Егемендік декларациясы: еркіндік және жауапкершілік

274

0

Егемендік декларациясы тәуелсіздікке бастаған саяси қадам болғаны сөзсіз. Тарихқа зер салсақ, бұл маңызды құжаттың қабылдануы оңай болмаған секілді. Мәселен, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1990-1994 ж.ж.) Рымбек Жүнісов: «Көбісі: «Соғыссыз, революциясыз қолымызға келген бұл бір жақсылық қой» деп ойлайды. Жоқ, олай емес! 360 депутаттың пікірталасын телевидение 100 процент бермейді. Кішкене үзінділерді ғана берді. Халық көбісін білмейді. Сол уақытта талқылаған мәселелерде көнбей шығып кеткен азаматтар болды. «Біз дауыс бермейміз» деп. Осы пікірден-ақ сол кездегі жағдайдың қаншалықты күрделі болғанын байқауға болады» дейді.

Декларацияның қабылдануы тарихи сәт еді. Ол  мемлекеттің ілгері қарай дамуына жол ашты. Маңызды құжаттың қабылдануы мен оның мақсаты  туралы сауалнама ұйымдастырған едік. Редакция сауалнамасына тарихшылар мен құқықтанушы, саясаттанушы ғалымдар қатысты.

1. Егемендік декларациясы Қазақстан тарихында қандай рөл атқарды?

2. Маңызды құжат жайында жастар нені білуі тиіс?

Ерлан Алтаев, заң ғылымдарының кандидаты, облыстық адвокаттар ал­қасының адвокаты:

– Егемендік декларациясы Жоғарғы Ке­ңестің 12-шақырылымы кезеңінде 360 депутаттатан тұратын корпуста қабыл­данған. Сол кезде төрағалық еткен Ерік Асанбаев болды. Құжатта көптеген мәсе­лелер ұлттық тағылымға толы екенін, депутаттардың қатарында өзге ұлт өкіл­дерінің саны жартысынан көп бола тұра қабылдануы – бүгінгі біздер үшін үлкен жұмбақ.

Егемендік декларациясы Жоғарғы Ке­ңестің екінші сессиясында, яғни 1990 жылдың 15 қазанында ұсынылған. Құжат­тың мәтіні жаз айларында дайындалған. Халық назарына басылымдар арқылы 17 қазанда ұсынылған. Ол кезде баршаға мәлім, басылымдарды қалт жібермейтін үздіксіз оқырман қауым, бұл жаңалықты қалай қабылдады екен? Бұл да зерттеуді талап етеді. Бар болғаны 10 күн ішінде қабылданды.

Бір жиында тарих ғылымдарының кандидаты Сағатбек Тамшыбайұлы құ­жатты талқылау 18 сағатқа созылған де­седі. Ойландыратын факт, қазіргі таң­да мұндай ұзақ уақытта құжаттар тал­қы­лан­байды, Егемендік декларациясы небәрі 17 баптан ғана тұратынын ескер­сек. Тағы бір дүние, кейбір ақпарат көз­де­рінде 15 одақтас елдер ішінде ең со­ңынан қабылдапты. Сондықтан да оңай болды деседі. Оны байқау үшін салыс­тырмалы талдау жасауға да болады. Біз үшін оның мазмұнындағы әрбір норма тайға таңба басқандай жазылған. Тіптен айтқым келетіні алашордалықтардың Конс­­титуциясы саналатын бір құжатпен осыдан 10 шақты жыл бұрын Қызылорда облыстық тарихи өлкетану музейінде танысқаным бар. Оған менің назарымды аудартқан Асхат Сайлау деген мықты тарихшы ғалым, сол музейдің қазіргі ға­лым-хатшысы болатын. Ол екеуіміз танысып тұрғанымызда ол құжаттың мін­сіздігіне сол кезде таңғалған едім. Егемендік декларациясы соның көшірмесі сияқтанады. Не болса да ұлт болашағына жарқын қадам жасаған ағаларымыз бен апаларымызға алғысымыз шексіз.

Бұл құжаттың маңыздылығы – оның алғашқы болуында. Әрдайым бастапқы қадам қиындықтардан тұрады. Егемендік декларациясы – мемлекеттіліктің бастауы.

Егемендігімізді жар салу ол заманда оңай болды деп айту дұрыс емес. Көпұлтты мемлекет екенімізді ес­кер­сек, сырттағы емес, іштегі ахуал күр­делі шиеленістерге ие кезеңде тіл, жер, қауіпсіздік, ұлттық мәдени құндылықтар, құқықтық дербестік секілді мәселелерді бекіту бұл құжаттың маңыздылығын одан әрі арттыруы тиіс.

25 қазан – Республика күні болып, оған жоғары мән беріп, ұлттық мереке ста­тусы ретінде бекітіліп, еліміздің бар­лық өңірлерінде салтанатты жиындар, конфе­ренция, дөңгелек үстелдер өткізілуде. Қа­зақ елі жұртшылығы тарапынан бұл бастама қол­дау тапты. Осы күнге арналған шара­ларда Егемендік декларациясы қызу тал­қыланып, оның маңыздылығы арт­уда.

Алда осы декларацияның қабылдану кезеңінде, оның мазмұнын дайындаған, әрбір бабына, тіпті әр сөзіне күрес жүргіз­ген тұлғалардың есімдері барша жұрт алдында аталып, ерліктеріне тағзым жасау үшін ғылыми зертеулер жүргізуді талап етеді. Жұртшылық білуі тиіс. Сабақтастық дегеніміз осы болар, сірә.

Қуаныш Жарекеев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университе­тінің аға оқытушысы, заңтану магистрі:

– Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы өткен ғасырдың басында: «Біздің ізде­геніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» деген екен. Алаш көшбасшысы айтқан ұлы той – Қазақ елінің Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жарты ғасырдан ас­там уақыт өткен соң қабылданып, аңса­ған азаттыққа қарай алғашқы қадам жасал­ғаны белгілі.

Декларацияның ел тарихында қандай рөл атқарғанына тоқталсақ, мемлекет және құқық үшін маңызды құжат ретінде, ең жоғарғы өкілді орган Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылы 25 қазанда қабылдағанынан бас­тағанымыз жөн сияқты. Ол рес­публика Конституциясы мен заңдарының үстем­дігін және алғаш рет республикалық би­лік органдарының басымдығын бел­гі­леді. Сондай-ақ өзінің ішкі әскер, мем­лекеттік қауіпсіздік органдары, қаржы-несие және салық жүйелерін, азаматтық институттардың  құқығын бекітті. Бұл елі­міздің тәуелсіздік пен егемендікке же­ту жолындағы басты қадамы, оның мыз­ғымас іргетасы болды.

1990 жылы туған балалар қазір 35 жасқа толған екен. 35 жыл – бір ұрпақ­тың ауысатын уақыты. Елдігіміздің ірге­тасы болған Мемлекеттік егемендік ту­ра­лы декларация Конституциямыздың қа­­былдануына негіз болып, ұлттың тыны­сын ашты. Бүгінгі тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан ұрпақ – бақытты ұрпақ деп айтар едім.

Декларациядағы қағидалардың арқа­сында Қазақстан бүгінде халықаралық қатынастардың сенімді және беделді қа­тысушысы атанды. Мемлекеттердің пайда болып, қалыптасуы егемендік туралы декларация қабылдаудан басталатыны тарихтан белгілі. Ол – егемен ел болудың мақсаты мен мәнін көрсететін маңызды құжат. Мемлекеттік егемендік туралы дек­ларацияның қабылдануы біздің заңды түрде дербес мемлекет атанғанымызды біл­діреді. Бүгінде өзгелер бізді өз пі­кірі қалыптасқан, қуатты мемлекет ре­тін­де таниды, яғни бізді әлемдік аре­нада беделі асқан елдердің бірі деп біледі. Бұндай деңгейге жету үшін консти­ту­ция­лық құ­рылыс қалыптасуы қажет болды. Ал дек­ларацияны еліміздің тәуел­сіздік жыл­да­рындағы ең алғашқы консти­туциясы десек, қателеспейтін шығармыз.

Егемендік декларациясы жастардың бойына тәуелсіздік рухын сіңіріп, осы арқылы өз елін, тілін, тарихын құрметтеуді үйренеді. Әр жастың азаматтық санасы, құқықтық мәдениеті қалыптасып, еліміз­дің дамуына үлес қосады, еркін ой­лап, даму мен жаңашылыққа ұмтылады.

Шырынкүл Тұхмарова, саясаттану ғылымдарының канди­даты:

– Егемендік Декларациясы 1990 жылы 25 қазанда қабылданды. Бұл құжатқа Ерік Асанбаев тұңғыш рет қол қойған. Оның қандай тарихи маңызы бар деген заңды сұрақ қойылатын болса, Кеңес Одағының құрамынан шы­ғып, тәуелсіздікке бетбұ­рудың алғашқы қадамы дер едім. 

Мемлекеттік егемендігі туралы декла­рация Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде мемлекеттілігінің негізін қалаған алғашқы әрі шешуші құжаты болды. Бұл елдің егемендігін жариялап қана қоймай, саяси және құқықтық жүйенің жаңа бағытын айқындады. Елдегі құқықтық сабақтастықты қамтамасыз етіп қана қой­май, оның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына жаңа серпін берді. Тәуелсіздік пен егемендік ұғымдарын заңнамалық жүйеге енгізу арқылы Қазақстан халықаралық құқық талаптарына сай, тұрақты және тиімді құқықтық жүйе қалыптастыруда маңызды қадам жасай алды.

Егемендік декларациясы – жастардың тарихи санасын қалыптастырады, ұлттық рухын, елге деген жауапкершілігін нығай­татын құжат. Оны білу Қазақстанның  тәуелсіздікке қалай жеткенін, қайдан бастау алғанын, қай бағытта дамып келе жатқанын түсінуге көмектеседі. Отан­ға деген сүйіспеншілікті, елге деген пат­риоттық сезімді күшейтеді. Азаматтық жауапкершілікті қалыптастырады.

Егемендік дегеніміз – еркіндік пен жауапкершілік. Жастар бұның мәнін ұғы­ну арқылы елдің дамуына үлес қосуға ұмтылады. Өскелең ұрпақты қазақ халқы­ның құндылығын құрметтеуге үй­ретеді.

Сауалнаманы әзірлеген

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»