БҒМ университеттерді қысқартуға қатысты Президенттің тапсырмасын түсіндірді

365

0

БҒМ университеттерді қысқартуға қатысты Президенттің тапсырмасын түсіндірді ҚР Білім және ғылым министрлігі университеттерді күштеп қысқартпайды. Әрбір мамандық бойынша жоғары оқу орындарының арнайы рейтингі жасалады. Мектеп түлектері соған қарап оқуды таңдаса, сапасыз университеттерге деген сұраныс онсыз да азаяды. Мұндай пікірді Білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.  
«Негізі, қысқартудың әртүрлі жолдары бар ғой. Күштеп мамандықтарды алып тастау және тағысын тағы. Бірақ ешкім (мамандықты – авт.) бергісі келмейді. Барлығы өз университетін дұрыс деп ойлайды. Алайда, еңбек нарығында ол мамандықты игерген түлектерге сұраныс қандай? Білімге сай жалақы алып отыр ма? Университеттің оқу бағдарламасы заман талабына сай ма? Ол бағдарлама бойынша алған білім қанша уақытқа жетеді? Біз осы мәселелерді анықтау мақсатында арнайы рейтинг әзірлеуді ұйғардық. Енді, бізде университеттердің рейтингтері көп қой. Бірақ олардың ішінде біз қойған сұрақтарға жауап беретіндер аздау», – деді Талғат Ешенқұлов.
Оның айтуынша, министрлік жұмыс берушінің бағасы негізінде арнайы рейтинг құруды көздейді. Аталған бастаманы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қолдап, іске асыруға кірісті. «Қазір олар IT мамандығы бойынша бірінші рейтингті дайындап жатыр. Онда нақты талаптар да болады. Біріншіден, түлектердің жұмысқа тұру көрсеткіші, екіншіден, олардың жалақысы ескеріледі. Сосын, оқу бағдарламасының сапасына баға беріледі. Мысалы, алдымен әрбір университеттің IT мамандығы бойынша оқу бағдарламаларын жинап алады. Одан кейін жұмыс берушілер ол бағдарламаларға өз бағасын береді. Мына бағдарлама ескі, сол жерде оқыған маманды жұмысқа алатын болсақ, оны қайтадан оқытуға тура келеді, бізге дұрысы мынау деп, әрбір жұмыс беруші бағалайды. Соның негізінде жоғары оқу орындарының рейтингі жасалады. Біздікі осы рейтинг арқылы реттейміз деген ой. Рейтинг арқылы мектеп түлектеріне бағыт беру, ең тиімді жол деп ойлаймыз», – деп атап көрсетті Т.Ешенқұлов.
Министрліктің жоспарына сәйкес, осы айда «Атамекен» палатасы IT мамандығы бойынша алғашқы рейтингті жариялайды. Ал жылдың аяғына дейін 2 мың оқу бағдарламасын жұмыс берушілердің сараптамасынан өткізу жоспарланған. Мектеп түлектері жоғары оқу орындарын аталған рейтингтер бойынша таңдаса, сапасыз университеттерге деген сұраныс онсыз да төмендейді.   Айта кетейік, күні кеше «100 жаңа оқулық» жобасына арналған жиында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білімнің сапасын көтеру қажеттігіне ерекше тоқталды. Осы орайда Мемлекет басшысы университеттерді қысқарту мәселесін қозғады. «Қазір министрлікке күнде келіп, университет ашайық дейді. Қалтасына ақша түссе, университет ашуға ұмтылады. Бізде 130 университет бар, оны қысқарту керек. Бізге оның саны емес, сапасы қажет. Қазір рейтинг жүргізіледі. Рейтинг жүргізілген кезде ІТ-технологиядан, жаңашылдықтан, техникадан, инженерліктен қалай деген кезде барлық үлкен университеттеріміз артта қалды. Жай жеке университеттер алдыға шықты. Осы жағдайдан кейін мына университеттер өзінен-өзі қалады. Себебі біз оларға грант бере алмаймыз», – деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, университеттер сақталып қаламын десе, заманға сай болуы тиіс. «Біз жастарға құр әшейін диплом алу үшін оқымау керектігін айтуға тиіспіз. Кезінде ол заманнан да өткенбіз. Қалтасында бірнеше диплом болғанымен жай жүрген, жұмыс таба алмай жүрген қаншама азамат бар. Сондықтан мысалы университеттің 4- курсынан бастап студенттерді 80-85 пайызын бизнес адамдары жұмысқа тартып алатын болса, онда ол нағыз университет», – деп атап өткен болатын ҚР Президенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<