Бұқара мен билік бір болса, шешілмейтін түйін жоқ

1561

0

«Шенеуніктердің азаматтармен диалогының тиімділігі төмен екендігін айтып өткен жөн. Мемлекеттік орган басшылары халықпен сөйлесе алмайды, тіпті кейде қорқатын секілді. Үкімет мүшелері өңірлерге жиі шығуы тиіс. Ал өңір әкімдері әрбір елді мекен тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуі керек» – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Шындығында, кешегі бейбіт шеруден басталып, соңы қарулы қақтығысқа ұласқан оқиғаның түп-төркіні осында, яғни, билік пен бұқараның арасында тұрақты қарым-қатынас болмауынан туындап отыр. Ел ішінде жалпыға ортақ әлеуметтік мәселелермен қатар, тұрмыстың сан алуан түйткілдері болуы заңды. Егер қандай да бір мәселені дер кезінде қолға алып, оны уақытылы шешуге көбірек мән берілсе, бұқараның қам-қарекеті бұлайша қордаланып қалмас еді. Қарап отырсақ, халықтың билікке қойып отырған талабы – күнделікті өмір қажеттілігі, яғни, «көгілдір отын» мен жанар-жағармайдың, азық-түліктің негізсіз қымбаттауы. Ашығын айтқанда, бүгінде зайырлы деп аталатын мемлекетте халықтың «бай» мен «кедей» дейтін топқа бөлінуі және халықтың әлжуаз тобына деген әділетсіз қарым-қатынас елдің жаппай наразылығын тудырды. Ендігі жерде елдің егесі деп саналатын жергілікті атқарушы билік өкілдері, сол сияқты, басқарма, бөлім басшылары қарапайым халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға, тыңдап қана қоймай, оны шешуге ұдайы ынталы болуы тиіс.

Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары билік пен халықтың арасы тым алшақтап кетті. Кей ауылдың тұрғындары әкімдермен жылына бір өтетін есеп беру кезінде ғана кездеседі. Бұл кездесулердің өзінде халық жеке басының қажеттілігін емес, қоғамға ортақ мәселелерді көтеріп жатады. Мысалы, қазіргі таңда электр жарығы, елді мекенді газдандыру, әртүрлі маңыздағы автожолдар мен ауыл ішіндегі көшелердің жайы, аяқсу тапшылығы, мал өсіру үшін жайылымдық және шабындық жерлердің жетіспейтіні – ауыл тұрғындарын толғандырып отырған ауқымды мәселелер. Бұл нені білдіреді? Әлбетте, қалың бұқараның қоғамның ортақ құндылықтарына деген жауапкершілігін танытады.

Осы орайда халықтың жалт етіп көрініп, жалғасын таппай қалатын науқаншылық жұмыстардан шаршағанын айта кетуіміз керек. Сондай жобалар үшін шығын болған қыруар қаржының да сұралатын уақыты жеткен сияқты. Елдің ертеңін ойласақ, бізге бір-біріне ұласып,  кешенді түрде іске асырылатын жобалар қажет. Сонымен қатар, бүгінде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың да сапалы орындалуын қадағалап, одан күтілетін нәтижені нақтылаған жөн.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, билік пен бұқара арасында байланыстың төмен болуының бір себебі – бюрократияның етек алуы.

– Бюрократия – реформалардың сапасыз орындалуының негізгі себептерінің бірі. Мұндай аурудан бәрімізге емделу керек,– деді Президент. Мәселенің төркініне бойласақ, шынында, осы күні мемлекеттік қызметті әкесінен қалған мұрадай сезінетін шенеуніктер жоқ емес. Олармен жүзбе-жүз жолығу үшін алдын ала өтініш білдіріп, одан соң бірнеше есіктерден өтуге тура келеді. Тіпті кейде қарапайым ақпарат алудың өзі қиындық тудырып жатады.

Тақырыпты тарқата түсіп, мәселенің мән-жайын зерделеу үшін  мемлекеттік қызмет сатысынан өткен, кешегі тоқсаныншы және екімыңыншы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде елдің ортасында жүрген қоғам қайраткерлерінің сөзіне қарасақ, ең басты құндылық – елдің тыныштығы мен тұрақтылығы, Тәуелсіздіктің баяндылығы. Ал, тұрмыс-тіршілікке қатысты мәселелер соған жауапты басшылардың ақыл-парасаты мен іскерлігіне байланысты.

– Кешегі тоқсаныншы жылдардың соңы, екімыңыншы жылдардың басында елдегі жағдай өте қиын болды. Жұмысшылар айлап-жылдап жалақы алмайтын. Зейнетақы, жәрдемақы болған жоқ. Басқасын айтпағанда, халық үшін той жасау былай тұрсын, қазаны жөнелтудің өзі қиын еді…

Осынау өтпелі кезеңдегі қиындықты бүкіл халық бірдей көтерді. Ертеңгі күн беймәлім қиын-қыстау шақта елдің бірлігі бекем, ынтымағы басым болды. Ал, қазіргі жағдай басқаша, ел аман, жұрт тыныш дегенмен, ел ішінде әлеуметтік теңсіздік пайда болған. Елдің белгілі бір бөлігі бақуатты өмір сүрсе, жалпы халық жұмыссыздық салдарынан, оның үстіне пайыздық үстемесі тым жоғары несиеге тәуелді болып, жұтаң тұрмыс кешуде. Әсіресе, жыл санап жұмыссыздар қатарын толықтырып отырған жастардың болашағы алаңдатады.

Кешегі жиында Президент бұл мәселеге байланысты Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді. Жастар үшін жоғары оқу орнының қолжетімділігі мен олардың шығармашылық бастамаларын қолдауға баса назар аударды. Сондай-ақ, елдегі әлеуметтік жағдайды саралай келіп, халықтың әл-ауқаты басты назарда болуы керек екенін айтты. Кедейлікті төмендетудің нақты көрсеткіштерін бекітуді тапсырды. Бұл тапсырмалар жүзеге асырылған жағдайда  әлеуметтік ахуал тұрақталып, көптің көкейіндегі көп мәселе шешімін табады. Ол үшін жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілер, қоғам өкілдері, жалпы халық Президенттің төңірегіне топтасып, аталған міндеттерді бірге атқара білуіміз керек, – дейді Жалағаш аудандық қоғамдық кеңес төрағасы, ауданның құрметті азаматы Кенжеғара Сүлейменов.

Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемовтің осы тақырыпқа орай ой-пікірін білген едік.

– Барлық деңгейдегі әкім болмасын,  бірінші кезекте халықпен етене жұмыс жасауға міндетті. Әкім қызметінің бағасы тұрғындардың ой таразысынан белгілі. Сол себепті лауазымдық жауапкершілікті сезінген саяси қызметкер халықтың мүддесімен орайлас болуы шартты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты  Жолдауында өңірлік саясатты жетілдіру бағытына басымдық беріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты, яғни мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс екенін ескертті. Бұл  сыни көзқарас жергілікті билікке қарата айтылып отыр. Рас, тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешу әкімдік міндетіне жатады. Жалпы, ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Сол негізбен әрбір әкім халықтық ұстанымын жүзеге асыруға тиісті.

Жаңақорған ауданындағы кент, ауылдық округтер барлығы 26 болса, олар Қыр мен Сыр бөлікте орналасқан. Өткен жылы әрбір елді мекен тұрғындарымен 5 рет кездесіп, елдің көтерген мәселесін ескеріп, сараптама жасадым. Осы кездесулерде 300-дің үстінде талап-тілек түскені белгілі болды. Қазір оның 80 проценті шешімін тапты. Осы орайда бір мысал айтайын, Кейден ауылдық округіне қарасты Қауық елді мекенінде отыз жылдан бергі өзекті мәселе – ауызсу желісі еді. Аудандық бюджет есебінен су желісін тартуға елді мекен статусы жоқ екен. Сондықтан бюджеттен тыс қаржы көздерін табуға тырыстық. Қазір  «СКЗ-U» ЖШС демеушілігімен тұрғындар талабы толық орындалды.

Мұнан бөлек, аптаның әрбір сәрсенбісінде тұрақты түрде қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Қабылдауға келген кісілердің мәселесін дер кезінде шешуге барлық тетікті қосамыз. Ал, жұмыс аптасының қай күнінде де алыс ауылдан келетін азаматтар кезексіз қабылданады. Сондай-ақ, аудандық аппарат мәжілістерін өткізгенде де ауылдық жергілікті қоғамдастық  пен ардагерлер кеңесі төрағаларының онлайн қатысуына мүмкіндік жасап келеміз. Себебі ауданда көтерілген мәселемен ауылдағы ағайын қанық болғаны жөн. Жалпы, тұрғындардың арасында түсінбеушілік пен келіспеушілік ақпараттың жетіспеуінен туындайды. Сондықтан ашық, жариялы түрде жұмыс істеуге тиістіміз, – дейді Руслан Рүстемұлы.

Мемлекетке, қоғамға жоғары жауапкершілікпен қызмет етіп, бірнеше жыл аудан басқарған, облыстық мәслихат депутаты ретінде қажырлы еңбегімен танылған Алмагүл Божанова апайымызды да кешегі оқиға қатты алаңдатты. Ол кісінің айтуынша, о баста бейбіт шеруге шыққан халықтың талабы орынды. Әділдік болмаған жерде әлеуметтік теңсіздік пайда болады.

Халық үшін маңызды салаларды мемлекет ұдайы бақылауда ұстауы қажет. Сонда азық-түлік бағасы немесе коммуналдық қызметтер құны негізсіз қымбаттамайды. Алайда халықтың бейбіт шеруін бүлікші топ өз мақсатына пайдаланып, мемлекеттің тыныштығы мен тұрақтылығына қауіп төндірді. Қоғамдық құндылықтарға қыруар залал келтірді. Ендігі кезекте Президент айтқан тапсырмаларды тиянақты орындап, еліміздің кемел келешегін қалыптастыруға жұрт болып жұмылуымыз қажет.

Мемлекеттік қызмет саласындағы азаматтардың жауапкершілігін қарайтын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің мәліметіне қарасақ, 2021 жылы кеңестің 12 отырысы өткізіліп, 61 мәселе қаралған екен.

Қаралған мәселелердің 31%-і немесе 19-ы тәртіптік істер болса, 10 мәселе – мемлекеттік органдар басшыларының, аудан әкімдерінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары аясында атқарылған жұмыстары бойынша, 9 мәселе – Әдеп жөніндегі уәкіл қызметінің нәтижелері, бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы, мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары жұмысының нәтижелері және өзге де мәселелер қаралған.

Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен 10 қызметші әртүрлі тәртіптік жауапкершіліктерге, Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 5 мемлекеттік қызметші тәртіптік жазаға тартылған. Ал, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін 3 мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза берілсе, 2 мемлекеттік қызметші лауазымынан босатылған. Айта кету керек, тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны 2020 жылмен салыстырғанда 3 есе азайған.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3345 бірлікті құрады. Ал, мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 3251 адам, оның ішінде 1494-і (45,9%) әйелдер.

Мемлекет басшысы үкімет мүшелері мен депутаттардың, әкімдердің еңбекақысы өткен жылы қоғамда қызу талқыға түскенін, сондықтан олардың еңбекақысын көтеруге бес жылға мораторий жариялады. Әлбетте, бұл шешім қалыптасып отырған әлеуметтік алшақтық деңгейін азайтуға ықпал етуі тиіс.

Қорыта айтқанда, қоғамдық, мемлекеттік, ұлттық  мүддені жеке басының қажеттілігінен биік қоятын азаматтар ғана халыққа қызмет еткені жөн. Олардың қызметінде ашықтық пен жариялылық болуы керек. Жаңа Қазақстанды құрудың негізгі мақсаты – әділдік, әлеуметтік теңдік. Таңдау – осы! Ал оған әрбіріміз жауаптымыз!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<