Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Ақорда» резиденциясының алдында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті.
Биыл ұлттық мереке ретінде қайта жаңғырған Республика күнін ел көлемінде атап өту осындай салтанатты шарамен басталды. Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өңірлерде де жалғасуда. «Бір тудың астында» атты жалпыұлттық патриоттар акциясына сырбойылықтар да үн қосып, шараға айрықша әсер сыйлады.
«Рәміздер алаңы» аумағында өткен шараға 2000-нан аса тұрғын келді. Зиялы қауым өкілдері және аймақтық құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді жастар көпшілікті отаншылдық сезімге бөледі.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада бастау алған патриоттық акция Сыр елінде қолдау тапқанын атап өтіп, жерлестерін атаулы мейраммен құттықтады.
Жиын барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметкерлер салтанатты түрде ант берді.
Ұлттық мерекеге арналған жиын патриоттық әндер мен авто, мотошерумен аяқталды.
Айта кетейік, бүгін Республика күні аясында мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылып, қала, аудандарда түрлі әлеуметтік нысандар ашылды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<