Әуелі қорғанып алайын, Сәбиттің ерлігі, өмірін өзгеге арнай алатын адамның болуы жүрегімізді жылытқаны рас. Азаматқа ризамыз, мен сол секілді батыл қадамға барар ма едім, белгісіз. Сондықтан мен де миллиондармен бірге қызылордалық қара балаға бас идім. Қандай құрметке де лайық, деді журналист Нұрбек Әмиша өзінің Facebook әлеуметтік желі парақшасында.
Енді сәби туралы.
Үш жасар бөпе екен. Неге терезе ашық тұр? Ол неге салбырап тұр? Оны ата-анасы неге қараусыз қалдырды? Неге «бала қорғау» құрылғысы орнатылмаған? Ата-ананың моралдық және заңдық жауапкершілігі қайда? Сол күні үйде кім болды немесе болмады?
Қысқасы, сұрақ көп және бұл пост біреудің өмірін талқылау емес, бармақтай баланың басындағы жағдай біраз адамға қатысты екенін айту үшін жазылды. Зерттеушілер осы оқиғаны негізгі обьектив қылып, мәселені әр қырынан зерттеп тастаса тіпті жақсы. Бірақ біз тек сол күнгі эмоциямен, құтқарушыны құрметтеу дүрмегімен ғана шектелеміз.
Енді шетелдегі зерттеу туралы
Әміриканың Чикаго деген қаласында терезеден құлаған сәбилер туралы ғылыми мақаланы оқыдым бүгін. Зерттеушілер 1995-2002 жыл аралығындағы болған осындай оқиғаларды талдапты травматология орталығымен бірлесіп. Демографиялық өсім, құлаудың себептері және бүлдіршіндердің қандай жарақат алғанын тәптіштеп тексеріпті.
Нәтижесі мынадай: осы уақыт аралығында әртүрлі себеппен терезеден құлаған 90 баланың 55-і – ер бала. Балалардың 98 пайыз 3-інші және одан төменгі қабаттан құлаған (құрылыс сипатына орай біздің елде басқаша болуы мүмкін). Көбінің басы жарылған. Үшеуі қайтыс болған. Терезеден ауып түскендердің орташа жасы – 2 жас екен.
Зерттеу нәтижесінде 23 пайызында терезе маңында керует пен төсек орналасқан, ата-аналардың айтуынша, 53 пайызында ата-аналар бала құлаған кезде үйде болған, 13 пайызында балаға бұл үйде тұрмайтын жасөспірімдер қарап отырған, 2 пайызында туыс-туған, баланың аға-тәтесі болған үйде. 1 пайызы бақылаусыздықтан құласа, 31 пайызында үйде кім болғаны құжатталмапты.
Зерттеуге сай, балалар негізінен жазда құлаған және оқиғалар түскі уақыт пен 18.00 арасында болған.
Мәселеге бей-жай қарай алмаған белсенділер Нью Йоркте Children Can’t Fly (Балалар ұша алмайды) деген ұйым да ашып тастаған ғой. Олар терезеге қағатын темір тор таратып, балаларды қалай қорғау керектігі жөнінде айтып берген. Сол арқылы ереже шығарылып, Чикаго әкімдері пәтер иелеріне терезеге бала қорайтын құрылғы орнатуға үндеген халықты. Соның арқасында бұндай оқиға 96,3 пайызға қысқарған.
Бір ғана мысалдан тоқсан тоқсан түрлі түйін жасауға болады.
Заң жағынан алсақ, ҚР «Неке және отбасы туралы» заңының 70-бабы бойынша ата-аналар өз баласының денсаулығына қамқорлық жасауға мiндеттi. Осындай құқықтық міндетіміз бар екенін де ұмытпайық)
P.S. Құдай сақтап, сәби аман қалды. Ал аман қалмағаны қаншама? Оның бәріне Сәбит секілді қанатымызбен су себе аламыз ба? Жоқ. Олай болса, балапандардың неге құлап жатқанын, қалай құлап жатқанына жете мән бәрсек деп ойлаймын. Бұл басқаға сабақ болар еді, апаттың алдын алар едік…
Ал біздің шенеуніктер сол жігітті құттықтап әлі жүр…
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<