Сандық технология өріс алған кезеңде құрылыс саласы да көштен қалған жоқ. Цифрландыру «құрыш қолдыларға» да жетті. Жаңа жобалар туралы облыс бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Мырзабеков өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
– «TexStroi-Smart» жобасы облыс көлеміндегі техникалық қадағалау сарапшыларына оңтайлы. Біріншіден, жоба олардың облыс орталығына келмей-ақ, ай сайынғы есептерін басқармаға кез келген жерден электронды түрде жолдауына мүмкіндік береді. Екіншіден, басқарма қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілерімен тікелей қарым-қатынаста болмайды, яғни, сыбайлас жемқорлық тәуекелі жойылады, – дейді Марат Мырзабеков.
Тағы бірі – «Halyq Monitoring» жобасы. Мамандардың айтуынша, мұнда мемлекет тапсырысы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандары туралы сайтта орналастыру арқылы оған халықтың қолжетімділігін, ашықтығын қамтамасыз ету, құрылыстың сапасына қатысты тұрғындармен кері байланыс орнату қарастырылған. Нәтижесінде орын алған кемшіліктерді дер кезінде жоюға жағдай жасалмақ. Түптеп келгенде, бәрі елдің көз алдында. Бұл өз кезегінде бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына жол ашпақ.
Басқарма көрсететін 5 түрлі мемлекеттік қызметтің 4-і электронды жүйе «Е-лицензия» порталына көшірілген.
Дәулет Қырдан.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<