Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың тұрғындар алдындағы есебі коронавирус пандемиясымен күресуде аймақта атқарылған жұмыстардан басталды. Әлемді жайлаған пандемия бәрімізге үлкен сынақ болғаны белгілі. Қауіпті кесел қалыпты өмірімізге біршама өзгерістер әкелді. Қоғамның қай саласы болмасын, сол өзгерістерге бейімделуге мәжбүр болды. Әсіресе, медицина саласына қиын соққаны жасырын емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында, «коронавируспен күресуде тиісті сабағымызды алып, алдағы уақытта індетті болдырмау үшін жұмыс жасауымыз қажет» деп атап көрсетті. Осыған орай, облыста тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуде, ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жарақтандыруда біршама жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Жалағаш аудандық ауруханасының қолданысқа берілуінің өзі ауыл медицинасының қолжетімділігін арттырды.
Кеселмен күресте өзім басқаратын көпбейінді облыстық аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасында оттегі стансасы салынып, іске қосылды. Бұл өз кезегінде көп көмегін тигізуде.
Аймақ басшысы өз баяндамасында денсаулық сақтау саласында аудандық орталық ауруханалар салу мәселесі толығымен шешілгенін, ендігі кезекте алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды 2024 жылға дейін жаңарту жоспарланып отырғанын жеткізді. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде бүгінде өңір «жасыл аймақта».
Жалпы, өңірдің қай саласын алсақ та алға жылжу байқалады. Халқымызда «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген тамаша тәмсіл бар ғой. Қиындыққа қарамай қол жеткізген барша жетістіктеріміздің бастауы – бірлікте деп ойлаймын. Ендеше елге келген індетті де бірге жеңеміз деп білемін.
Нұридин ӘМИТОВ,
облыстық көпбейінді аурухана директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<