Болашақ ІТ-мен байланысты

396

0

Болашақ ІТ-мен  байланысты Жас буын заман ағымына қарай қамданып, келешекте сұраныста болатын жаңашылдықтарды меңгеруге ынталы. Тың идеялардан кенде емес. Олардың шеберлігін шыңдап, мақсатын айқындау бағытында түрлі байқаулар да ұйымдастырылып жүр. Осындай сайыстардың бірінде бірқатар жобаға назарымыз ауған болатын. Соның бірі – №2 «Мұрагер» мектебінің оқушысы Евгений Демиденконың қолға алған дүниелері. Талапты жас «HACK DAY-2017» идеялар фестивалінде көпті таңғалдырған еді. Ал, жуырда өткен ҚХА-ның 27-ші сессиясында YouTube видеохостингінің баламасын әзірлеу үстінде екенін, бұған дейін цифрлық технологиялардың көмегімен «Boeing 757» ұшағының базасы негізінде техникалық және жобалық ұшақтардың апгрейді бойынша жоба жасағанын жеткізді.

Бүгінде ол жоба Ұлыбританиядағы Кренфилд аэроғарыш университетінде іске асырылуда. Осындай жағымды жаңалықты естігенде мақтаныш сезімі кернейтіні жасырын емес. Бұл, бір жағынан жанарында – оты, жүрегінде жалыны бар инноваторларға қолдаудың зор екенін көрсеткендей.

Иә, аймақта цифрландыруға қатысты маңызды міндеттер жүйелі жүзеге асып келеді. Назар аударарлық басты жаңалық – цифрлық технологиялар басқармасының құрылуы. Бұл ретте облыс басшылығы шетелдік тәжірибені ескеріп отыр­ғанын айту керек. Өйткені, жергілікті делегация Татарстан Республикасына жасаған сапарында Иннополис біртұтас экономикалық аймағымен бірлескен жоспарларды жүзеге асыруға арналған меморандумға қол қойды. Бұл сапарда білім саласына ерекше басымдық берілді. Ынтымақтастық Қазан Федералдық университеті жанындағы ІТ лицей, Иннополис  және қаладағы №3-ші мектеп-лицей арасында орнады. Соның негізінде қазір аталған оқу ордасында IT ілімді, робототехниканы игеруге көңіл бөлініп келеді. Сәйкесінше, лицейдің материалдық-техникалық базасы да  ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Балалардың із­денуге құштарлығы артқан. Араларында бірнеше рет аймақтық, республикалық олимпиадаларға қатысып, техникалық көрмелерден жүлдемен оралған, алдағы уақытта Евгенийдің жолын қууды ойлайтын өрендер бар. Нұрбол Бижігіт, Анастасия Денисова, Тоғжан Есқожа секілді НЗМ оқушылары да жемісті жобаларымен қуантуда. Алғыр оқушылар жуырда тілдесудің жаңа құралын ойлап тауып, жұртшылықты елең еткізді. Жаңа әлеуметтік желінің бағдарламасын өздері жазып шыққан екен. Платформа тегін хостингте орналастырылған. Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада орналасқан ІТ парк те осындай талантты жастар шоғырланатын ортаға айналып үлгерген. Мұнда жастар ақпараттық-бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, оларды қорғайтын антивирус­тық бағдарламаларды жасап шығаруға дағдыланып келеді. Бірер жыл бұрын ашылған «Grand Master» бағдарламалау мектебі де жастарға білмегенін үйретіп, сан қырлы салаға қатысты дүниелерді игеруге көмектесуде.

Қуантатыны, дәл осы қар­қын барлық салада бар. Әсіресе, денсаулық сақтау саласында айқын байқалады. Себебі, басшылық қызметті электрондық форматқа ауыстыру тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқаратынын қаперге алған. Қазір облыстың барлық медициналық ұйымдары кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылды. Емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды цифрлық нұсқада жүргізуге көшті. Бұл 2020 жылға қарай ел тұрғындарының электронды денсаулық паспорттарын жасауына, кезек күту мәселесін түбегейлі жоюға көмектесері сөзсіз.

Әлемді алақанға сыйдырған технология бәзбіреуге қаражат аудару қажеттілігі туындағанда да көмекке келуде. Бүгінде коммуналдық төлемдерді кезек күтпей, терминалдан төлеу мүмкіндігі қарастырылып ­от­ыр. Тұтынушылар су, жылу, электр жарығы, тұрғын үй қыз­меті мен тазалық қызметіне бір кассадан төлем жасауда. Қолда бар мәліметке сүйенсек, облыс бойынша 700 терминал арқылы электр жарығы үшін төлеуге болатын көрінеді. Айта кетейік, «Android» операциялық жүйесінде арнайы бағдарлама да іске қосылған. Сіздің смартфон арқылы қаражатты діттеген жерге жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Кәсіпкерлік саласына да осындай бірсыпыра тиімді дүние енгізілген. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тиімді жұмыс істеп тұрған биометриялық сервистің біздің өңірге жетуі де үздіксіз дамудың барын көрсетеді. Ол арқылы қызылордалықтар мекенжай анықтамасы мен жылжымайтын мүлікке құқықтары туралы анықтама алу қызметтерін тек саусақ таңбасын пайдалана отырып алу мүмкіндігіне ие. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қызылорда облысы бойынша филиа­лы мамандарының айтуынша, ол үшін бұрынғыдай электронды цифрлық қолтаңба немесе жеке куәліктің қажеті жоқ. Жобаға қатысу үшін азаматтардан оң және сол қолдың көрсеткіш саусақтарының іздері талап етіледі.

Тұрмыстық қажеттілік жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін уақыт туды. Сәт сайын технология жаңалықтары тұтынушыларды таңғалдыра түсуде. «Бүгінгі болжам – ертеңгі ақиқат» деген рас.

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<