Білім – қазына қоймасы

92

0

Ерте заманнан бері халқымыз білімді жандарды, сондай-ақ ұстаздарды төрге шығарып, мерейін өсіріп отырған. Алдынан жолай ұстазы шыға қалса иіліп сәлемдесіп, құрметпен ізет білдірген. Әрдайым жол беріп, сөз сөйлеген шағында бүкіл жұрт оларды бөлмей тыңдаған. Осындай ағартушылардың ерен еңбегі мен маңдай терінің адал екендігін ұғынуға міндеттіміз.

Баланың сауатты, тәрбиелі болып өсіп, ел иігілігі жолында жұмыс істеп жүргенін ұстазының сапалы білім беруінің арқасында деп тұжырымдаған абзал. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала үшін білім нәрін құйған алғашқы ұстаздың орны әрқашан да ерекше. Білімнің бастапқы іргетасы қалай қаланса, баланың кейінгі өмір жолы солай болады. Бастауыш сыныпта баланың деңгейі жоғары болса, мектепті озат бітіруіне де ұстаздар себепші. Демек, ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

«Мен қай заманда болса да, сәби шағымыздың тәрбиешісі – мұғалім алдында бас иемін» деп Ә.Тәжібаев атамыздың сөзінен-ақ аяулы жандарға деген құрметтің қандай болғандығын аңғарамыз. Қазіргі таңда да ұстаз бен шәкірттің арасындағы бірлестіктің мықты жүйеге қалыптасуы қуантарлық жайт. Заманның дамуына байланысты түрлі шараларға оқушыларды бейімдеген мұғалім әрқашан бала көңіліне ыстық болып көрінеді. Жеткен жетістігі үшін өзі де бірге қуана алса одан әрмен ынталы болуға тырысады. Бұл да «ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің растығы.

Ахмет Иугінеки «Білімсіз мың кісіден білімді бір кісі артық» деп жазып кеткен екен. Расымен де білімі жоқ адам еш нәрседен хабары жоқ болып, өмірі құр босқа өтеді. Ал білімді жан бір ғана оқумен шектеліп ғана қоймай өз ойы мен санасын жетілдірумен айналысады. Сол үшін білімсізден құр сөзді естігенше, білімдіден білмеген үйренген он есе артық.

Қорыта келгенде ұстаздардың еңбегі мен рөлі адамзат тарихында ұшан-теңіз. Олар білім мен тәрбие арқылы шәкірттерін болашаққа бағыттап, үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі. Мұғалімнің ардақты қызметі ешқашан ұмытылмайды, себебі ол болашақ ұрпақтың тағдырын қалыптастырып, қоғамның дамуына зор үлес қосады.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөздің мәнін терең түсінген әрбір шәкірт өз ұстазына құрмет көрсетіп, оның берген білімін өмірде қолдануға ұмтылады. Сол себепті ұстаздарға деген құрмет ешқашан төмендемей, үнемі өсе бермек.

Білім мен тәрбие беру ісі адам баласының жоғарғы құндылықтарының бірі болып, мұғалімнің адал еңбегі мен маңдай терін үгіп төгіп жасаған жұмысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қоғамда мәңгілікке орныққан.

Қарақат ЫДЫРЫС,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3 курс студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<