Сонау XV ғасырдың орта шені, Керей мен Жәнібек хандардың тұсында 200 мың адам болған Қазақ хандығының саны Қасым хан тұсында 1 млн адамға жеткен. Ал, 1830 жылы, яғни 300 жылдай уақыт өткенде бар болғаны 1,5 есеге ғана өсті. Халықтың баяу өсуінің негізгі себебі жұт жылдарындағы орасан көп адам шығыны болатын. Одан бөлек, жоңғарлармен шайқаста миллиондаған адам шейіт болған. Осы шығынды қалыпқа келтіру үшін, яғни, халықтың табиғи өсіп-жетілуіне 75 жылдай уақыт өткен. Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан халқының өсімі жайлы деректерге шолу жасаған едік.
ХХ ғасырдағы жағдай
Әлеуметтік-саяси, экономикалық үрдістер республика халқының құрамында, оның табиғи қозғалысы, көші-қон процестері, әлеуметтік құрылымы және басқа да көрсеткіштерінің өзгерістері демографиялық дағдарыс сипатында көрінді. Мысалы, 1937 жылы республика халқы 1926 жылғы санақпен салыстырғанда 1,3 есе, соның ішінде, қазақтар 1,7 есе, украиндар 1,6, өзбектер 1,9, қырғыздар 2,1, басқа да ұлт өкілдері 1,6 есе кемісе, елге сырттан қоныс аудару саясатының пәрменді жүргізілуіне байланысты орыстар 1,5 есе, немістер 1,6, татарлар 1,1 есе көбейген. КСРО-дағы халық санының жоспарланған деңгейден 11 миллионға кемігенін көрсеткен 1937 жылғы санақ кеңес өкіметінің 1917-1933 жылдары жүргізген саясатының демографиялық дағдарыстарға әкелгенінен хабардар етеді.
Сондай демографиялық дағдарыс 1939-1959 жылдар аралығында да орын алған. Сол жылдар аралығында кеңес өкіметінің сыналап жүргізген көші-қон саясатының нәтижесінде, қазақтардың өз жеріндегі үлесі де мүшкіл жағдайды бастан кешкен.
Осы орайда айта кететін жайт, 1950-жылдардан бастап, халықтың 1931-1933 жылдардағы ашаршылық пен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы салдарынан төмендеп кеткен саны мен табиғи өсімін көтеру мақсатында кеңес өкіметі тарапынан бірқатар әлеуметтік жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, он жылдық білім енгізілді, жалақы мөлшері өсті, ауруханалар, тұрғын үйлер салу қолға алынды, жүкті әйелдерге жағдай жасалып, балалы әйелдерге берілетін жәрдемақы енгізілді, тегін дәрігерлік көмек халықтың барлық әлеуметтік тобына қызмет етті. Міне, осы жағдайлар 1960-1962 жылдары Қазақстандағы «демографиялық жарылысқа» мүмкіндік туғызып, халық бірден 22-25% аралығында өскен.
Осы деректі негізге ала отырып, елдегі демограф-ғалымдар бүгінгі таңда жоғарыда айтылғандай жан-жақты әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылмаса халық санының кему қаупі туындағанын жасырмайды.
2021 жылы елімізде тұрғындар саны 19 млн-ға жетеді
ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің төрағасы Н.Айдапкеловтің Baq Kz сайтына берген сұхбатында 2021 жылы елімізде тұрғындар саны 19 млн-ға жететіні айтылған. Комитет төрағасының айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы халық санын онлайн есептеуіш арқылы бақылауға болады. Қазақстандық есептеуіштің артықшылығы – негізгі деректер ай сайын жаңартылады екен.
Осы орайда еліміздің демограф-ғалымдарының зерттеуіне назар салсақ, бес жыл бұрын, яғни, 2016 жылы 400 мың бала өмірге келген. Иә, бұл – Тәуелсіздіктің осы кезеңге дейінгі тарихында ең көп көрсеткіш. Десек те, бала туу жөнінен рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болған. Бұл жылы Қазақстанда 417 мың бала дүниеге келген екен.
Айта кетейік, осыдан он жыл бұрын, 2011 жылдың 1 қаңтарына Қазақстан халқының саны – 16 441 959 адамды құраса, 2021 жылы 1 ақпанға еліміздегі халық саны –18 897,9 мың адам болып отыр.
Демография: ғылыми негізделген тұжырымдар
Қазақстан демографиясының тарихнамасы өз бастауын Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңнен алады. Осы кезеңде орыс зерттеушілері көптеген құнды деректерді ғылыми айналымға тартқанымен, зерттеу барысында ұлыдержавалық мүддені бірінші кезекке қойып, соған сай қызмет етуге тырысқаны белгілі. Бұған байланысты, яғни, патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясаты қазақ халқын күйзеліске ұшыратып, өз елінде қазақтардың үлесін азайтып келе жатқандығы XX ғасырдың басында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов М.Тынышпаев, М.Дулатов секілді Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерінде өткір сынға алынған.
Әйтсе де, тек 1980-жылдары басталған жариялылық пен демократияландыру кезінде Қазақстан халқының демографиялық дамуына деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Сол жылдардан бері республика көлемінде, ТМД елдері бойынша да тарихи-ғылыми көпшілік басылымдарда тарихнамалық талдау жасауға лайық демографиялық бағыттағы зерттеулер жарияланды. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінде халықтар тағдырындағы саяси факторлардың әсерлері талдана бастады.
М.Қозыбаевтың, М.Тәтімовтың, Қ.Алдажұмановтың, Ж.Әбілғожиннің еңбектерінде таза фактілерге негізделген Қазақстандағы 1920-1940 жылдары тоталитарлы жүйенің жүргізген экономикадан тыс, күштеу саясатының дағдарыстарға толы әлеуметтік-демографиялық нәтижелері жарияланды.
Бұдан бөлек, 1990-жылдары М.Қойгелдиевтің, Т.Омарбековтің және т.б. ғалымдардың еңбектеріңде асыра сілтеу жылдарындағы қазақ халқының демографиялық келбетін айқындайтын, халық санының азаюы мен апатқа ұшырауы салдарларын ашқан тұжырымдары жарияланды. Онда Қазақстаннан тысқары кеткен қазақтардың саны мен әлеуметтік құрамы жөнінде құнды мәліметтер берілген. Ал академик М.Қозыбаев еңбектерінде нарықтық қайта-құрулар қарсаңындағы тәуелсіз Қазақстандағы тарихи-демографиялық ой-пікірлердің жағдайы ашылады, жан-жақты, объективті зерттеу мен концептуальды қайта түсініктеуді қажет ететін халықтану мәселесінің өзекті салалары сараланды.
Тәуелсіздік жылдарындағы облыс халқының өсімі
Статистика департаментінің әлеуметтік және демографиялық статистика басқармасының басшысы Күләйхан Снасапованың берген мәліметі бойынша 1991 жылы облыс халқының саны 592,4 мың адамды құраған. Бұл көрсеткіш биыл, яғни, 2021 жылдың басына 814,6 мың адам болып отыр.
– Әрине, алдағы өтетін мемлекеттік санақтан соң халық санының нақты көрсеткіші анықталады. Ал бала туу көрсеткіші бойынша 1991 жылы 18,3 мың бала өмірге келсе, одан кейінгі жылдары көрсеткіш біршама төмендеп, 2015 жылға қарай бала туу көрсеткіші қайтадан көбейген. Ал өткен жылы дүниеге келген сәбилер саны 21,8 мың балаға жетіп отыр. Сол сияқты, 1991 жылы адам өлімі 4,5 мың болса, 1993-1995 жылдар аралығында қайтыс болғандар саны көбейген, 2015 жылдардан бері қарай біршама азайып, 2019 жылы 4,5 мың адамды құраған, яғни 1991 жылғы көрсеткішпен бірдей. Бұдан шығатын қорытынды: жыл сайын адам өлімі азайып, орташа өмір сүру жасы ұлғайып келеді деген сөз,– дейді К.Снасапова.
Әйтсе де, 2020 жылы қайтыс болғандар саны бірден 6 мың адамға жетті. Бұл ретте көрсеткіштің күрт артып отырғаны – әлемді әбігерге салған індеттің әсері екені белгілі.
Айта кетейік, 2021 жылдың басындағы деректерге қарағанда аймақ тұрғындарының орташа жасы 29-ды құрап отыр. Бұл да біз үшін қуанышты жағдай, яғни, жас тұрғындар саны артып келеді.
Байқап қарасақ, Тәуелсіздік жылдарында аймақ тұрғындарының саны тура 222,2 мың адамға көбейген екен. Жоғарыда деректерде айтып өткеніміздей, жыл сайын орта есеппен 21 мың бала өмірге келетін болса, облыс халқының саны 2030 жылға қарай 1 млн-нан асып түсетініне үміт бар.
Халық санағы қашан өтеді?
Халық санағы – бірнеше жылға жоспарланатын, кең масштабтағы саяси іс-шара. Бұл шара аясында республика халқы жөнінде салыстырмалы толық әрі объективті ақпараттар алынып, белгілі бір кезең аралығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жоспар жасалады.
Өздеріңізге белгілі, Ұлттық халық санағы 2020 жылы өткізілуі тиіс болатын. Бірақ әлемде орын алған COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай жарияланып, карантиндік шаралар енгізілді. Сол себептен Халық санағы 2021 жылдың қыркүйек-қазан айларында өткізіледі деп жоспарлануда.
Санақ екі кезеңнен тұрады: I кезең 1-30 маусым аралығында тұрғын жайларды нақтылау бойынша өткізіледі. Аралау нәтижесі бойынша санақ учаскелеріне бөлінеді. Ал II-кезең 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында тұрғындарды жаппай халық санағынан өткізу жұмыстары жүргізіледі. Бір ерекшелігі биылғы халық санағы электронды форматта өтеді.
Ұлттық халық санағын өткізу жөніндегі ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысымен, Қызылорда өңірінде ұлттық санақ өткізуге жәрдемдесу жөніндегі өңірлік комиссиясы құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<