Еңбектің даңқы

503

0

Қай заманға, қай кезеңге де болсын көз салсақ, ар мен намыс жүгін қайыспай арқалаған, рухы бай, өз өмірін ел-жұртының жарқын болашағы үшін арнаған тұлғалы азаматтардың болатынын көреміз. Сондай айтулы азаматтардың бірі – кешегі Кеңес заманында барша ғұмырын Арал өңірінің мал шаруашылығын өркендетуге арнап, ел қазынасын тасытуда ерен еңбегімен ерекше көзге түсіп, абырой биігінен көріне білген Қуаныш Бердімағанбетов болды десек, артық айтқандық болмас еді.

Тамырын тереңге жіберген тектілікке қоса өмірден көргені мен түйгені мол, кісіге жасаған қайырымы, кейде жанына жақ­­пайтын істі көрсе, біліп айтар сұңғылалығы да бар абзал азаматтың өткен өмір жолына көз салсақ, бұрылыс-бұралаңы жоқ, төрт құбыласы түгел болды деп те айта алмас едік. Ол жарық дүниеге келіп, жатқанда ел ішін жайлаған ашаршылық зардаптары мен неше түрлі қол­дан жасалған қуғын-сүргін зұл­маттарын сәби жөргегінен-ақ сезіп өсті. Одан кейінгі бала­лы­ғының базарлы шағы да соғыстың отты жылдарына тұстас келіп көп қиындықтарды басынан ке­шіріп өсті.

Осылайша қимас күндерін соғыс құрбандығына айналдыр­ған Қуаныш 12 жасында «Орд­жоникидзе» колхозының малшысы болған әкесі Бердімағанбетке көмекші шопан болып еңбекке ерте араласуына тура келді. Міне, сол кездің өзінде-ақ құр­быластары сияқты алдына сан түрлі арман-мақсат қойған Қуе­кең өмір сүрген за­ма­нының талабына сәйкес, атакәсіп – малшылықты біржолата дұрыс таңдағанын оның былайғы өмірі дәлелдегендей еді. Оның жалындаған жастық жалыны мен бойындағы бар күш-жігерін осы мақсат жолында қандай тосқауыл қамал болса да, бұзып жаруға арнайтындығы келешек өмірінде өзіне демеу беріп, алаң­сыз алға ұмтылдырып отырды.

Өткен ғасырдың 50-жылдары­ның аяқ кезіндегі  кеңестік би­ліктің мал шаруашылығын қар­қынды өркендетуге бағыт ал­ған саясатының нәтижесінде Арал­дың қыр беткейінде де көптеген ұсақ колхоздар біріктіріліп, бір­неше қой совхоздары құрыла бас­тады. «Мал шаруашылығы – екпінді майдан» деп жалаула­та ұрандатқан аттаныс жылдар бойы мүлгіп жатқан құмды өңір­ге де үлкен өзгерістер әкеліп, жаңа қарқынмен түлеуіне жол ашты. Ел азаматтары құстың қанаты, аттың тұяғы тозатын құм қойнауындағы жаңа шаруа­шылықты берекелі мекенге ай­нал­дыру үшін барын салды. Осындай күндердің бірінде «Қа­рақұм» совхозының негізін қалаған іскер ұйымдастырушы Байжан Бижановтың қырағы көзінің мал бағудың қыр-сырын жетік білетін, шаруаға мығым, ісіне ұсынақты Қуанышқа түсуі тегіннен тегін емес. Сол кезден шопанның құтты таяғын қолына алған Қуекең алғаш «Қарақұм», кейін одан бөлініп шыққан «Жіңішкеқұм» совхозының №3 фермасының аға шопаны болып үздіксіз жарты ғасырға жуық тер төгіп, зейнет демалысына шыққанша еңбек етті.

«Мал баққанға бітеді» дегендей, өзінің туабітті еңбекқорлығы мен жауапкершілігі арқасында, ол берісі аудан, әрісі облыс, рес­публика көлеміндегі қатар­ластарынан оза шауып, абырой биігінен көрініп, ерекшеленді. Өзіне бекітілген қаракөл қой отарындағы мал санын шығын­сыз аман сақтап, төл алу және оның өнімдерін мемлекетке өткізу жөнінде жоспарлы тап­сыр­маларды үнемі асыра орындап жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, көпке үлгі болып отыр­ды. Бұл күндері уақыт көші ұзаған сайын Қуекеңнің көзін көріп, онымен бірге қызметтес болғандардың қатары да сиреп барады. Десе де адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жылы баға абырой десек, туған елін түлетуге бар ғұмырын ар­наған еңбек ардагерінің өнегелі ғұмыры жайлы көзін көрген қа­тарластарының естеліктері оның өмір жолын көзге елестетеді. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір» де­ген­дей, шопандар қауымының ты­нымсыз, қажырлы еңбегінің нә­тижесінде ауылдың экономикасы мен тыныс-тіршілігінде де келелі өзгерістер болды, – деп еске алады аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, осы шаруашылықта көп жылдар басшылық қызмет атқарған еңбек ардагері Кішкене Айбосынов. – Осы еңбеккер қауымның алғы са­пында Қуекең де туған елінің көркеюі үшін маңдай терін төгіп адал еңбек етіп, айналасындағы дос-жаран, қатарластары арасында сыйлы болды. Облыстың партия ұйымының пленум мү­ше­сі ретінде талай-талай ал­қа­лы жиындарда сөз алып, мал шаруашылығының келе­лі мәсе­лелері жөнінде көпшілік­ке ой салған кездері көп болды. Әртүрлі дәрежедегі басшылар­дың өзде­рі де әрдайым Қуекеңмен ақылда­сып кеңесін тыңдап отыратын».

«Шаруа көзін жетік білетін, мал бағудың қас шебері бол­ған Қуекеңнің аудан, облыс көле­мінде алдына ешкім шыққан жоқ, үнемі алда жүрді. Қазір уақыт өзгерді дегенмен қоғам игілігі үшін аянбай еңбек еткен Қуекең сияқты азаматтардың өмірі мен өнегелі істерінің бүгінгі ұрпаққа берер тағылымы үлкен», – деп еске алады осы шаруашылықтың ыстық-суығына бірге күйіп ат­салысқан еңбек ардагері Баян Есқуатова.

Қуаныш Бердімағанбетов – қой шаруашылығын дамытудағы көп жылғы үздік жетістіктері Үкімет тарапынан да лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Октябрь революция­сы» ордендерімен, бірнеше медальдарымен марапатталды. Рес­публика Жоғарғы Кеңес пен облыстық, аудандық дәрежедегі алған «Құрмет грамоталары» мен алғыстары бір төбе. Ал 1984 жылы еңбектегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Қазақ КСР-нің «Мемлекеттік сыйлығының лауреаты» деген құрметті атақ­қа ие болуы оның абыройлы өмірінің үлкен бір белесі. Тағдыр оны қаншама біртуар азаматтармен кездестірді. Марқұм осы бір мәртебелі атақты сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің 1-ші хатшысы болған, халқымыздың даңқ­ты перзенті Д.А.Қонаевтың өз қолынан алғанын әркез шаттана еске алушы еді. Облыстық партия комитетін басқарған Еркін Әуелбеков сынды беделді азаматтың еңбектегі жетістіктері үшін «УАЗ» жеңіл автокөлігін сый­ға тапсырғаны мен емен-жар­қын әңгімелескені де естелігіне арқау болатын. 

Қуекең тәуелсіздік жылдарында да ел құрметіне бөленуден кенде болған жоқ. Соның айға­ғындай 2007 жылы «Арал ауданы­ның Құрметті азаматы» атанды, Елбасы Жарлығымен «Ұлы Жеңіске 60 жыл», «Қызылорда облысына 70 жыл» мерекелік ме­дальдарын омырауына тақты. Аудан ардагерлерінің сапында жаңа Астананың көркін де тамашалап қайтты. «Ақылды қария – ағынды дария» дегендей, ол республикалық дәрежедегі зейнетке шыққасын да ауданның, ауылдың қоғамдық өміріне белсене ат салысып, ұлағатты ақыл-кеңестерін айтудан жалықпады.     

Қадыр Мырза Әлі тауып айт­қандай: «Атақты үкімет бе­реді, абыройды халық береді». Үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білген көпшіл қарапайым, ел хал­қына сыйлы азаматқа хал­қының бағасы ше? Ондай абы­ройды халық кез келген көк аттыға бере бермейді. Ол пен­делік ғұ­мы­рында кісілік пен кіші­ліктің, айналасына шуақ шашқан азаматтығының арқасында осындай абыройға ие болған жан болды. Ілгері заманда өткен ақыл ойлы дана бабаларымыз: «Адам туылғанда өмірге төрт түрлі қа­сиетпен келеді: жақсылығы, жа­мандығы, ырысы, өміржасы. Мұ­ның бәрі өзінікі, өзгеге өлшем болмайды» – деген екен.   

Қуаныш өмірінің соңғы күні­не дейін ағайынның қуанышына да, қайғысына да ортақтасып жы­ғылғанға тіреу, шаршағанға демеу, қамыққанға қамқоршы бола білді. Бүкіл әулетке, ауыл-аймақ, досқа аға да, жаға да болды. Үйінің есігі әрдайым ашық болды. Ауыл адамдары да, сырттан келген сыйлы қонақтар да оның берекелі дастарханынан дәм татып, ризашылық баталарын беріп жататын. «Жақсы әйел – азаматтың бағы дегендей», ағамыздың отбасының көп жанды ауызбіршілікті, берекелі, базарлы болуы құдай қосқан қосағы Үржан жеңгеміздің ақжарқын, қабағы ашық, кеуілді мінезіне байланысты екендігі жайлы да сөз қозғамау мүмкін емес. Екеуінің маңдайына Жаратушы иеміз еңбегіне, адал болмыс-бітіміне, пейіліне қоса мол ризық-несібе, бақ-бедел берді. Екеуі жеті ұл-қызды дүниеге әкеліп өсірді. Олардан өрген немере-шөберелерінің қызықтарын көз­дері көрді, алақандарынан су ішті.

«Әкеден ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, олардан өрбіген ұрпақтары да қа­зіргі заманның талабымен қалып­тасқан тұрмыс-тіршіліктің тал­ға­мына сәйкес отбасын құрып, өздеріне лайықты кәсіби жұ­мыстарын атқарып адал тер төгіп еңбек етуде. Оның «құтты таяғын» қабылдаған баласы Төрехан уақыт талабына сай «Қуаныш» ша­руа қожалығын құрып, әкеден қалған тәлімін тәжірибеге айналдырып, қыр төсін төрт түлік малға толтырып, ата кәсібін лайықты жалғастырып отыр.

Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, парасаты биік, ашық пейіл кең мінезді ағамыздың жалған дүниеден өткеніне де бес жылдың жүзі болған екен. Тау алыстаған сайын биік көрінетіні сияқты ешкімнің дегеніне мой­ынсынбайтын уақыт әмір­ші атыл­ған оқтай, шап­қан арғы­мақтай зуылдаса да, оның жар­қын бейнесі ел халқы­ның жадынан өшпек емес.

Өткенсіз бүгінімізді, бүгінсіз ертеңімізді көз алдымызға елестете алмаймыз. Елді үнемі ізгілікке үндейтін Елбасымыздың «Жал­пы­ға ортақ Еңбек Қоғамы» идея­сы бүгінгі қоғамдық санада ең­бек адамдарын құрметтеу арқы­лы жастарға ел дамуын тек еселі еңбекпен ғана байланыстыру керек­тігін алға тартады. Осыған байланысты Тоқабай ауылы тұрғындарының ортақ ше­шімімен үстіміздегі жылдың қыр­күйек айының 8-і күні Қуа­ныш Бердімағанбетовтың 85 жылды­ғын еске алу шараларын өткізу көзделуде. Бұл ұсыныс аудан әкімшілігі тарапынан да қолдау тауып, аталған шаралар аясында жергілікті қоғамдастықтың қаулысымен бекітілген ауыл кө­шесіне ерен еңбек иесінің есімін беру, демалыс саябағын жасап, кеуде мүсінін орнату және ұрпақтары тарапынан рухына құран бағыштап ас беру, ұлттық спорттық ат бәйгесін өткізу сияқты тағылымды еске алу шаралары ұйымдастырылмақ.

Үргенішбай ҚУАТОВ,

Жіңішкеқұм ауылдық округі жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<