ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ «ЖОЛ КАРТАСЫ»

1059

0

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ  «ЖОЛ КАРТАСЫ»Дені сау адам – мемлекеттің басты байлығы. Осы орайда елімізде тұрғындардың денсаулығын қорғау барысында Елбасының бастамасымен бірқатар бағдарламалар қабылданып, көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. 
Атап айтқанда, «Саламатты Қазақстан», «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламаларының қазақстандықтар саулығын сақтауда маңызы зор. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында да денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыруға баса көңіл бөліп келеді. Мәселен, «Қазақстан-2050» стратегиясында Елбасы Н.Назарбаев «Ұлт денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен болатын. Бүгінгі таңда осыны негізге алған салада ауқымды жұмыстар атқарылуда. 
Біздің Қызылорда облысында да денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жеткілікті. Тұрғындардың саулығын сақтау, оларды сапалы әрі тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытында едәуір ілгерілеушіліктер бар. Қазіргі уақытта облыстың денсаулық сақтау саласы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мен облыстың 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасын және 2013-2104 жылдарға арналып қабылданған «Жол картасын» басшылыққа алып жұмыс жасауда.  
Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің барлық қызметі іс жүзінде саланың ең басты көрсеткіші күтілетін өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған. Дер кезінде қолданылған шаралар нәтижесінде біздің облыста осы көрсеткіштің оң беталысы байқалады, яғни, үстіміздегі жылы 68,9-дан 70 жасқа жетті. Орташа өмір ұзақтығына тікелей әсер ететін жалпы өлім көрсеткіші төмендеп, 5,4-ті құрады. Соңғы бес жыл көлемінде ана өлімінің көрсеткішін 76,5 пайызға, сәбилер өлім-жітімін 22,6 пайызға төмендетуге қол жеткізілді. Тұрғындар арасында жүргізілетін профилактикалық тексерулерге байланысты қан айналым жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші 20 пайызға, қатерлі ісіктерден 3, туберкулезден 15 пайызға төмендеген. 
Облыста жоғары мамандандырылған көмек те дамып келеді, әсіресе, кардиохирургия, нейрохирургия, травматология, онкология салалары бойынша заманауи озық технологиялар енгізіліп, күрделі оталар жасалуда. Облыста күні бүгінге дейін тоғыз мыңнан астам науқасқа жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге қол жеткізілсе, оның ішінде төрт мыңнан астам «ашық» жүрекке ота жасалған. 
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасының түпкі мақсаттарының бірі – аурудың алдын алу үшін тұрғындарды скринингтік тексерулерден өткізу, сол арқылы табылған ауруды ерте сатысында анықтап, емдеу. Осы мақсатта қан айналымы ауруларына, қант диабетіне, сүт безі, жатыр мойны қатерлі ісігіне, глаукомаға өзге де бірқатар ауруларға қауіп-қатер бойынша скринингтік тексерулер жүргізілуде. Скринингтік тексерулер жүргізуде мамандардың айтуынша, 2011 жылы алынған үш жылжымалы медициналық кешеннің қызметі орасан болды. Жыл басынан бері жылжымалы медициналық кешен 37 шалғай елді мекенге барып, 37558 тұрғынды профилактикалық тексерумен қамтамасыз еткен.  
Жылжымалы медициналық көмектің бірі – санитарлық авиация. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық трассасының салынуына байланысты 2011 жылы 150 шақырым қашықтықта жатқан автокөліктер апаты салдарынан жапа шеккен ауыр науқастарға, мүгедектікке алып келетін жағдайлар, екіқабат әйелдер мен сәбилерге көмек көрсету мақсатында облысымызға республикалық бюджеттен 100 млн. теңге қаржы бөлініп, МИ-17 тікұшағы сатып алынып, пайдалануға берілді. Осының арқасында 2011 жылы 69 науқасқа ұшақ арқылы көмек көрсетілсе, 2012 жылы 99 рет, ағымдағы жылдың жеті айында 69 рет ұшақпен медициналық жәрдем берілген.
Бағдарламаға байланысты былғы жылы материалдық-техник
алық базаны жарақтандыру мақсатында республикалық бюджеттен 928,6 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 1 компьютерлік тамограф алынып, бес сандық түсіру құрылғысы және 26 реанимобиль алынады деп жоспарланған. Ал, 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бойынша қолжетімді стационарлық көмекті ұйымдастыру мақсатында алдағы жылдарда 13 ауылдық аурухананы ашу көзделіп отыр. Үстіміздегі жылы ауылдық ауруханалардың қайта ашылуына жергілікті бюджеттен 86 988 мың. теңге қаралған. 
Мемлекет басшысы 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында елдегі онкологиялық аурушаңдықты төмендету, өлім-жітімді азайту бағытында жұмыс жасауды тапсырған болатын. Осыған байланысты біздің өңірімізде де бірқатар жұмыстар атқарылуда және алдағы уақытта аймақта онкологиялық орталық салу қолға алынбақшы.  
Жалпы, еліміздің, оның ішінде Сыр өңірінің денсаулық сақтау саласы Елбасының қамқорлығынан шет қалмай келеді және сол қамқорлық аясында аймақ медицинасы дами берері сөзсіз. 
Айнұр СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<