Қазақстан Республикасының Президенті болып Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ресми сайланғанына, халық сенімін ақтауға, адал қызмет етуге ант бергеніне де бір айдың жүзі болыпты. Былай қарасақ, осы уақыт сыртқы дүниеде де, өз еліміз ішінде де бір-біріне жалғасқан саяси оқиғаларға толы кезең болған екен.
Халықаралық кездесулер одан әрі жалғасып, қазақ елінің абырой беделін көтеруге, бұрыннан қалыптасқан дипломатиялық қатынастағы мәмлегерлік жұмыстар жоғары дәрежеде өз жалғасын табуда.
Елбасы айқындап берген стратегиялық бағыттағы күрделі жұмыстарды жүзеге асыру үшін жас буын кадрларды және өмір өткелдерінен өткен тәжірибелі де іскер, адал азаматтарды өз орындарына қоюдан бастады. Бұл өз кезегінде жұмыстың жүйелі жүруіне оң ықпалын тигізеді. Жауапкершілік жүгін жаңа талапқа сәйкес айқындап, байтақ елдің тұрғындары арасындағы ауызбіршілік, ынтымақ, бірлік, тыныштықты қамтамасыз ету халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей байланысты екеніне ерекше мән берді. Мұның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының өмірлік ұстанымы екеніне әбден көзіміз жетті.
Халық сенімінен шығу билік қызметінің басты мұраты екені сөзсіз. Арыс қаласында болған кездейсоқ оқиғаға қатысты мәселелерді шешуде өзі бас болып, бүкіл елді жұмылдырып, ел басына түскен ауыртпалықты біріге көтеруге үндегені атадан балаға ұласып келе жатқан бірлік ұғымының сабақтастығы екені даусыз.
Сайлаубай ӘБІШЕВ,
қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<