Даңқсыз өткен дегдар

18

0

Фото: Zhylbek Senbekuly Kerimbek парақшасынан

(эссе-­мемуар)

(Белгілі әдебиет сыншысы, түркітанушы әрі мәдениеттанушы ғалым, қазіргі қазақ драматургиясы жанрының жаңашыл зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, қалам қайраткері, айтулы жерлесіміз, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы «Бірлік» ауылының тумасы Жұмабай Әбіловтің 70 жылдығына орай)

… Өткен қызыл жалаулы ғасырдың қалың қазақ үшін ауыр нәубеттерге толы мехнатты кезеңдерінен әбден жүдеп жұқарған, сірідей сіңірін әрең­әрең созып, жанкештілікпен жылымық заманға қашанғы асқақ рухы өлмей, құр сүлдері жетіп жығылған от-жалындай алаулы дүбірге толы жетпісінші жылдардың аяғы, сексенінші жылдардың басындағы сол бетке ұстар беріш түбірлері әлдеқашан түгел күйіп, әредік­әредікте тұқылдары ғана жанбай қалған ойранды өртеңдерден кейін құлындай құлдырап қырға шыққан алаңсыз күйдегі түбіт иек, қайран, біздің екі айналып келмес қамсыз бозбала дәурен! Ол кезде әсем астана Алматының сұлулығына көзіміз тоймай, өзіміз ақындық шабытымызды бір сәтке де қалғытып қоймай Бас Почтамттан сәл жоғарыда орналасқан ұлтымыздың маңдайына біткен жоғары оқу орындарының ішіндегі зор мақтанышы – 1934 жылы ашылған бойы кезіндегі коммунистік партия қайраткері С. М. Киров есімі кеңестік дәуір салтымен еріксіз еншілеп берілген бұрынғы Қазақ Мемлекеттік Университетінің Бас ғимаратындағы 102-ші аудиторияда лекция арасында ойға келген жыр жолдарын студент дәптеріне заматында түсіре қоятын поэзияға іңкәр көп шәкірттің бірі мен едім. Олай дейтінім, журналистика факультетіне оқуға түскен елу ұл-қыздың тең жарымына жуығы кәдімгідей шабыттары шалқып, анау­мынауға дес бермей арқырап тұрған арқалы ақындар болып келетін. Арамызда кәдімгі кәдуілгі көп мақаладан бөлек сол кезеңдері «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» сияқты республикалық газет-журналдарға тырнақалды өлеңдері мен әңгімелері жамырай шығып үлгерген көпке танымал, қаламының желі бар, бейнеткеш құмырсқа сынды еңбекқор шәкірттердің де кездесіп қалғаны да ақиқат еді және бұл бір есте қаларлықтай жас дәуреніміздің бір жасампаз әрі жарқын сәттері еді. Ол айдан анық жәйт.

Қазір де сол бір сәулелі сәттер күні кешегідей көкіректе қоламтасы маздап сөнбестен, ояу жадыны жаңғыртып, көкіректе сайрап тұр. Тіпті жас шамасы сол шақта көбімізден ересек, мақалдап сөйлейтін ақылман сөздері де мәндірек, оның үстіне біз сияқты аудиториядағы парталастарына, бүгінде ұмытпасам, КазГУ-дің журфагының 5-ші жатақханасының 506-шы бөлмесінде болуы керек, қалың дәптердің бірнешеуіне тоқсан алты беттік «Есіңе ала жүр» атты көк сиямен ерінбей дүрдей роман жазып, өзімізге әлденеше үзілістермен тапжылмай отырып мәнерлей оқып берген түрік ерінді, шашы бұйра, үлкен қара көздерінің ағынан гөрі аласы мол, шарғы бойлы, шымыр денелі, ширақ қимылды Қайролла Аманов сияқты қиялға бай арманшыл, мүлде қайтпас та,  жалықпас  та  «жас жазушы» да біздер үшін

алдырмас асудай, анау­мынау қара жаяуға жақын жылдарда жеткізе қоймас асқар таудай кемеңгер тұлға болып көрінетін. Содан ба екен, бұрын-соңды роман сияқты көлемді де күрделі шығарма жазып көрмеген біз сияқты «сарыауыз балапандар» үшін әлден-ақ күпті болып қалған үргедек көңіл кей-кейде үрке қорқасоқтап, сағымдай алыс болашақтағы барар бағдары беймәлім, оған әл-әзірге берік қата қоймаған, тек темірқанаттанып қана келе жатқан  үміті мен күдігі де басым қауырсын қаламымыз ғана сол болашаққа батыл жетелейтін алғы күндердегі шығармашылық тағдырымызға әлдебір үкілі аңсармен алаңдай қарайтынбыз. Осылайша таусылмас тыныс-тіршілігі қым-қуыт, толассыз әдеби кездесулер мен сан қызықтарға толы күнделікті оқу мен сиқырлы өлең саздары қатар бір-бірімен үндес әрі үйлес келіп, мейлінше өзіндік өрнекке ие жастық шаққа ғана жарасымды мезгіл мәнерімен жарыса-жараса егіз өріліп жатты. Екінші курста оқып жүргенде бір топ таңдаулы өлеңдерім жазғы каникулда біздер сияқты қолына қалам ұстаған жас талаптар үшін түркіменннің төріндей көрінетін, екінің бірінің қолы жете бермейтін, көбіне-көп елге танымал атақты ақын-жазушылар жарияланатын аса беделді республикалық «Жалын» әдеби альманахында жарық көрді. Сонда Алматы қаласындағы қазіргі Қазақстан Жазушылар одағы орналасып, Абылай хан даңғылы, 105 үй ғимаратының бірінші қабатына қоныс тепкен беделі бес батпан альманахтың бас редакторы, қазақ поэзиясының дара қайталанбас сыршыл лиригі, жастық дәурен мен сұлу сазды махаббаттың талмас жыршысы, классик ақын Тұманбай Молдағалиев «әкеме» (бұлай деуімнің мәнісі алғаш рет имене сәлем беріп, қол алысып танысқан кезімде Ахметжан көкемнің туған жылын сұрап алған Тұмағаң: – Әкең менің құрдасым болып шықты, енді сен менің де баламсың ғой, солай ма?- деп шапағат мейірін аямай төгіп, алабөтен ыстық көңілмен әкедей туыс жақындығын білдірген болатын) кабинетіне кіріп, алғысымды айта бергенім сол еді: – Ай, батыр, сен мені түрмеге түсіре жаздадың ғой. Ана бір өлең шумағыңды алып тастадық, – деп машинкаға басылған, өзіме жақсы таныс өлеңмен өрнектелген ақ парақты көрсетті. Мен қапелімде не айтарымды да білмей қатты сасып қалып, классиктің нұрлы жүзіне не болып қалды дегендей қысылып­қымтырылған шарасыз қалпымда осы сәт таңдана қарадым. Әлі есімде, алды-артын байқастап бажайлай қоймаған ол асау жыр жолдары былайша болып келетін: – «Махамбеттің жебесін жоғалтып ап, Байқоңырға «Салютті» қондырамын…». Сөйтті де мінезі жібектей жұмсақ, көңілі жаймашуақты жаздай, қашанда алды кең Тұмағаң жазғы қапырық кабинеттің ыстығынан жіпсіп тершіген жазық маңдайын бет орамалымен асықпай сүртіп, көзілдірігін шешкен күйі қолына алып, ай маңдайы  жарқырай түсіп, шарасы үлкен мейірімге толы көздері маған қарай риза кейіптегі жылы шыраймен қулана қарап тұрған еді…

Қытымыр қыспақтағы өзгеге бодандық заманның суық ызғары сол кезде солай соғып тұрған болатын. Жадымда әлі күнге бүгінгідей жаныма жақын келіп жаңғырып тұр – мезгіл екінші курсты тәмамдаған сол бір сағынышты 1978 жылдың саршатамыз айы еді. Бұл ерекше қуанышты жай жалғыз мен ғана емес, күллі курсымыз үшін де басқа курстардың алдында, қала берді әдеби ортада да зор бедел сыйлаған, ортақ мерейімізді тасқын судай  тасытып-танытқан айрықша мерейлі оқиғаға айналып сала берді. Сыңғырлаған сары жездей мың түрлі құбылып, сосын бірте-бірте қызғылт күрең түске еркін еніп, қайың-теректердің судырлап жерге жапырлай қонған  жапырақтарын жамыратып КазГУ қалашығына алтын күз де келді. Ыстық ұя – кең сарайдай думанды өз үйіміз сүйікті жатақханамызға жанға берер әсері мол жылдағы жазғы демалыстан кейін Шамалғанда өзіміз бастан-аяқ болған  ауылшаруашылық жұмыстарынан сағына оралған біз де келдік…

Сол бір алтын күздің ереккше шуақты сырлы кештерінің бірінде жатақханамыздың болашақ қаламгерлер: ақын  –  мен, жазушы – Нұрғали Оразов, ақын  – Ғалым Әріпов тұратын 511-ші бөлмесіне өңі қараторы, арықша келген, үстінде күңгірт қызыл түсті жейдесі бар, қара жиекті көз әйнек киген жоғары курстың студенті құдайы қонақ болып келіп те қалды. Сырт көзге жұпынылау көрінетін, сабағы ақшыл гүлдермен  өрнектелген суретті матасы жұқа студенттік дастарқанымыздағы ыстық буы басыла қоймаған қарапайым қалайы шәугімнен сыздықтата құйған қара шайымызды, маргарин майы мен қара нанымызды қонағымызға бәйек бола ұсынып жатырмыз. Бізден жасы тым үлкен бола қоймаса да, ақыл-парасаты жағынан сабыры сары алтындай салиқалы кісінің көркем келбетін көз алдымызға еріксіз әкеліп еді. Таныса келе білгенімізде бізден екі курс жоғары оқитын сақа жігіт екен, аты-жөні Жұмабай Әбілов болып шықты. Бұл тосын бас қосу әдебиет жайлы кеңінен ой толғаған, пікір алмасқан оңашалау ғанибет отырыс болды. Сонда Жұмекең мені «Жалын» альманахына шыққан өлеңдеріммен құттықтап, ағалық ақ тілегін айтты. Шуақты да шұғылалы момақан жанарларынан адамға деген ізгілікті мейірім сәулелері, жанға жағымды ыстық лебіздерінен ерекше күйдегі бауырмалдық пен жанашырлық лебі сезіліп тұрған еді сонда. Осы басқосудан кейін ол бізді университеттегі өзі тікелей жетекшілік ететін Мұхаметжан Сералин атындағы әдеби бірлестіктің белсенді мүшелері етіп қабылдап та қойды. Біздер әр сенбіде өтіп тұратын бірлестік отырысынан қалмайтын болдық. Онда балауса жырлар, тырнақалды әңгімелер талқыланатын.

Кейін осы әдеби бірлестіктен қалам ұштап қазақтың небір аймаңдай ақын-жазушылары өсіп шықты. Олардың бәрі де Жұмабай ағаның қанатты қамқорлығы арқасында бүгінде осындай үлкен дәрежеге жетті, ел-жұртқа кеңінен танылды, өсті, кемелденді, өз өрістерін адаспай тапты деп өзімше пайымдаймын бұл күндері. Оған қазірде қалам ұстап жүрген бәріміз де қарыздармыз. Жұмекең ойшыл ақын Қадыр Мырзалиевті, фольклоршы-ғалым Мардан Байділдаевты және басқа да көптеген ұлтымыздың белгілі марғасқаларын осы бірлестіктің отырыстарына жиі шақырып тұратын. М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында жаңадан қойылған спектакльдердің премьераларының бірде-бірін құр жібермейтін. Сол кездегі КСРО Халық артистері, ұлттық сахна корифейлері Сәбира Майқановамен,  Ыдырыс Ноғайбаевпен, Фарида Шәріповамен және өзге де өнер қайраткерлерімен жиі жолығысып, кеңінен салиқалы сұқбат құратын. Мұндай деңгейдегі сирек майталмандармен пікір алмасуға да телегей білім, биік өлшемді білік керек екені айтпаса да түсінікті болар. Сосын Жұмекеңнің әдебиет, өнер, мәдениет жайлы толғамды мақалалары республикалық басылымдарда жиі жарияланып, ерекше резонанс тудырып жататын. Ол кештетіп болса да, сол айтылған жаңа спектакльдерден шығып келе сала біздің бөлмеге еш соқпай кетпейтін. Өзіндік қызу әсерімен бөлісетін, ой талқысына салатын. Кейде орыстың атақты әдебиет сыншысы Г. В. Белинский жайлы, оның көптеген еңбектері хақында көсіле әңгімелейтін. Бізбен жасы кіші демей тең тұрғыда сөйлесетін.

Даңқсыз өткен дегдар

Ол: – Бақытжан, жаңа топтама жырларыңды маған берсейші, мен кітапқа ұсынайын,- деп кездескен сайын сұрайтын. Мен әлдебір себептермен кейінге шегере беретінмін. Ағаның жанашыр көңілі жанына тыным таптырмай ақыры бір күні кешкілік бөлмеге өзі келіп, менің бір топ өлеңдерімді іріктеп алып кетті. Бұған пәлендей мән бере қоймадым. Сөйтіп, 1981 жылы «Темірқанат» студенттік ұжыымдық жыр жинағы басылып шықты. Ішінде мен де бармын. Кітап редакторы тағы бір классик ақынымыз Өтежан Нұрғалиев болғанының өзі не тұрады!

КазГУ-дің бұрынғы бас ғимараты жанындағы Қазақстанда шығатын,  қаз-қатар орналасқан тақталардағы әйнек астына салынған күллі облыстық газеттер ұдайы жаңартылып, қаз­қатар ілініп тұратын, сол жерде оқырман көпшілік жиі аялдайтын ұзынша аллея болатын. Бір күні ұжымдық жинақ жарыққа шығар алдында аталған газеттерді жағалай шолып келе жатқан атақты әдебиет сыншысы, сөйлеген сөзінен де, кісіге нұрлана қарайтын мейірлі жүзінен де, тіпті тік басып адымдайтын сұңғақ тұлғалы маған әрдайым зият көрінетін салмақты жүріс­тұрысынан да алабөтен зиялылықтың жылы лебі есіп тұратын Зейнолла Серікқалиев ағамызбен қапелімде бетпе-бет ұшырасып қалдым. Әдеттегі амандық­саулықтан кейін жақын шүйіркелесе келе байқағаным, Зекең 1981 жылдың тақырыптық жоспарына еніп, таяуда «Жалын» жастар баспасынан жарыққа шыққалы жатқан студенттердің «Темірқанат» ұжымдық жыр жинағына арнайы алғысөз жазыпты. Сол жайлы кеңінен асықпай баяу мәнерімен әңгімелеп, менің топтама жырларымды айрықша атап өтті. Мен Зейнолла ағаға: – Зеке, мен мұны бұрыннан білем, – деп ойда жоқта жастыққа тән аңғалдықпен ағымнан жарылдым. Жұмабай ағаның әңгімесінен хабардар екендігімді жасырып қала алмадым. – «Ой, пәлі-ай, Жұмабайға байқамай алдын ала айтып қойғанымды қарасаңшы. Әзірге алғысөзім ел білмес құпия шығар деп жүрсем». Осылай деген Зейнолла аға мені айрықша ықыласпен мейірлене қолтықтап алып, риясыз түрде бір рахаттана, жаздай жарқырай күліп еді сонда…

Сол сексенінші жылдары бірде көрнекті ақын Ибрагим Исаев Жұмабай ағаны, мені, бір демалыс күні өзіне шақырды. Қасында Сыр елінен келген талантты ақын досы, «Сырдария» аудандық газеті мәдениет бөлімінің меңгерушісі Асқар Кіребаев бар екен. Сөйтіп, үш ақын, бір әдебиет сыншысы  – төртеуміз ертемен Гоголь көшесіндегі ғимараты биік еңселі, сыртқа шығар лоджиялары алтынмен аптағандай күнге шағылысып көрінетін орталық көше бұрышындағы  у­шуы аздау, оңашалау жерге орналасқан  көпқабатты үйге қарай асыға адымдай бет түзедік. Қоңырауды бастық. Есікті үй иесі Тұманбай Молдағалиевтің өзі ашты. Ақжарқын ақын шабыты  шалқып тұрған күйі: – Жігіттер, дастарқанға жайғасып, шайға отырыңдар. Одан бұрын жаңа ғана жазған, сиясы кеппеген мына бір өлеңімді тыңдаңдар, – деген күйі дүниеге енді ғана келген жап­жаңа жырын ерекше сырлы сезіммен оқып берді. Сәлден соң ақынның бәйбішесі мінәйім мінезді, сабырлы кейіптегі мейірбан жан Күлтай анамыз майлы қазы-қартамен ерекше дәмделіп көмкерілген, ыстық буы бұрқыраған бір табақ етті алдымызға әкеліп қойды. Дастарқанның бір шетінде көздің жауын алар, біздер үшін әл­әзірге таңсық көрінер үлкен коммунистік партия хатшылары мен дөкей министрлердің ащылы-тұщылы жеңсік саналатын «қызулы» сусындары да бір қатарда сап түзеп, самсап тұр. Мен сияқты ашқұрсақ студентке сонда төмендегідей қарапайым ой келіп еді. Мынадай сый-құрметтен кейін қалай жұмыс істемекпіз? – деп те таң­тамаша қалдым.

Тұмағаңның сол кезде заманға сай енді ғана шығып жатқан, көшеде сирек кездесетін жасыл «Жигули» көлігіне бәріміз мініп алып, Еңбекшіқазақ ауданын бетке алып жүріп кеттік. Тұмағаң жайдары да әңгімешіл қарапайым қалпымен өңірдің бай тарихын жол бойы қазыналы  шежіреге қанық көнекөз қария сынды жаңылмай толғана тарқатып келеді. Атқаратын бар шаруамыз ақынның саяжайындағы кепкен, қураған бұтақтарды жинап, алма, өрік ағаштарының түптерін әктеу екен. Соқталдай төрт азаматқа мұндай жеңіл­желпі жұмыстар бұйым болып па, тәйірі! Бірер сағатта-ақ әзіл-қалжың айта жүріп межеленген шаруаны көпке ұзатпай бітіріп тастап, Алматыға аяңдай қайтып келеміз. Абай атындағы Опера және балет театрының тұсына келгенде Жұмекең рұқсат сұрап, көліктен түсіп қала берді. Айта кетер мынадай бір сындарлы сәт. Көзілдірігіне саяжайдағы балшық түйіршіктері жұғып, шалбары да аздап шаңытқан Жұмабай аға паңдана қара сүліктей «Волга» көлігінен түсіп, үлкен жолдан өтіп бара жатқан, үстіне қаракөк түсті су жаңа дерлік қыры сынбаған костюм-шалбар киген, ұзыншалау галстук таққан аса бір маңғаз жоғары лауазымды кісінің алдынан қиғаштай өте бергені сол еді, Тұмағаң оқыс дауыстап: – Біздің Жұмабай батыр (Дегдар) қайтеді-ей! Мынау обкомның екінші хатшысы (Даңқ) пәленше ғой. Ол кісінің алдын кесіп өткені ыңғайсыз болған жоқ па, жігіттер? – деп бізге көтеріңкі көңілмен масаттана қарап, қуақылау әзіл-қалжың жүгірткені бар-ды…

Одан бері де қаншама жыл өтті, қаншама су ақты. Менің есімде қалған ұмытылмас сағынышты жайлар осы еді. Жұмекең кейініректе, дәлірек айтқанда, әсем Алматыны қимай қалдырып 2004 жылы киелі де көне Түркістан шаһарына біржола қоныс аударған еді. Ол кісі ғылым жолын жанкештілікпен жалғастырып, Қожа Ахмет Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді, ғылым докторы, профессор атанды, кафедра меңгерушісі болды. Оның мәңгі өшпес мұрасы ретінде артында «Қазақ комедиясы», «Этнодеформация», «Жазба комедиясының даму ерекшелігі», «Қалтай Мұхамеджанов драматургиясы»  атты іргелі еңбектері, зерттеу монографиялары қалды. Бұл құнды еңбектерде қазіргі заманғы комедия жанрының стильдік ерекшеліктері, даму жолдары, сондай-ақ мәдениеттік  эволюция үрдістерінің, ұлттық құндылықтардың сабақтастық дәстүрлерінің мән-маңызы, олардың бүгінгі таңдағы алар орны, ұлтқа, оның ішінде кейінгі ұрпаққа айнымас темірқазық болар айқын бағдары мейлінше кеңінен әрі жан-жақты қарастырылған.

Есте қалған Жұмабай Әбілов жайлы ескірмес естеліктерімді ертеңнің еншісіне қалдырмай, аса мәртебелі оқырманмен бірге бүгін бөлісуді жөн көрдім. Өйткені, алаулатып­жалаулатқан даңқсыз ғұмыр кешсе де өмірден қарапайым ғана дегдар болып өткен Жұмабай ағаның ұлт әдебиетінде, ұлық өнерінде, мәйекті мәдениетінде мақтана да мерейлене ұлықтар ұлы істері менің жадымда жаңаша жаңғыра түсіп, осылайша қалып еді. Мен тек бар болғаны осы естелікті өзім сыйлайтын һәм қимайтын, әдебиет сүйер қауымға,  қадірлі оқырманға, барша жұртқа аппақ қағазға түскен күйі өткен шақтағы Жұмабай ағамен бірге жүрген өнегелі де өшпес күндерден қимай оралып, кәдімгі қаз-қалпында жеткізуге тырыстым.

                                      Бақытжан АБЫЗОВ,  ақын,  

                                      Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі

                                      АЛМАТЫ