Бүгінгі қоғамда әйелдер араласпайтын сала жоқ. Нәзік жандыларымыз қай мамандықты да меңгеріп, ер кісілермен иық тіресе еңбек етіп жүр. Қарапайым қызметтен басшылық сатыға дейін көтеріліп, сол саланы жандандырып жүргендері қаншама?! Солардың бірі – Қызылорда қаласындағы №3 емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова.
№3 емхана – облыс орталығындағы ең ірі емдеу, алдын алу мекемесі. Емхана 62 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Онда 500-ден аса қызметкер еңбек етеді. Осынша тұрғынға қалтқысыз қызмет жасау үшін шаруаның көзін тауып, істі ұйымдастыра білу, үлкен ұжымды басқару оңай емес, әрине. Ол үшін басшыға үлкен білім мен білік, еңбекқорлық, шыдамдылық және өз ісіне деген сүйіспеншілік пен адалдық қажет екені белгілі. Гүлстан Әубәкірқызының бойынан табылатын осы қасиеттер оны іскер басшы, білікті маман ретінде ұжым ортасында, әріптестер арасында абырой биігінен көрсетіп келеді.
Гүлстан Әубәкірқызы өзінің ширекғасырлық еңбек жолында ізденуден, білімін жетілдіруден жалыққан емес. Жоғары санатты маман осы уақыт аралығында «Терапияның таңдаулы сұрақтары», «Денсаулық сақтау менеджменті», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру», «Қоғамдық денсаулық сақтаудың шұғыл қызметтері» тағы басқа тақырыптарда білімін жетілдірген.
Білікті маман, қабілетті басшы, білімді дәрігердің еңбегі өз кезегінде бағаланып та жүр. Оның өткен жылы азаматтардың денсаулығын сақтау ісіне қосқан жеке үлесі, мінсіз адал еңбегі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталғаны, «Медицина саласының үздігі» атануы осы сөзіміздің дәлелі.
Әріптестері арасында абыройлы маман, ұжымдастары ортасында білікті де іскер басшы, ақ халатын кір шалдырмаған шипагер Гүлстан Мақсұтова сонымен бірге ардақты ана, берекелі отбасының ұйытқысы болып отырған сүйкімді жан. Мерейлі мереке қарсаңында Гүлстан Әубәкірқызына бағындырған абырой биігіңіз аласармай, мерейіңіз үстем бола берсін деген ақ тілегімізді арнадық.
Айнұр БАТТАЛОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<