Білім мен еңбектің жоғары бағасы

155

0

Өткен апта соңы жыл бойы ел болашағы үшін аянбай еңбек еткен білім саласы қызметкерлері үшін жағымды жаңалыққа толы болды. Облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен өткен білім беру ұйымдары арасындағы жыл үздіктерін анықтау рәсімі Арал өңіріне де ақжолтай хабар әкелді. Атап айтқанда, жыл қорытындысы бойынша Арал индустриалды-техникалық колледжі «Үздік білім беру ұйымы – 2025» номинациясына ие болды.

Марапатты облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек  Есжанов пен кәсіподақ коми­тетінің төрағасы Гүлнар Есқалиева  колледж директоры Рақым Айназаровқа  салтанатты түрде табыстады.

Бұл жоғары баға – колледж ұжымының білім беру сапасын арт­тырудағы жүйелі жұмысының, жұмысшы мамандықтарының беде­лін көтерудегі табанды­лығының және әлеуметтік серіктестермен тиімді әріптестігінің нақты нәтижесі.

Бір ғасырлық тарихы бар оқу орнында өндіріс пен теорияның сабақтастығы дәстүрлі түрде жүзеге асып келеді. Кәсіби құзыреттілікке негізделген білім сапасы – табысты болашақтың кепілі. Осы мақсатта Арал индустриалды-техникалық колледжі өндірістік мекемелерімен тығыз байланыс орнатып, білім мен тәжірибені ұштастырған алтын көпір қалыптастырды. Бүгінде колледж 23 жеке әлеуметтік серіктестікпен ынтымақтастықта жұмыс атқаруда.

Сонымен қатар «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған «Жол картасы» аясында республика көлемінде 11  техникалық және кәсіптік білім беру орнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл – колледждің еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау жолындағы қажырлы еңбегінің айқын дәлелі.

Алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті мамандар даяр­лаудағы жұмыстар жалғасын таба бермек. Ал білім беру ұйымының әрбір жетістігі – тұтас колледж ұжымының ортақ жеңісі. Бұл жеңістің артында ұстаздар еңбегі, сала мамандарының кәсібилігі тұр. Колледж ұжымының берекелі бірлігі, тынымсыз еңбегінің нәти­жесінде қол жеткізген толағай табыстары мен жоғары жетістік көрсеткіштері үшін берілген марапат ұжым бірлігін бұдан әрі нығайтып, алдағы жылға жаңа серпін берері сөзсіз.

Гүлшат МИРМАНОВА,

Арал индустриалды-техникалық колледжі

директорының оқу жұмыстары

жөніндегі орынбасары