Біргеміз!

1617

0

Осыдан тура 12 ай бұрын Волонтерлар жылы ресми ашылған еді. Бұл кезең оңай болмағаны анық. Еріктілердің күнделікті жүгінің өзі жеңіл емес-тін. Ал, пандемия қауіппен қоса жауапкершілікті де арттырды. Дегенмен, біз дәл осы жылы бірге екенімізді, біріккенде ғана мықты екенімізді көрсеттік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлар жылының қорытынды рәсімінде мұқтажға демеу, қиналғанға тіреу болған жандардың осы еңбегін ерекше атап өтіп, алғыс білдірді.
Шынында, біз биыл адамгершілік құнды­лықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті. Сондықтан, Волонтерлар жылының дәл биыл өтуі уақытылы және орынды болғаны сөзсіз.


Өңірде де бұл қозғалыс ерекше қарқынмен дамыды. «Syr Volonterlary» орталығы құрылды, бұдан бөлек Жастар ресурстық орталығы жанынан «Волонтерлардың фронт-офисі» жұмысын бастады, аудандардағы еріктілер 7 бағыт бойынша игі істердің ұйытқысы болды. Олар тұрғындарға шамамен 41736 дана бетперде, 10 000 үнпарақ пен 1000-нан астам антисептикалық құрал таратты.

Орталық жанындағы әлеуметтік дүкен де жұмысын жаңаша бағытта жандандырды. Ондағы қор қаладағы қолы ашық тұрғындардың көмегімен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен толықты. Оның ішінде қала дәріханаларында бастапқы уақытта тапшы болған парацетамол, С витамині, дексаметазон, дисоль, натрий хлорид, эуфиллин, тағы да басқа препараттар болды. 2 аптаға жалғасқан қайырымдылық акциясында 200-ден аса дәрі-дәрмек үлестірілген. Ал, оны таратуда автоволонтерлар қозғалысының септігі зор.


– Пандемиямен күрес кезінде орталық тарапынан қажетті шаралар қолға алынды. Игі істерде Сыр еріктілері фронт-офисінің үлесі бар. Олар тегін дәрі-дәрмектерді жеткізіп, 55 оттегі баллонын толтырып, ауруханаларға тасымалдады. Қуантарлығы, өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілер қатарының артқаны. Автоволонтерлар көбейді. Олардың ішінде Темірлан Жұбан, Данияр Шеров, Сағатбек Сиюов, Бақытжан Жақсылық секілді жақсылыққа ұмтылған жастар бар, – дейді «Волонтерлар фронт-офисінің» жетекшісі Болатбек Айтбенбетов.


Онлайн оқыту ептеп енген тұста смартфон, компьютерге сұраныс едәуір артты және оның бағасы да айтарлықтай шарықтай түскен еді. Ал, оны екінің бірінің қалтасы көтермейді. Бұл ретте де жастар тындырымды іс қылуды шешті. ІТ паркпен, қаладағы волонтерлар қозғалысымен бірлесе.


– Ешқандай артық шығынсыз қала тұрғындарының көмегімен бүгінде 150-ден астам компьютер қайырымдылық негізде жинақталып, жарамдысы қажетті жөндеуден өтіп, оның 50-ден астамы мұқтаж отбасыларға таратылды. Егер одан бір ақау табылса, мамандар қолдан келгенше қайта қарап, кем-кетігін келістіруге дайын, – дейді мамандар.


«Он адам жүрген жерде – із, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» деген. Осылайша, жүзіне мейірім ұялаған еріктілер әлі де бірталай істің басынан табылуда. Жақында Волонтерлар жылының ресми жабылу салтанатында олардың еңбегі ескерілді. «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын өңіріміздегі 3 еріктінің еншілеуі – соған дәлел. Осы тұста игі бастамалардың басында жүрген 1000-ға жуық аймақ волонтерларының еңбегін атап өту керек. Оның ішінде жомартжанды кәсіпкерлер қауымы да бар.


Бастысы, еріктілер мәртебесі тасада қалған жоқ. Президент волонтерлық жұмыс еңбек өтілі болып есептелетінін айтты. Сондай-ақ, ерікті студенттерге қосымша стипендия беріледі. Осыған орай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінді, әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде. Бұл – тек осы жылда атқарылатын жұмыстар емес, ел еңсесін көтеруге асығатын еріктілер әлі талай бастамалардың жанынан табылары анық.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<