Чемодандағы музей

820

0

Чемодандағы музей  – Мен саған ең құнды дүниелерді біртіндеп көрсетейін. Анау тұрған шоқкөмбішті әкелші.

Үлкендердің тапсырмасын қайта­лап сұрай берген ыңғайсыз. Бірақ анау жаққа бара жатқаныммен, шоқкөмбішті таппауым мүмкін еді. Абырой болғанда сыртында аты жазылыпты.

 – Ата-бабаларымыз шаңырақтың ошағын өшірмеген. Киіз үйдің ортасына қазақ от жаққан. Сол отты сөндірмей таңға дейін сақтайтын құрал – шоқкөмбіш. Ертеде ел бір-бірінен от сұрайтын болған, − деді Күләш апай.

Байқасақ, қазір шоқкөмбішті ұмыт­тық. Онымен бірге оттың қасиеті де естен шыға бастады. Отқа май құйып, ошағың сөнбесін дейтін елдің ұрпағы жалынды қызық көре бастады. Қандай қуаныштың алдында да жастар торттың бетіне от жағып, үрлеп сөндіреді. Мүмкін, содан ба екен, ошағы жанбай жатып сөнетін шаңырақ көбейді. Бұл жақсы істің басындағы жаман ырым. Биікте – күн, біле білсек, жер қойнауы да – от. «Бүкіл Тәңіртаудың өзі – от перзенті. Жердің ішек-қарны ақтарылып, от болып бұрқылдағанда таулар туған», − демейтін бе еді Шерхан Мұртаза.

Бұл көнеден жеткен шоқкөмбішті көргендегі ой. Замандастарымыз көріп, оның қасиетін ұғынса, осы ой оларға да келер еді. Жалпы көне заттарды жинап әуреленудің не керегі бар?! Байқасақ, шоқкөмбіштің өзі қазақы дәстүр мен қасиетті ұғындыруға қауқарлы. Ал ардагер-ұстаз Күләш Алматшаеваның қырық жылдық коллекциясы – елу чемодандық. Әрқайсысының сырын тарқатсаң, тарихқа кенелесің.

Ол байқауға “Мейірім үміт” қо­ры­ның атынан қатысқан. 

Чемодандағы музей Кол­лекция қалай жиналды? 1972 жылы К.Қаракөзов атындағы №235 мектептің ашылу салтанатында Күләш апайға ең жас ұстаз ретінде символикалық кілт тапсырылады. Бұл естелікпен бірге алғашқы қоңырау, мектептің төлқұжаты да жыл өткен сайын экспонат қатарын толықтырады.  Күләш апайдың талабына қолдау танытқан мектептің директоры – Рахат Құлтанов еді. Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұға­лімінің жинаған жәдігері үш қапты толтырыпты. Сол қазынамен Мұқағали Мақатаевтың көрмесінде 19 қаладан жиылған коллекционерлер арасында бас жүлдені иеленеді. Бір қызығы, Күләш апай қай жерге бармасын, сол үйдің көз тартар дүниесін емес, көне заттарын қарай жүреді. Қаласа қолқа салады. Кішкентай дүниені де көзі қалт жібермейді. Айталық, мал қырқатын қырықтықтың қыдырып барған үйдің қорасында тұрғанын байқайды. Сұрап көрсе, сол үйдің атасы дүниеден қайтқан 20 жылда қырықтыққа қол тимеген екен. «Сіздерде тұрса, құны болмас. Маған беріңіздер, балалар көреді» деп қалап алады. Бүгінде жәдігерлер мектептің «Атамекен» мұра­жайында жинақталған. Елу чемо­­дандық дүние дегенімізбен, мұн­да чемоданға сыймайтын екі ғасырға жуық тарихы бар келі, ұлттық киімдер, сандық, кебеже, зергерлік бұйымдар жасайтын көрік, тулақ, бөстек, шалғы, орақ, үтік, қақпан түрлері, білте шамдар, көне ыдыс-аяқтар сақталған.

Әсіресе, соғысты көрген дүние­лердің жөні бөлек. 1941 жылы Алматыда жасалған қара чемодан, шинел мен бешпент, жауынгердің ыдыстары оқ пен оттан аман келген. Тіпті, немістің пышағы мен ас ішкен қасығы да осында.

Күләш апайдың құнттылығы сондай, шағын деректер қорын жасақтаған. «Бір хаттың ізімен», «Москва үшін шайқас», «Ұлы Отан соғысының біткеніне 70 жыл», «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Кеңес Одағының батырлары», «Сырдан шыққан тұңғыш партизан қыз», «Жер-су атаулары», «Ленин жолы. Ленин туы. Сыр бойы», «Қамыс қала. Ақмешіт. Перовск», «Жаңа Қызылорда», «Туған қалам – Қызылорда», «Білім ордалары», т.б атаулармен папкалар жинақтаған. «Қазақ    қашанда қазақ» деген папканың іші тола «Егемен Қазақстанның» екі дәуірдегі Алаш жұртын салыстыра бейнелеген суреттері. Жинақтардың арасында қазақ тарихында сегіз Жәнібектің болғанын дәлелдейтін деректер, Түркістанда жерленген игі жақсылардың есімдері тізімделген. Деректердің сап түзеп, тап-тұйнақтай тұруына көмектескен құрал – қайшы. Басылымды тұтастай жинаса, керегіңді ұзақ іздейсің. Ал, мұнда дап-дайын мақала, ойыңа дөп түсетін материал бар.

– Музейдің есігінде де сыр бар. Елбасының 1998 жылғы Сыр еліне сапарында №12 І.Қабылов атындағы мектепке келетіні белгілі болды. Сонда К.Қаракөзов атындағы №235 мектептің мұғалімдері Маралбек Исаев пен Асқар Жұматаев ағаштан ойып, киіз үйдің сықырлауығын жасады. Есіктің нақышын көрген Елбасы еңбекке риза болып, бата берді, − дейді Күләш апай. Расымен, он сан ою жиналып, есікке тұра қалған ба дерсің?! Күлдіреуіштің өзі де бедерлі.

– Күлдіреуішті қазақ текке жаса­маған. Үй ішіндегі түтін түндіктен түзу шығу үшін күлдіреуіштен жел соққан, − дейді Асқар ата. Байқасақ, музейдегі мүсін, көркемсуреттің көпшілігі осы кісінің туындысы екен.

Мұражай соғыстың, шайқастың шерлі шындығын сезіндірді. Мұнда 2015 жылы Екінші Дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Санкт-Петербург маңындағы Мишкино селосында сүйегі табылған, Айдарлы ауылының тұрғыны Нұреден Тоқпанбетовтың заттары да бар. Жетпіс жыл жер астында жатқан жауынгердің бойтұмары (жауынгер медальоны), теңгелер мен қаламұш сол қанқасаптың куәсі.

– Ағасын Ресейге іздеп ба­рып, елге әкелген немере інісі, ұшқыш – Ырзахмет Жұмахметов. Осыны жазшы, қазір бауырын жат санай­тындар көбейді ғой, − дейді Күләш апай.

Коллекция жинау – белгілі бір дүниеге қызығушылықтан туған әуес­тік. Бірақ ол ұлтқа он есе ұпай әкелетін жәдігер болса – құнды мұра. Айталық, жеті атаңды мақтану үшін айтып жүрмейсің ғой, тегіңе нұқсан келтірмеу үшін намысқа басасың, солардан үлгі аласың, рухтанасың. Жәдігер ше? Ол да қазақы қалып, қасиетіңді еске түсіреді. Экспонатқа ықтиятты қараудың себебі – осы. Алдағы уақытта Күләш апай мұражай мұрасын чемоданға салып, ауылдарды араламақшы. Қырық жылдық коллекция құнды тарихты арқалап елге жол тартады.

А.НҰРТАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<