«Еңбектен» шыққан ер

488

0

«Еңбектен» шыққан ер Жалағаш жұртшылығына туған жердің түлеуі үшін тер төккен Сахи Ыбыраевтың есімі етене таныс. Сан жылдар бойына ауданда ауыл шаруашылығының дамуына сүбелі үлесін қосқан қайраткер еңбек жолында адамдық биігін аласартпаған азамат болған.
Сахи Ыбыраев 1939 жылы 27 сәуірде Жалағаш ауданы Аламесек ауылдық кеңесіне қарасты «Еңбек» колхозында туған. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, оның әкесі есімі елге әділдігімен танылған сот төрағасы Ыбырай Әлиұлы. Бөтеннің ала жібін аттамай, жұртшылықты әділдіктің ақ туын көтеріп, тура жолдан танбайтын адалдыққа баулып, елге үлгі болған ақберен азаматтың өмір жолында талай күресті жылдар болды. Бірақ соның біріне де сағы сынған емес.
Еңбек жолын 1957 жылы «Еңбек» колхозында бастады. Ауыл баласы еңбектен қашсын ба, нәтижелі ісімен танылды. Кейіннен өгіз арбамен аудан орталығына сүт тасыды. Егін егіп, жүгері өсірді. Барлық сатыдан сүрінбей өткен оның ерекше ынта-ықыласын таныған сол кезде колхоз басқармасының төрағасы Сермағамбет Тұрабаев сенім артты. Колхоз клубының меңгерушісі етіп тағайындады.
1959 жыл. Сахи Ыбыраев басқарманың жолдамасымен Қазақ Мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «Агрономия»  факультетіне оқуға түсіп, аталған институтты 1964 жылы «Ғалым агроном» мамандығы бойынша тәмамдады. Мұнан соң елге оралған білімді маман «Еңбек» колхозының бас агрономы – колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, бастауыш комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
Ол уақытта «Таң» совхозы жаңадан құрылып жатқан еді. Аудандық партия комитетінің бірінші секретары Исатай Әбдікәрімов жас маманның ынтасын арттырып, еңбекке құлшынысын оятып, жаңа совхоздың директоры етіп тағайындады. Сол кезеңдегі ең жас совхоз директоры да 27 жастағы Сахи Ыбыраев болатын. «Таңның» таңын арайландыра еңбек етіп, шаруашылықты алдыңғы қатарға жеткізу үшін күн еңбектенді, түн тыным таппады. Алғашқы жылдардың өзінде-ақ 22 500 центнер күріш өндірді. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мал шаруашылығы саласында да сүт өндіруден, мал бордақылаудан қашан да алдан көрінді. Бертін келе әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке ене бастады. Алғашқы жылы 40 тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспананың көпшілігін Молдавияның студенттері салғандықтан, ауыл орталығында әлі күнге Молдован көшесі өзгерместен сақтаулы.
Кейіннен Сахи Ыбыраев «Мәдениет» совхозына бас агрономдыққа ауысты. Мұндағы шаруашылық төрағасы өзінің ұстазы, сынып жетекшісі Ұзақ Еспанов еді. Ел ағалары артқан үмітті ақтап, сенімге селкеу түсірмеген еңбеккер ауыл тұрғындарының алғысына бөленді. Тіпті, «Осы сары бала келгелі бері қарнымыз тойып тоқшылық та бірге келді. Сахи егін шығады деген жерге егін шығады, ал шықпайды деген жерге шықпайды» деген мақтау сөздер де жиі айтылатын. Ал Социалистік Еңбек Ері атанған Ұзақ Еспановтың «Ай, басы гәукиген осы сары бізге өнім алып бере алса болғаны деп күмәнданып едім. Бұл сары бала – бір жағынан өзім мектепте оқытқан шәкіртім ойымнан шықты. Мына кеудеме таққан «Алтын жұлдызды» да алып берген осы бала» деп, еңбегіне баға бергенін ел біледі.
Сахи Ыбыраев бас агроном болып еңбек еткен жылдары «Мәдениет» совхозы күріш өндіруден облыс, республика және одақ көлемінде ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп «Күріш фабрикасы» атанды. Бірнеше жыл қатарынан бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанып, аты Мәскеу қаласындағы Халық Шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің (ВДНХ) кітабына алтын әріптермен жазылды. Бірнеше мәрте ХШЖК (ВДНХ) «Алтын медалімен» наградталып, грамоталар алды. Еңбек Қызыл Ту орденін кеудесіне тақты.
1978 жылдан өмірінің соңына дейін ол туған ауылы «Еңбек» шаруашылығында агроном, өндіріс бригадирі, директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары, халықтық бақылау комитетінің төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Бүгінде асқар тау әке салған сара жолда қияға қонған қыздары, ұяға қонған ұлдары Сахи Ыбыраевтың атына дақ келтірмей ұлы жолды жалғап келеді.

Дәулет ҚЫРДАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<