын Олжас Отармен кездесу өтті Мемлекеттік кірістер департаментінде ерекше жүздесу өтті. Кездесу қонағы – Сыр өңірінде қызметтік іссапарда жүрген айтыскер ақын, көпшілік сүйіп тыңдайтын танымал әндердің авторы Олжас Отар.

 «Қайырға біткен шынармын, Толса күнім сынармын. Қайда жақсы бар десе – Қауышқанша құмармын» деп  Балқы Базар айтқандай, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бас сарапшысы Олжас Асангелдіұлымен кездесуге асыққан қызметтестердің үміті ақталды.  Әдемі өлең оқылып, әсерлі сұқбат өрбіді.

 «Ауырмайды жүрек», «Жылдар мен жолдар», «Ана-Әке», «Шыда жүрек» әндері қалың тыңдарманның талғамына сай келген, ондаған өлеңдері сыршыл ән болып айтулы әншілердің танымалдығына үлес қосқан әріптесіміз өлең әлемінің өз ерекшеліктерін сөз етті. Шабытты қозғайтын жағдайлар мен сәттер, өзі қалам тартатын  тақырыптар, тарифтер мен талдаулар арасынан өлең туындауының себептері жайлы сыр қозғады. Әңгіме сайын  өлең өрілді.

  Қазақ жұртына айтыспен танымал болған Олжаспен кездесуде, әрине, домбыра да күмбірледі. Алдымен «ауылдың алты ауызы» айтылды. Облыстың мемлекеттік кірістер органының тәжірибелі тәлімгер маманы, ерекше қоңыр дауысты әнші Аманжол Мыханов «Дариға дәуренді» шарықтатты. Ал төр иесі «қонақ кәдеге» бірнеше айтыс кездесулерінен шолу жасады. Қызылордалық мемлекеттік кірістер департаментінің ұжымына тілегін әуенге қосып, төгілтті.

 Әріптестер бір серпіліп қалды. Жиналған  көпшіліктен тілек те аз болмады.  Жыр мен әнге құмартқан жандар үшін қырық минут өте шықты. Алайда, бұл  әріптестікті нығайтқан кездесу болды. Әр көңілде әдемі ән мен әсер қалды.

Б.Орданова,

Қызылорда облысы бойынша

Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<