Биік бейне

359

0

Фото: автордан

Биыл Сыр елінің атақты күрішшісі, қазақ халқының қайраткері, ғасырдың Батыр анасы, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекованың туғанына 90 жыл. Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Өнегелі өмір иесі» атты еске алу кеші өтті.

Шараға қоғам қайраткерлері С.Аңсат, Ә.Хож­банов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, Сәлима Жұмабекованың ұл-қыздары мен жақындары, жастар қатысты. Кеш қонақтары шараның маңыздылығына кеңінен тоқталып, еңбектен бақыт тапқан Батыр ана жайында естеліктер айтты. 

 Жиналғандар «Ғасырдың батыр анасы» атты кітап көрмесін тамашалады.

Одан әрі шара «Анаға тағзым» орталығында дән падишасына арналған «Адал еңбек. Асыл ана» рухани-танымдық кешке жалғасты.

Алдымен ерен еңбек иесі С.Жұмабекованың өмір жолына арналған бейнеролик тамашаланды. Қоғам қайраткері Б.Еламанов Батыр ана туралы жылы естелігімен бөлісті. Еңбек адамының қоғам үшін, ел үшін алатын орны қашанда ерекше екеніне тоқталды.

Мұнан кейін еңбек ардагері, ізбасары, ІІ,ІІІ дәре­желі «Еңбек даңқы» ор­де­нінің ие­гері Бибігүл Әбішева мен ҚР «Үздік дәрі­гері», Қар­мақшы ауда­ны­ның құрметті аза­ма­ты Қалдыгүл Бәлібаева сөз сөйледі.

Кез­де­суде Батыр ана­ның қызы, фи­ло­лог, «Қазақ ана­лары – дәс­түр­ге жол» РҚБ Ал­маты облысы филиалының бас­шы­сы  Ләйле Но­ғайқызы анасы жайында әдемі естеліктерімен бөлісіп, еңбекпен қатар тұрмыстың да қиын­дығын қатар көрген ана өмірінен перзенттік жүрекжарды естелігін жеткізді.

Кеш барысында «Туған жердің дарабозы», «Сыр сұлуы» сынды ән-жыр орындалды. Студенттер мен оқушылар арнау өлеңдерін оқып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Одан әрі шара А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде жас ақындардың жыр мүшәйрасына ұласты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»