АҚШ босқындарға тыйым салмақ
АҚШ Президенті Дональд Трамп «Үшінші әлем» елдерінен келетін босқындардың АҚШ аумағына кіруіне біржола тыйым салмақ. Миллиондаған азаматты заңды мәртебесінен айырып, депортациялауды талап етіп отыр. Ал Ауғанстан азаматтары тіпті «қара тізімге» енді десе болады.
Трамп әкімшілігі босқын мәртебесін алуға ұмтылған ауғанстандықтардың өтінімдерін қарауды тоқтатты. Ақ үй басшысының қатқыл мәлімдемесіне таяуда АҚШ-та болған қылмыс себеп. 29 жастағы жігіт тапа-тал түсте Ұлттық ұланның екі сарбазына оқ атқан. Оның біреуі көз жұмды. Екіншісі ауыр халде. Оқыс оқиға басқа емес, ел астанасы Вашингтонның қақ ортасында, Ақ үйге жақын маңда болған. Күдікті – Ауғанстан азаматы.
Қазіргі кезде 265 мың ауғанстандық АҚШ-қа көшу үшін құжаттарын тапсырған. Олардың 180 мыңы арнайы иммиграциялық визаға кезекте тұр. Басым бөлігі әзірге Пәкістан, Қатар, Солтүстік Македонияны паналап жүр. Трамп әкімшілігі сондай-ақ АҚШ-қа қоныс аударған 19 елдің азаматтарына берілген грин-карталарды қайта қарайтынын мәлімдеді. Тізімде Азия, Африка, Латын Америкасының бірқатар мемлекеті бар.
«Бұл – тек бастамасы» дейді
Жасанды интеллект АҚШ-тағы барлық қызметкерлердің шамамен 12 пайызын алмастыра алады.
Бұл туралы Массачусетс технологиялық институтының зерттеушілері мәлім етті. Олардың айтуынша, жасанды зерденің арқасында бір триллион доллар қаражат үнемдеуге болады.
Биыл АҚШ-та IT саласының 100 мыңнан астам қызметкері қысқарған. «Бұл тек бастамасы ғана» дейді ғалымдар. Қысқарту қаупі жоғары мамандықтар тізіміне HR, логистика, қаржы саласы мен кеңсе қызметтері енгізілген. Зерттеушілер 150 миллион қызметкердің деректерін сараптай келе жасанды интеллект оларды толық алмастыра алады деп отыр.
Картоп фестивалі
Тәжікстан астанасында картоп пен одан жасалған тағамдардың дәстүрлі фестивалі өтті. Сөрелерде түрлі-түсті және көлемдегі картоптар бар.
Пирамидалар, кілем панельдері, жануар мүсіндері және картоптан жасалған мүсіншелер қойылған. Көкөністі осы жерден екі есе арзан бағаға сатып алуға болады.
Елдің түкпір-түкпірінен келген фермерлер Душанбеге картоптың ең жақсы сорттарын әкелген. 400 тонна өнім сатылымға қойылды. Фестиваль қонақтары тек сатып алып қана қоймай, сонымен қатар қуырылған, қайнатылған, езіліп пісірілген картоптың, салаттардың, самбуса және тіпті картоп кебабтарының дәмін тата алады.
Бұл мереке ел президентінің бастамасымен пайда болған. Себебі бұл өнім Тәжікстанда өте танымал. Тәжікстанда картопты ет пен нан сияқты жақсы көреді. Елде жыл сайын 1 миллион тоннаға дейін картоп өсіріледі.
Итбалықты қорғау орталығы ашылды
Иранның Гилан провинциясындағы Божак ұлттық саябағында Каспий итбалықтарын сақтауға, емдеуге және зерттеуге арналған алғашқы мамандандырылған орталық ашылды.
Дереккөздің хабарлауынша, Каспий итбалығы Халықаралық табиғатты қорғау одағының жойылып кету қаупі төнген түрлердің Қызыл тізіміне енгізілген. Ол – осы тізімдегі жалғыз теңіз сүтқоректісі, саны соңғы онжылдықта шамамен бір миллионнан 70 мыңға дейін азайды.
Мекеме итбалықтардың қырылу себептерін зерттеуге көмектесетін жетекші ветеринарлық-зерттеу кешеніне айналуы мүмкін. Билік балықшыларды жарақат алған жануарларды тапқан кезде қалай әрекет ету және оларды тез арада орталыққа қалай жеткізу керектігін үйретуді жоспарлап отыр. Олар итбалықтарды бақылау үшін ұшқышсыз ұшқыштарды да қолданатын болады. Бұл шаралар сүтқоректілердің қырылуын азайтады.
Ақпарат көздерінен





