Сырдария ауданында үш ауысыммен оқитын, апаттық жағдайдағы мектептер мүлдем жоқ және мектептерде орын жетіспеушілік мәселесі толық шешілген. Бұл туралы бүгін облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде аудан әкімі Ғ.Қазантаев мәлімдеді.
«Мектептерде 2017-2018 оқу жылында 1099 педагог кадрлар жұмыс жасады. Олардың 107-сі жоғары, 490-ы бірінші, 328-і екінші санатты мамандар. Аудан мектептерінің орта мектеп курсын 2017-2018 оқу жылында 338 оқушы бітірді. Олардың 216-ы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Бұл мектеп бітірушілердің 64 пайызын құрады. Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша орташа бал 85,02 ұпайды құрады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 216 оқушының 157-і мемлекеттік грантқа түсіп, яғни 72,7 пайызды құрады. Бұл облыс әкімінің грантын есепке алмағандағы көрсеткіш,- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, 2018 жылы «Алтын белгі» 20 оқушы, «Үздік аттестат» 11 оқушы иеленгенін атап өтті.
Айта кету керек, облыстық бюджеттен мектептерді физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықтауға қаржы қаралды. «Физика» кабинетін №44, №132, №129 орта мектептерде жабдықтауға 18 млн.480 мың теңге, №35, №36, №42 мектептерде «Химия» кабинетіне 14 млн. 697 мың теңге, №36, №37, №35 мектептерде «Биология» кабинетін жабдықтауға 14 млн. 448 мың теңгеге қаржы қаралды. «Bilimland» ресурстарына ауданымыздағы барлық 17 мектеп қосылған. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның 4000-нан аса мектептерінде, оның ішінде біздің ауданымызда 10 мектепте «Kүнделік» электрондық мектеп журналдарының жүйесі 2016-2017 оқу жылынан бастап енгізілді. 2018 жылдың мамыр айынан бастап 7 мектеп қосылды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<