Эфирде – «Qyzylorda» телеарнасы!

590

0

Эфирде – «Qyzylorda» телеарнасы! Осыдан 28 жыл бұрын Сыр елінің эфирінде тұңғыш рет облыстық телеарна өз қызметін бастады. Бүгінде IDTV, интернет арқылы Жер шарының кез келген нүктесінен Қорқыт жерінің жаңалығын көріп, біле аласыз. Біз 17 сағат бойы хабар таратамыз.

Ребрендинг

Телеарна атауына келсек, әдепкіде ОблТВ, KTV, кейін «Қазақстан-Қызылорда», бүгінде «Qyzylorda» деген атпен бірнеше ребрендингтен өтті. Телеарна көрерменін ел аумағындағы, аймақтағы жаңалықтармен, елді мекеннің тарихи-мәдени ерекшеліктерімен, туристік қабілетімен, инвестициялық тартымдылығымен таныстырып келеді.

Техникалық мүмкіндік ұлғайды

«Qyzylorda» телеарнасының техникалық мүмкіндіктеріне келер болсақ, қазір біз 16/9 форматында жұмыс жасаймыз. Өз күшімізбен заманауи үлгідегі бірнеше студияны іске қос­тық. Жаңадан декорациялар жасалды. Бейнекамералардың барлығы HD форматта жұмыс жасайды. Құнды дүниелерді сақтауға жаңа мұрағат сервері бар.

Мазмұнды контент қалыптасты

Біздің телеарна ұсынып отыр­ған контенттің барлығы отандық өнім, оның ішінде өзіміздің өнімнің үлесі барынша басым.

Басты мақсатымыз – ел, аймақ жаңалықтарын жедел жеткізу, көкейкесті мәселелерді шешуге ұйытқы болу, көрермен талғамына сай тәрбиелік мәнге ие танымдық дүниелер ұсыну, қазір қат қасиет, қажет дүние саналатын тарихи, мәдени, рухани құндылықтарды дәріптеу.

Тікелей эфир шығарылымдарына тоқтала кетсек. «Жаңалықтар» қызметі күніне 4 мәрте көрерменмен жүздеседі. Жаңалықтар бөлімінде тың серпіліс бар: беру әдісі өзгерді, бүгінде кез келген оқиға орнынан инновациялық құрылғы – энкодер арқылы тікелей эфир трансляцияларын жасай береміз. Бұл – үлкен жетістік! «Жаңа күн» хабары күн сайын танымдық тұрғыдағы дүниелерін ұсынады. «Өзекжарды» хабары аптасына 4 рет аймақтағы маңызды да өзекті мәселелерді талқыға салып, спикермен бірге көрермен сауалын сын садағына ала отырып, шешу жолдарын іздейді. «Өмірдің өзі» хабары – жетісіне 2 рет қоғамдық мәселелер бо­йынша ой қозғап, қилы тағдыр, түрлі оқиғаның куәсі болған кейіпкер бейнесі, толғауы тоқсан тақырыптарды талайдың талқысына салатын бағдарлама. «Ұлт саулығы» арқылы тұрғындар денсаулық саласына қатысты барлық жаңалықтан құлағдар болып отыр. Өзін мазалаған мәселе бойынша студия­ға қоңырау соғып, сол жерде салалық дәрігерлерден кәсіби кеңес алатын мүмкіндігі бар. Ал, «Жастар тайм» жұма сайын кіші буынның басын қосатын танымдық-ойын-сауық хабары ретінде көрілімі жоғары бағдарламаға айналды.

Бізде көрермен тарапынан жақсы, сауатты сарапшылар тобы жасақталған. Олар түрлі тақырып бойынша өз көзқарасын ортаға салып, пайымды пікірлерін айтып отырады. «Армысыздар, ойы азат, абыройы асқақ, иманы берік, қазақ елі!» деп басталатын «Үштаған» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы – елдегі, облыс­тағы маңызды тақырыптарды таразылап, көкейкесті мәселелерді тұздықтап, ащы да болса ақиқат дүниелерді көрерменнің ой безбеніне салып отырған хабар. «Үштағанда» айтылған әрбір мәселе жауапсыз қалып жатқан жоқ. Бұл ретте бәрі теп-тегіс тақтайдай өтеді деп те айта алмаймыз. Сын садағы қадалған кейбір тұлғалар өз дәйектерін айтып, тіпті, сотпен қорқытып жатады. Әрине, сын майдай жақпасы анық дүние. Біз құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүріп отырғандықтан Заңға сай, Президент тапсырмасын басшылыққа ала отырып қызмет жасаймыз. Содан болар, «Үштаған» 2 мәрте республикалық дәрежедегі сыйлықтың иегері атанды.

Сенсациялық дерек күнде табыла бермейтіні ақиқат, журналистиканың көңіл көтеру бағыты да бар. Реалити-шоу, трэвел шоу, телеэкспедиция форматындағы хабарларымыз бен отбасылық көрілімге бағытталған көркем бағдарламаларымыз бар. «Туған өлке» хабарын қараған адам Сыр елінің қаншалықты әдемі, дархан, тарихы терең, мәдениеті көркем екеніне көз жеткізеді. Бұл хабарды көрген бір көрерменіміздің: «мен өз еліме қайта ғашық болдым!» деген бір ауыз сөзінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Айта кетелік, бүгінде бұл бағдарлама мектептерде қосымша оқу құралы ретінде пайдаланылып келеді.

«Заң сөйлейді» хабарынан көрермен аймақтың криминогендік ахуалымен танысып қана қоймай, қылмысқа ұрынғандардың қандай жазаға тартылғанын көзбен көре алады, сот залындағы атмосфераны сезіне алады. Бұл өз кезегінде көрерменді «жаманнан аулақ» деген бағытта тәрбиелеудің бір көзі десе болады. «Заң сөйлейді» ҚР Жоғары Сотының тарапынан арнайы марапатқа ие болды. Ал, «Заңгер кеңесі», «Юридическая консультация» аты айтып тұрғандай, тұрғындардан келіп түскен сауалдарға білікті заңгерлердің жауабын береді.

«Үш қағида» хабары – апта сайын мемлекет өміріндегі қоғамдық-саяси мәселелерді (Президент, Үкімет көтерген мәселелер) қамтып, соған қатысты жергілікті азаматтардың пікірін шоғырландыратын әлеуметтік шарайна.

«Емен-жарқын» – елге танымал тұлғалармен ашық та мазмұнды сұхбат құруға бағытталған подкаст стиліндегі қызықты әрі мазмұнды хабар.

Бүгінде телевидение Enterainment бағытында дамып келеді. Сондықтан біз танымдық және ойын-сауық бағытындағы хабарлардың «миксін» жасауды да ойластырғанбыз. Осы тұрғыда «Коктейль» – синтездік хабар деуге келеді, онда ақпарат та, қызықты деректер де, ойын-сауық бағыты да кәсіби тұрғыда ебін тауып, әдемі үйлескен.

«Қайырлы кеш, Қызылорда!» өнер адамдарының тұлғалық қасиетімен таныстыратын, жаңа қырынан танытып, талай қызықпен табыстыратын бағдарлама. Мәдени бренд болған бағдарлама десек те артық айтқандық емес. «Алғашқы минутынан соңғы минутына дейін жүзің жайнап отырып көретін хабар» деп баға береді бұған біздің көрермен қауым. Ал, көрермен бағасынан артық не бар?

«Жыр мұра» хабарынан өнерсүйер, баба мұрасын ұлықтаған, өткенін ұмытпаған көрермен небір мәдениет жау­һарларына қанығады, небір жыр-дастандарды тыңдап, небір жақұт жастармен танысады. Бұл – номад бренд стиліндегі топтама.

Білім, спорт, ғылым бағытында да хабарларымыз бар, оны көрермен эфир арқылы жақсы біледі.

Бұл хабарлардың уақыты ұзақ емес, тіпті тым қысқа деп айтуға болады. Көрермен кейде «түу, тез бітіп қалады екен» деп жатады. Соған қарамастан қаралым көп. Ал, көрермені көп болса, рейтингі жоғары деген сөз. Бұл бағдарламалардың өміршеңдігінің негізгі себебі де осы! Айтары мен байқары көп біздің телеарнаның көрерменге деген тосын сыйы таусылмасы анық.

Интеграция

игілігі

Көрерменге барынша жақын болу үшін біз барлық әлеуметтік желілерде өз парақшамызды аштық:

facebook.com/kyzylordatv.kz

vk.com/kyzylordatv.kz

twitter.com/kyzylordatv.kz

instagram.com/kyzylordatv.kz

Біздің сайт: www. kyzylordatv.kz

Аталған сайттарға келіп түскен барлық хабарламалар назарға алынып отырады. Сайтымыздан бүкіл өнімімізді көруге болады. Бұдан бөлек, телеарна сурдоаударма қызметін ұсынып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқын бас­ты назарда ұстап келеді.

Үлкен істің басында мықтылар тұрды

«Өткенсіз бүгін жоқ, өткенді айтпай, бүгіннің құны жоқ» демекші, телеарнаның тізгінін ұстаған атпал азаматтар мен кәсіби қызметкерлерді елеп өтсек (өкінішке орай, кейбірі марқұм болып кетті): Жақсылық Бекқожаев, Әбдіжәлел Бәкір, Орынбасар Әлжік, Амантай Шәріп, Юрий Ефанов, Мұхамедия Абылаев, Мұрат Шалабаев, Баян Исламбаева, Айткүл Шалғынбаева, Есенгелді Шілдебаев, Сахитжан Бермағамбетов, Гүлнар Құлмұратова, Несібелі Рахмет, Қаршыға Есімсейітовалардың есімдері телеарна тарихында алтын әріптермен жазылды.

Кадрлық ұстахана

Біздің телеарнадан түлеп ұшқан қаншама журналист, режиссер, телеоператорларымыз бүгінде тек өз ісінің шебері ғана емес, елдің елеулі тұлғаларына айналып үлгерді. Есімдері жалпақ елге танымал Дана Рысмұхамедова, Орманбек ­Орынбеков, Нұрлыбек Сафин, Қазбек ­Ботаев, Зина ­Есмахан­ова, Ербол Кәкім­баев, Дархан Әлібеков, Асылхан Нұрмағанбетов, Рауан Мыңбаев, Айдын Нұрғалиев, Сәуле Алдамұрат, Ғалымжан Бәйімбет, Нұрбек Әмиша, Айт­мұхамед Байділдаев, Бағдат Әбдіқожаева, Әйгерім Есенәлі, Ақерке Биятова, Райхан Тәжібаева, Руслан Айтманбетов, Нұрлан Жақыпбеков, Қамбар Бекенов, Қайрат Рабаев, тағысы тағы бар…

Ал, өнерге біздің телеарнаның төл жобасынан тұсауы кесілген мәдениет майталмандары қаншама?! Тахауи Рахметов, Бибігүл Жанұзақова,  Мәдина Сәдуақасова, Гүлнұр Оразымбетова, Алмас Кішкенбаев, Руслан Садықов, Өмірқұл Айниязов…

Кәсіби дәреже

Бүгінде «хайп, «тренд», «треш» деген нәрселер салтанат құрып жатқанда біздің хабарларымыздың алғы шептен шығып, үздік деп танылып жатқанына қуаныштымыз. Шығармашылық ортада, кәсіби ортада мойындалып жатқанымыз бізге үлкен мәртебе. «Qyzylorda» телеарнасы бүгінде өңірлер арасында үздік аймақтық арна атанып отыр. Жыл сайын «QAZAQSTAN» корпорациясы тарапынан жоғары бағаға ие болып жүрміз. Биыл да кадрлық саясат, тартымды әрі мазмұнды контент, интернет ресурстарымен жұмыс, мемлекеттік тапсырыс­тарды сапалы әрі мазмұнды орындау, коммерциялық табыс табу бо­йынша 1-орында тұрмыз! Бұл – жайдан-жай берілген баға емес, үлкен жұмыстың нәтижесі! Ал, түрлі байқауларда, конкурстарда алып жатқан марапаттарымыз өз алдына бір төбе. Оны санамаламай-ақ қоя­йық.

Кадрлық саясат

Кадрлардың ­біліктілігін арттыру біздің басым бағыт­тарымыз­дың бірі болып табылады. Жыл сайын қызметкерлер түрлі семинар-тренингтерде біліктілігін шыңдап отырады, корпорациядан өз саласының ділгір мамандары шеберлік кластарын ұйымдас­тырып тұрады, одан бөлек, 3 жыл сайын аттестациядан өтеді. Бүгінде ұжымның 60 процентін жастар құрайды. Біздің барлық қызметкерлеріміз өз ісінің кәсіби мамандары: продюсерлер, редакторлар, режиссерлар, телеоператорлар, бейнемонтажерлар, дизайнерлер, бейнеинженерлер… Біздің командамызда болу үшін өз ісіне деген ыстық махаббат пен мықты сауат қажет! Ең бас­тысы, телевидениені шын сүю керек. Және телеарна – қазақ елінің айнасы екенін ұғыну, сол айнаға қараған адам еліміздің болмыс-бітімін, тыныс-тіршілігін көретінін түсіну. Бұл маңызды!

Есте ұстар

мәселе

Бүгінде кім ақпаратты бұрын жеткізсе, соның үстемдік алатыны ақиқат. Сараптап, сұрыптап, нәтижесін айтып жатуға қалам ұстаған көпшіліктің уақыты да, шыны керек, құлқы да жоқ. Содан болар, олқы дүние, сапасыз материалдар шығып жатады. Мәселенің тәрбиелік бағыты көлеңкеде қалып қоятыны да жасырын емес, сондықтан біз өз тарапымыздан қоғамның, халықтың санасын ұлттық мүддеге, рухани құндылықтарға бағыттауды мұрат көреміз.

Үнемі өзгеріс, жаңару, жаңғыру – біздің ұстанымымыз. Маңыздысы – көтерген тақырыбымыздың халықтың көңілінен шығуы. Біз – тыңдау мәдениеті биікке көтерілген елдің ұрпағымыз. Содан болар, жыр мұрамыз, айтысымыз қашанда қолдауға ие. Тыңдаушы мықты болғандықтан біздің, яғни, айтушының жауапкершілігі күшті болуы тиіс. Сол талаптан шығу үдесінде біздің телевидениенің ролі орасан деп білемін. Түптеп келгенде, бәрі де халық үшін болуы керек. Себебі біздің басты байлығымыз да, сыншымыз да, тілекшіміз де – халық.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<