БЕСАРЫҚТА ЖАҢА КӨПІР

565

0

БЕСАРЫҚТА ЖАҢА КӨПІР Сырдария ауданындағы тірек­ті ауылдың бірі Бесарық елді мекенінде жаңа көпір пайдалануға берілді. «Жаңадария» каналына салынған көпірдің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Сауапты іске үлес қосқан жандарға алғысын білдірген облыс әкімінің орынбасары ауылдың даму қарқыны жоғары екенін атады.
– Сырдария ауданында соңғы бес жыл­да жасампаз жұмыстар ат­қарыл­ды. Ай­мақ басшысының қолдауымен аудан орта­­лығы мен барлық елді мекендерде жаңадан әлеуметтік нысандар бой кө­терді. Биыл 90 жылдық мерейтойын атап өткен сырдариялықтар үшін маңызды стратегиялық нысан берілді. Көпірдің пайдалануға берілуі елдің несібесін арттырады, қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Өз кезегінде Астана қаласы әкі­мінің орын­басары Е.Аманшаев елордалықтардың сәлемін жеткізіп, аудан жұртшылығына табыс тіледі.
Жаңа көпірдің лентасы қиыл­ғаннан кейін ауыл­шаруашылық өнімдері тиелген жүк көліктері арнайы жүріп өтті.
Бұдан соң мәртебелі меймандар Бесарық ауылының тыныс-тір­ші­лі­гімен танысты. Ауыл әкімі Н.Жүсіпова және «Абай-Дәулет» ЖШС ди­­ректоры М.Сәрсенбаев орталық алаң­­ды абаттандыру, жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандарды көр­сетті.
Тіректі ауылдағы көз тоярлық тірлікке қонақтар тілектестігін білдірді.
Ауылдық мәдениет үйінде «Әжелер» ансамблінің өнерін тамаша­лап, қолөнер бұйымдарының көрмесін көрді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<