Өткен жылдың қазан айында Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және швейцариялық Harvest Agro компаниясы арасында агроиндустриялық кластер құру туралы үшжақты Негіздемелік келісімге қол қойылған болатын.
Келісім бойынша компания аймақта ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. Бұл – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен жоғары тиімді технологияларды енгізу стратегиясының бір бөлігі. Аумағы 23,5 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру, қайта өңдеу жоспарланған. Жоба құны 51 млрд теңге, іске асыру барысында аймақ тұрғындары үшін 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірінші кезең биыл басталады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 8,5 мың гектар суармалы жер игеріліп, тұқым өңдеу зауыты салынады. Екінші кезеңде егіс алқабы екі еселеніп, қайта өңдеу қуаттылығы жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізілмек. Жыл сайын шамамен 42 мың тонна техникалық қарасора, 70 мың тонна жүгері және 20 мың тонна соя өндіріледі. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетін арттыруға айтарлықтай үлес қосады.
Harvest Agro компаниясы 6 мың гектар жер учаскесін тегістеп бітіріп, 8,5 мың гектар жерді тегістеуді бастады. Қазіргі уақытта 110 техника, 15 жаңбырлатып суару жабдығы орнатылуда, жұмысқа 200 адам жұмылдырылған. Сонымен қатар, центрпивотты жаңбырлатқыш машиналар қолданылады.
Еске салайық, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш алқаптарын кезең-кезеңімен қысқартып, суармалы суды аз қажет ететін дақылдарға көшу жұмыстары басталды. Осы бағытта жүгері егістігінің көлемін ұлғайтуға басымдық берілуде. Өткен жылы жүгері 1700 гектарға егілсе, биыл 10 мың гектарға жеткізілмек.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы Сырдария өзенінің су ресурстарына тікелей байланысты. Өңірдің ауыл шаруашылығының дәстүрлі бағыты – негізгі және стратегиялық маңызы бар күріш дақылын өсіру. Ал әртараптандыру жобасы су ресурстарын тиімді пайдалануға, заманауи суару технологияларын енгізуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар су тапшылығының алдын алып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі





