Бетпердеңді бере тұршы…

2079

0

Сауда орнына кіріп бара жатқан келіншекті күзетші тоқтатты. «Тәте, бетпердесіз кіруге болмайды» деп ескертті. Келіншек ұзай қоймаған жолдасын атын атап шақыра бастады. «Мұнда бетпердесіз  кіргізбейді екен» деді де жолдасының бетіндегісін киіп жөнелді. Бұл әрекетті қаншама адамдардан көріп те жүрміз. Сонда кім үшін? Денсаулық кімге керек? Дәрігерлер карантин кезінде бетперде тағып, қолғап киіп, антисептикті жанымыздан тастамауды ұдайы  ескертуде. Дегенмен, құлақ асып жатқандар санаулы. Бір реттік қолданған масканы кез келген жерге тастап кету де ґдетке айналған.

Қазір қоғамдық орындарда, көліктерде бетпердемен жүру міндеттелген. Тақпағандар айыппұл төлейді. Көпшілік орындарда «Маскасыз кіруге болмайды» деп тайға таңба басқандай жазып қойған. Алайда, көпшілігіміз бұл ережеге бағына бермейміз. Салғырттық танытып, бейжай қараймыз. Оған мына оқиға дәлел. Қоғамдық көлікке мінген 30-дан асқан азаматқа кондуктор «бетперде тағып ал» дегені сол еді, жас жігіт шатынап шыға келді. «Өз денсаулығыма өзім жауаптымын. Бір жапырақ мата вирустан қорғай ма? Мұның бәрі де бос сөз» деп дүрсе қоя берді. Кондуктор алған бетінен қайтпай көлікті тоқтатып, жігітті түсіріп жіберді. «Ол жауапкершілікті сезініп тұрған жоқ. Жақындары мен ортасын ойлауы керек емес пе?» деп біразға дейін ашуын баса алмады. Қарап тұрсаң, бұл кісінің де сөзі орынды, жаны бар. Мұндай жаңсақ пікірге жол берілмеуі тиіс. Кейде  бір жерге бара жатып, есіктегі  ескертпе қағазға қарап маска тағып жатамыз. Қазір қолдорбада бетперденің қанша түрі бар. Оны белгілі бір орынға бара қалған жағдайда ғана жалма-жан шығарып, тағып аламыз. Біздің денсаулығымыз­ға өзгелер жауапты секілді. Осындай жансақ пікірлер көбейген де, індет жасы мен кәрісін де құрығына іліктіріп жатқан кезде – алаңдауға негіз бар.

Жақында жүргінші жолында жасы 60-ты алқымдаған азамат кетіп барады. Бетперде тақпаған. Әңгімеге тартып көрдім. 

– Көке, неге бетперде тақпағансыз? Індет өршіген уақытта қауіп басым. Сіз секілді егде жастағы адамдарға бетпердесіз жүруге болмайды, – дедім.

–  Әлгіні вирустан қорғайды дегенге сенгім келмейді. Бизнес жасау­шылардың әрекеті секілді. Бас­тысы, салауатты өмір салтын ұстану керек, – деді кейіпкер.

Міне, бұл – қазір қоғамда қалыптасқан жағдай. Күнделікті өмірде кездесіп жатқан құбылыс.  Түсінігімізде әлі де болса босаңсу бар. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп бекер айтылмаған. Жалпыға ортақ жауапкершілікті сезіне білмегендер өзгелерге кесірін тигізуде.

Әлемді жайлаған індет тарала бастаған кезде маска табу да қиын болды. Бағасы шарықтап кетті. Содан қолдан тігуге көштік. Тігін шеберханалары мен цехтар тапсырыс қабылдай бастады.  Наурыз айында төтенше жағдай енгізілген кезде біршама кәсіпорын жұмысы тоқтады. Алайда, тігіншілердің жұмысы еселенді. Індеттің алдын алу мақсатында олар қайырымдылық шараларына атсалысып, тегін де таратты. Бағасы да көңілге қонымды.  Сән әлеміндегі белгілі дизайнерлердің өзі бетпердені түрлі стильде тігіп, сатуға көшті. Айта берсең оның жыры көп.

Мұның бәрі неге айтылып отыр? Көзбен көріп, құлақпен естіген жағдайлар түрткі болды. Әзірге біздің қолымыздан келетіні, бетперде тағып, сақтық ережелерін ұстану жолдары ғана. Шындығында, бетпердені ойланып жатқан адам тапқан жоқ. Алғашқы бетперде құс тұмсығы секілді үшкір, іші емдік шөптерге толы болды. Уақыт өте келе заман ағымына сай түрлі медициналық мас­калар шыға бастады. Мұны таққанда кәдімгідей аурудан қорғанып, індет бәсеңдеп, пайдасы іске асқан.

Расында, біз мән бермейтін дүние­нің адам денсаулығы үшін маңызы зор. Сондықтан жаныңыз­дан бетперде тастамаңыз. Жақыныңызға жанашыр болыңыз.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<