Әділдіктің бағдаршамы

334

0

Әділдіктің бағдаршамы Бесінші бағыт.

Тұрғын үй мәселесін шешу.

Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда Бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды.

(Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне

ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінен)

Еліміздің сот жүйесінде іргелі іс-шаралар, өміршең бастамалар жүзеге асырылуда. Оның бәрі өз бастауын Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан алды. Осы ірі бастама отандық сот жүйесіне тың өзгерістер әкеліп, құқық саласында соны серпіліс болды.

Халықаралық ұйымдардың пікірінше бүгінде соттарымыз қолжетімді бола түсті. Кез келген сотқа көп шығынсыз, бюрократиясыз жүгінуге болады. Сотта істер тез қаралады. Бұрын іске соңғы нүкте қойғанша 2,5 жыл кетсе, енді бір жылдан аспайды. IT-сервис енгізілді. Арыздардың 90%-ы интернет арқылы беріледі.

Сотта жағдай жасау жағынан əлемдік рейтингте төртінші орындамыз. Алда тек Сингапур, Норвегия, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттер. Бұл – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жемісі.

Өткен жылғы 19 қарашада Елбасының қатысуымен өткен кеңесте сот жүйесінің одан əрі дамуына жаңаша серпін берген жəне сот төрелігінің сапасын арттыруға негіз болған үш бағыт анықталды. Ең алдымен кадрлар сапасын арттыру. Ол үшін сот жүйесіне білікті заңгерлерді, ғалым-құқықтанушыларды іріктеу, стимул жасау, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу, оларды облыстық немесе Жоғарғы сотқа алудың жаңа тетіктерін қарастыру міндеті қойылды. Екінші міндет, судьяларды дауы жоқ істерден босатып, оларды күрделі істерге жұмылдыру, жүктемені азайту. Үшінші, сот процесін артық бюрократиядан тазартып, оны тиімді, ыңғайлы, түсінікті ету жолдарын негіздеу, іске асыру.

Биыл наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты қабылдағанда осы күрделі мəселелерді шешу жолдары, алда атқарылатын іс шаралар талқыланып, тапсырмалар жүктелді. Одан бері бірер ай өтті. Жоғарғы сот бұл бағытта не істеп жатыр деген сауал туындайды. Біздегі дерек бойынша, ауқымды істер атқарылуда. Кадрларды іріктеудің жаңа əдістері енгізіліп, судьялық қызметке «кездейсоқ» адамдардың оңай орналасуына тосқауыл қо­йылды. Судьялыққа белгілі ғалым-құқықтанушылар мен білікті заңгерлерді алуға жол ашылды. Мұндай жаңа тəсіл салық, кеден, инвестициялар, зияткерлік меншік бойынша, бəсекелестік пен монополияға қарсы қызмет саласындағы, сондай-ақ өзге салалар дағы күрделі істерді шешу сапасын жаңа деңгейге көтермек. Сондай-ақ судьяларды аттестаттау тəртібі күшейтілген. Арнайы құрылған Комиссия əрбір судьяның шешімі мен үкімін мұқият зерттейтін болады. Əсіресе бұзылған актілерді қарау талабы қатаңдатылды. Биыл аттестациядан 500 судья өтпек. Бұл – əрбір төртінші судья үшін үлкен сынақ.

Қазіргі уақытта судьялыққа вакансия көп. Бірақ бүгінгі талап бойынша сот жүйесіне сан емес, сапа керек. Сол себепті Жоғары Сот Кеңесімен бірлесіп, іріктеу тəртібін күшейтті. Бұрын іріктеуден əрбір 4-ші кандидат оңай өтсе, қазір əрбір 25-ші кандидат үлкен еңбекпен өтеді.

Одан кейінгі мəселе – сот процестерін артық, қажетсіз бюро­кратиядан тазарту. Қазір түпкілікті шешім шығару үшін судья оған дейін 20 шақ­ты құжатты толтыруға мəжбүр. Одан арылу жолдары қарастырылып жатыр. Өйт­кені артық процедуралар, жүктеменің көптігі судья­лардың өздеріне тікелей қа­тыс­ты күрделі істерді қарау­ларына едəуір кедергі болып келгені рас. Сондықтан сот төрелігіне тікелей қатысы жоқ функциялар соттардан алынып, нотариустар мен прокуратураға берілуде. Бұл судьялардың жүктемесін едəуір төмендетеді жəне олар­дың нақты даулар мен күр­делі істермен айналысуына мүмкіндік береді.

Қазір республика бойынша судьялыққа бос орындардың болуының түрлі себептері бар. Көбінесе өңірлерде жүкте­менің көптігінен судьялардың жұмыстан шығуы орын алған. Егер 2017 жылы соттарға 2,7 млн іс пен материал түссе, 2018 жылы 4,5 млн-ға жеткен. Биылғы жылдың 4 айында 2 млн, яғни өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда екі есеге артқан. Өзге елдермен салыстырсақ, өткен жылы əрбір ресейлік судьяға орта есеппен 1 000 іс пен материалдан келсе, қазақстандық судьялар шамамен 2 000 іс пен материал қараған. Биыл одан да көп: 3500-ге жуық болмақ. Болжамға сəйкес респуб­лика соттарына 8 млн іс пен материал түсуі мүмкін.

Жоғарғы сотта нақты əрі стратегиялық маңызды міндет­терді орындау үшін заңдарға түзе­тулердің үш топтамасы əзір­ленді. Жалпы, əзірленген 15 заң жобасының алтауы күшіне енді, үшеуі Парламентте, ал қалғаны Мəжіліске енгізу сатысында.

Жоғарғы сот төрағасының пікірінше, жүктеме мəселесін шешудің ең тиімді жолы – татуластыру институтын дамыту. Дамыған елдерде даулардың 70-80% татуласумен аяқталып жатады. Неге? Өйткені татуласу сотқа қарағанда əлдеқайда тиімді, арзан, жылдам, ыңғайлы. Сотқа жүгіну оларда қымбат əрі ұзаққа созылады.

Бір жылдан астам уақыттан бері соттар жұмысына жаңа формат енгізілуде. Мысалы, сингапурлық тəжірибе бойынша «Түнгі соттар», «От­басылық соттар» жəне татуластырушы судьялар пилоттық режімде жұмыс істеуде. Дерек­ке жүгінсек, 16 өңірде татуласу орталығы ашылды. Республика бойынша 46 орталық жұмыс істейді, татуластыру ка­бинеттері – 1016. Оларда кəсіби медиаторлар, нотариустар, сот орындаушылар, басқа да мамандар бар. Міндет – келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, ортақ шешім іздеу жəне ұсыну.

Өткен жылы «Түнгі соттар» жобасы іске қосылды. Бұрын жол-көлік оқиғасы орын алғанда, полицияның хаттама толтыруы мен сот шешімін алу – 3 айға, сақтандыруды алу 100 күнге созылатын. Қазір жол-көлік оқиғасы болса, полицияның хаттама толтыруы мен сот шешімін алу – 3 күн, оның күшіне енуі – 10 күн, сақтандыруды алу – 15 күн. Адамдар сағат 18.30-дан 22.00- ге дейін процестерге қатысады. Олар енді бұрынғыдай жұмыстан сұранып, күндізгі тұрмыстық мəселелерінен қол үзіп, əуреге түспейді. «Түнгі соттар» 16 облыста ашылып, жұмыс істеуде.

Өткен жылғы қыркүйектен бері «Отбасылық соттар» жобасы тиімділігін көрсетті. Отбасылық істер бойынша 107 судья жұмыс істейді. Психологтар мен медиа­торлар да белсене атсалысуда. Қаралған отбасылық істердің 41 пайызы бітіммен аяқталған.

Тағы бір жоба – татуластырушы судьялар. Олар адамдардың сотқа талап-арызын бермей тұрып, істің анық-қанығына жетуіне, соттағы істердің ұзаққа со­зылмауына, олардың артық шығынға батпауына көмектеседі. Қазір елімізде 93 татуластырушы судья жұмыс істейді. Олар өздері қараған істердің 55 пайызын бітіммен аяқтап отыр.

Ал өткен жылғы сəуірден бері республикадағы 50 сот ғимаратында фронт-кеңселер жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін фронт-кеңселер тағы 100 сотта ашылады. Оларда келушілерге қолайлы жағдай жасалған.

Үкімет пен «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп 20 ірі мəселені шешу міндеті тия­нақталған. Мұндай бірлес­кен қадам экономика секто­рындағы күрделі даулар бо­йын­ша тұрақты, біркелкі жəне болжамды сот практикасын қалыптастыруға мүмкіндік туғызатыны сөзсіз.

Қазақстан «Жаһандық бəсекеге қабілеттілік» рейтин­гісінде «Сот жүйесінің тəуел­сіздігі» индексі бойынша 2017 жылы – 79-орында болса, 2019 жылы ақпанда – 73-орынға, «Заң үстемдігі» индексі бойынша 2017 жылы – 64-орында болса, 2019 жылы ақпанда – 65-орынға, «Бизнесті енгізу» («Келісім шарттардың орындалуын қамта­масыз ету») индексі бойынша 2017 жылы – 6-орында болса, 2019 жылы ақпанда 4-орынға тұрақтаған.

Меніңше, сот – əділдіктің бағдар­шамы. Көшедегі бағдар­шам жол жүрісін реттесе, отан­дық сот жүйесі қоғам өмі­рін заңдық тұрғыда реттейді. Себебі адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау – сот­тардың мис­сиясы. Жұртқа сапалы сот қызметі көрсетілгенде ғана ха­лық­тың сотқа деген сенімі артады.

Нұрлан ҚАЛҚА,

Жоғарғы сот төрағасының кеңесшісі.

«Egemen Qazaqstan» газеті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<