Дағдарыс топ-менеджері

5

0

Фото: Qazaqstan Ұлттық Телеарнасы

Ақпанның тоғызында мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіздік ізашарларының бірі, дағдарыс топ-менеджері, өзінің жасампаз және қажырлы еңбегімен, қажымас қайратымен, жұмысқа қабілетімен Отанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосқан Бердібек Машбекұлы Сапарбаев 73 жасқа толар еді.

Бердібек Машбекұлын 90-шы жылдардан бері ол ҚР Үкіметі аппаратында бөлім мең­герушісі, кейін басшысы болған, 1995 жылы оның басшылығымен Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Кедендік бақылау агенттігінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бірге жұмыс істеген кезден білемін.

Оған Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде қиын әрі жауапты миссия, яғни өзінің  туған өңірін басқару міндеті жүктелді. Қатал дағдарыс, экономикалық күйреу және гиперинфляция жағдайында Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруі керек болды. Ол кезде нарықтық экономиканың ерекшеліктерін ешкім білмеді, қажетті білім мен дағды жетіспеді, өздігінен оқып-білуге, тіпті қателіктерден сабақ алуға тура келді.

Адамдар жылдар бойы қалыптасқан көз­қарастары мен стереотиптерінен әрең құтылды. Ескіліктің сүрлеуін таптай беруге болмайтынын түсінді, бірақ басқа өмірді елестете алмады. Жаңаша өмір сүрудің дайын ережесі болған жоқ, аймақта әлеуметтік шиеленіс тудырмау үшін ерекше жолдар мен тәсілдерді іздеуге, шаралар қабылдауға тура келді.

Ол шақта мемлекеттіліктің, нарықтық экономи­каның жаңа моделі іздестіріліп жатты, ал Бердібек Машбекұлы аймақты дағдарыстан шығару үшін бар білім-білігін жұмсады. Бұл міндетті облыс әкімі мен оның командасы орындап шықты.

Солардың бірнешеуіне қысқаша тоқталып өтейін.

Негізгі кәсіпорындар, оның ішінде «Оң­түс­тік­мұнай­газ» АҚ жекешелендіріліп, өңірге шетел­дік инвес­тициялар, заманауи тех­но­логиялар, кәсіп­орынды басқарудың жаңа стилі келді, бұл мұнай-газ саласының әлеуе­тін көтеруге, Сыр өңірінің 5 мыңнан астам тұрғынын жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді. Төлем вексельдері енгізіліп, 100 млн теңге көлемінде «Инвестиция-газ» заемы шығарылды. Осы шаралардың арқасында қыз­меткерлерге жалақы, зейнеткерлерге зейнетақы берешегі өтелді.

Б.Сапарбаевтың 1996 жылы облыстың қор­даланған мәселелерін шешуге мүмкіндік берген Қызылорда арнайы экономикалық аймағын құрудағы рөлін ерекше атап өткім келеді. Ол ел тәуелсіздігінің алғашқы жыл­дарында Оңтүстік Қазақстан облысын, Кедендік бақылау агент­тігін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарғанда да осындай айрықша әдістерді қолданды.

Оңтүстік Қазақстанда Бердібек Машбек­ұлының алдында ауқымды міндет тұрды. Ол – билік тұрғындарға газ, жарық, жылу беріп, бюджет саласы қызметкерлеріне жалақыны уақытылы төлеп, жағдайды өзгерте алады деген ел сенімін қайтару.

Шұғыл әрі шешуші қадам жасауға тура келді. Соңғы бірнеше жылда аймақ тұрғындары көтерген мәселелер алғаш рет шешімін тауып, жаңа мыңжыл­дық табалдырығын көтеріңкі көңіл күймен аттады.

Кедендік бақылау агенттігін басқарған кезде сыртқы экономикалық қызметке қатысу­шыларға қо­лайлы жағдай туғызу, кеден орган­дарындағы сы­бай­лас жемқорлықты төмендету үшін бар күш-жігерін кедендік рәсімдерді автоматтандыруға жұмсады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінде бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігін арт­тыруға, алыс және жақын шетел­дерден келген отан­­дас­тарымызды қорғауға баса назар аударды. Жез­қазған мен Рудныйда әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық еңбек қатынастарын дамытуға елеулі сер­пін берген форумдарды өткізудің бастамашысы болды.

Бердібек Машбекұлы туралы 2013 жылы жариялаған менің мақаламнан кейін оған «Дағдарыс топ-менеджері» атағы мықтап бекіді. Сөзім дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтірейін. Қызылорда облысы өз тарихында екі рет жабыла жаздағанын жерлестерім білмейтін шығар. Әр жолы 80 пайыздан астам қазақтар тұратын, Алаш азаматтарының ізі қалған қасиетті мекеннің мүддесін қорғаудан қорықпайтын адамдар болды. Біріншісі, Социалистік Еңбек Ері, Тереңөзек аудандық партия комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы Нұрқасым Бердіқұлов Қазақстан Компартиясы ОК-ның осы мәселеге қатысты ұстанымына Кеңес дәуірінде ашық қарсы шықты.

Екіншісі – Бердібек Сапарбаев,  ол Тәуел­сіздіктің елең-алаң шағында экономикалық, әлеу­меттік сала­лардың, демография, көлік және өзге де ком­муникациялар, геологиялық қор­­лар туралы сарап­тамалық деректермен және болжамдармен қару­ланып, әлемге белгілі ғарыш айлағы – Байқоңырдың жақындығын ес­керіп, аймақты сақтап қалу үшін үлкен жұмыс атқарды.

Жезқазған облысының  бұрынғы әкімі Ерлан Смайыловтың айтуынша, екеуі Ұлы­тау аумағында орналасқан Құмкөл кен орын­дарындағы мұнай өндіруші компания­лардың салықтары (бір түрінен басқасы) Сыр өңірінің қазынасына түсетіні туралы уағдаластыққа қол жеткізген.

Бердібек Машбекұлы барлық есептерді алып, лауазымды адамдарға, бірінші бас­шы­ларға барды, Қызылорда облысының аумақтық құрылымын өзгеріссіз қалдыру орынды ше­шім болатынына сендірді. Бұл шешімнің дұрыс болғанын уақыт өзі дәлелдеді. Аймақ мәрте­бесін сақтап қалып, әрі қарай дамуға мүмкіндік туды.

Б.Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарының әкімі болып тағайындалған кезде осы өңірлерде қандай күрделі жағдай қалыптасқанын оқырман ұмытпаған шығар. Ел басшылығы тәртіп орнату қажет болғанда бұл жұмысты сеніп тапсырды. Қысқаша айтқанда, бұл жергілікті билік құрылымдарының дағдарысы еді. Табиғи апаттарға байланысты, басқа да форс-мажор жағдайлар болды. Бердібек Машбекұлы өзіне жүктелген міндеттерді ойдағыдай орындады.

Мысалы, 1998 жылғы 11 қаңтарда Қызыл­ордадағы ЖЭО-да апат болды. Оның сал­дарын жою үшін қысқа мерзімде Ресей мен Украи­надан 160 вагон жабдық әкеліп, ТМД елдерінен 800-ге жуық жоғары білікті ма­манды тартып, жөндеушілердің үйлесімді және үздіксіз жұмысын ұйымдастырды. 1998 жыл­дың 29 қазанында жаңартылған ЖЭО-ны іске қосты.

Осындай жұмысты Шығыс Қазақстандағы су тасқыны кезінде, Қордайдағы оқиғалардан кейін, Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығаратын зауыт салынғанда үйлестірді. Қай жерде жұмыс істесе де, қандай қиын жағдайда да халыққа қолдау көрсетті. Қалың бұқараның өзекті мәселелеріне ден қойды. Халықпен кездескенде жұртшылықпен  тікелей сөйлесті.

Бердібек Машбекұлы ауылда өсіп, көп­балалы отбасында тәрбиеленгендіктен, туған тілге, мәде­ниетке, тарихқа, салт-дәстүрлерге деген құрмет бала кезінен бойына дарыған. Оның бастамасымен Алматы мен Астанада өткен Қызылорда облысының мәдениет күндері, 1998 жылы елорданың тұсаукесерінде қойылған «Қорқыт – қобыз – домбыра» спек­таклі көрермен ықыласына  бөленді. Алматы мен Таразда бастау алған Шәмші Қалдаяқовқа арналған республикалық фести­валь Б.Сапарбаев басшылыққа келген соң ком­позитордың туған жері Оңтүстік Қазақ­станда, Арыс жағасында өткізіле бастады. Түркіс­танның 1500 жылдығы да сол кезде атап өтілді.

Б.Сапарбаев – еліміздің бес өңірін,  екі орталық мемлекеттік органды басқарған, әр жылдары екі рет ҚР Премьер-министрінің орынбасары болған бірінші және жалғыз тұлға. Қай жерде жұмыс істесе де, жұртшылық оның қызметін оң бағалап, ең жоғары баға берді.

Бердібек Машбекұлы «Отан», І дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен, Ресей Федерациясының «Дос­тық» орденімен марапатталған. Қызылорда, Оң­­түстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының құрметті азаматы атанды.

ҚР Үкіметі Отанымыздың нағыз патриоты Б.Сапарбаевтың есімін «Тарихи тұлғалар тізіміне» енгізсе, мұндай бағалау өскелең ұрпақты тәрбиелеуге оң ықпал етер  еді.

Кеңес МАХАМБЕТОВ,

еңбек ардагері.

Астана