Депутат пойыздардың жол уақытын қысқартуды сұрады

354

0

Депутат пойыздардың жол уақытын қысқартуды сұрады Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Майра Айсина еліміздегі бірқатар теміржол вокзалдары жолаушылар үшін қолайсыз екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы орайда, бір топ депутат теміржол саласындағы мәселелерге қатысты Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің атына  сауал жолдады.
«Жуырда өңірлерде болғанымызда пойыз жолаушыларының теміржол қызметіне көңілдері толмайтындығын анықтап білдік.  Атап айтсақ, көп вокзалдарда жолаушыларға қолайлы жағдайлар жасалмаған. Оның үстіне, еліміздегі көптеген теміржол стансаларында   жолаушыларды вагондарға отырғызу мен  түсіру қолайсыз. Олар перрондармен жабдықталмағандықтан адамдар, әсіресе қарттар мен мүмкіндігі шектеулі  кісілер биік вагон тамбурларынан әрең түсіп-мінеді»,- деді депутат.
Депутат жолаушыларды вагонға отырғызу уақыты 2-5 минутпен шектелгенін, сол себепті жұрт пойыздан түсіп-мінуге үлгермей жататынын жеткізді.
«Тағы бір адамдарды қинайтын мәселе – пойыздардың жүріп-тұру кестесінің және бағдарларының қолайсыздықтары. Мәселен, «Қарағанды – Қаражал – Қарағанды» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы 360 шақырым қашықтықтағы Қаражал кентіне 11 сағаттан астам жүреді.  Ал қайтарда тіпті асықпай, 12 сағатқа жуық уақытта әрең жететін болып шықты.  Себебі аталған пойыздың Жаңаарқа станциясында 3 сағат 29 минут аялдайды», – деп нақтылады Майра Айсина.
Осыған ұқсас жағдай «Балқаш – Жезқазған – Балқаш» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызы қатынасында да орын алып отыр. Теміжол стансаларында ұзақ аялдау жолаушылардың орынды алаңдаушылығын туғызуда. Олар вагондарда қажетті санитарлық жағдайлар жасалмағандықтан, сыртқа шығып, темір жолдың үстімен жүріп, өз өмірлеріне қатер төндіруге мәжбүр.
Бұл тұрғыда депутат  барлық пойыздардың жолаушылар вагондарының техникалық жай-күйін бағалап, оларды жаңарту мәселесін қарастыру керектігін атап өтті.
«Республика бойынша барлық теміржол стансаларының жағдайын тексеріп, жолаушыларға мүмкіндігінше жағдай жасауды қолға алған жөн. Сонымен қатар, «Қарағанды – Қаражал –  Қарағанды» және «Балқаш – Жезқазған  – Балқаш» бағыттарындағы жолаушылар пойыздарының жол журу уақытын қысқарту шараларын қабылдау қажет. Бұдан бөлек, «Қызылорда – Жезқазған» пойызы қатынасын жолаушылар үшін барынша қолайлы етіп ұйымдастыру және оны Астана қаласына дейін ұзарту мәселелерін қарастырған жөн», – деп түйді М. Айсина.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<