Егемендік және сот саласының жетістігі

1074

0

«Жаза-жаза қолыма мозоль шықты…». Сот саласына ең алғаш жұмысқа келгенде ұжымдағы бір апайым ертеректе сот отырысының хаттамасын қалай жазғандарын айтып, осылай күрсініп алған.

Мен қатты таңғалдым. Өзіңіз ойлап қараңызшы, сот отырысының хаттамасын, адамдардың айтқан сөздерін үтір-нүктесіне дейін толықтай қолмен, ручкамен жазып шығу…

Иә, оның қандай қиындығы бар дейтін шығарсыз?! Бірақ, сот отырысы хатшысының жұмысы онсыз да бастан асады. Бітпейді. Бір процестен шығып, екінші процеске жүгіреді. Сот отырыстарына қатысатын адамдарды түгелдейді. Келесі сот отырысының өтетіні туралы хабарлама жіберу керек. Соның арасында судьяның қарауына жаңа арыздар түсіп жатады. Оның хабарламалары бар. Жалпы алғанда, шеті мен шегі жоқ жұмыс. Жүгіріп жүріп, сот отырысының хаттамасын, сотқа қатысқан адамдардың айтқан сөздерінің барлығын қолмен қағазға түсіріп жазу дегеніңіз – мен үшін ерлікпен тең сияқты. Мысалы, қазір біздің ручкамен жазғымыз келмейді.

Апайымның айтып отырғаны Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы көрініс еді. Ол кезде барлық сала, тіпті сала деймін-ау, мемлекетіміз толықтай құрылып, қалыптаспаған кезең болатын.

Соған қарамастан, ол кісі жас мемлекетіміздің даму кезеңдерін көзбен көріп, бастан өткеріп, қаншалықты қиын болса да, еліміздің дамуы жолында қызметін жалғастырып, ең қиын уақыттарда жарқын болашағымызға сенді. Не деген шыдамдылық және жігер десеңізші?!

Экономика нашар, халықтың тұрмысы өте төмен. Әлеуметтік проблема деген жетерлік. Өндіріс алаңсыз тұралап қалған. Жұмыссыздық. Күнкөріс қиын. Азық-түлік тапшы. Ол кезде біздің Тәуелсіз ел ретінде аяқтан тұрып, мықты мемлекет болатынымызға ешкім сенбеген. Күмәнмен қараған. Тіпті, күлген. Жерімізге көз алартқан, Тәуелсіздігімізді мойындамаған, айбат шегіп тұрған аждаһалар болған.

Сол кезеңде Тәуелсіздігін жаңа алған елдің ауыр жағдайын түзету үшін түрлі қиындықтар мен күрестерді бастан өткізіп, бүтін бір халықтың жауапкершілігін көтеру, екінің бірінің қолынан келмес еді.

Дегенмен, барлық ауыртпалықтарға қарамастан, жан-жағымыздан төніп тұрған алпауыттардың тілін тауып, батыл қадам жасап, елін жаңа, жарқын өмірге бастаған тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, сонымен қатар, патриот, табанды, қайсар, жігерлі аға-апаларымыздың еңбегімен, ұлт болып ұйысып, жұмылуымыздың арқасында бүгінгідей Тәуелсіз мемлекет құрдық.

Бірте-бірте әлеуметтік-экономикалық салада, саяси-дипломатиялық қарым-қатынаста жетістіктерге қол жеткізе бастадық. Қоғамның барлық бағыттары бойынша түбегейлі өзгерістер орын алды.

Соның ішінде сот жүйесінің қызметі де заман талабына сай қарқынды түрде дамып, қалыптасты. Салада жүргізілген реформалар сот жүйесінің қызметін реттеп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының оңтайлы қорғалуына елеулі ықпал етті.

Қазіргі таңда сотқа талап қою арыздарын үйіңізден шықпай-ақ, «Сот кабинеті» электронды сервисі арқылы жібере аласыз. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан электронды цифрлы қолтаңба алу жеткілікті.

Апайым айтқандай, хаттаманы ручкамен, қолмен жазу жойылды. Қазір сот отырысының қысқаша хаттамасы жазылады. Сот отырысы өтетін залдар түгелдей аудио-бейне жазба құралдарымен жабдықталған.

Сот жүйесінде дауласқан азаматтарды татуластыруға ерекше көңіл бөлінді. Медиация рәсімі тараптардың дауды бітімгершілікпен реттеуіне және халық арасындағы дауласу деңгейін төмендетуге септігін тигізуде.

Карантиндік шектеулерге байланысты сот саласы қызметін тоқтатпай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында онлайн режимінде жұмысын жалғастырды.

Істердің барлығы мобильді қосымшалардың көмегімен қаралуда. Адамдар өздеріне ыңғайлы жерде отырып-ақ, сот отырысына қатыса алады. Мұның өзі – сот саласының цифрлы жүйеге уақытылы өтіп, заманауи озық технологияларды тиімді пайдаланып, іске асырып отырғандығының сөзсіз көрінісі.

Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне – 30 жыл! Жоғарыда атап өткен жетістіктердің барлығы – Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Отаншылдық рухы биік тұлғаларымыз бен тәжірибелі мамандарымыз Тәуелсіздігіміздің нығаюына, еліміздің аты әлемге шарықтауына, қоғамдық салалардың дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Ал, мен ше?! Тәуелсіздігіміздің нығаюы үшін не істедім?! Ойланып қарасам, көңілім толатындай дүние жасамаппын.

Сосын мақсат қойдым. Ендігі жерде сот саласының дамуына өз үлесімді қосуым керек. Сол арқылы Тәуелсіз мемлекетіме қызмет етіп, барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, ел болашағының жарқын болуына, бұдан да талай биіктерді бағындыруы жолында еңбек етуге тиіспін.

Себебі, мен – Тәуелсіз елдің перзентімін…

Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ,

Қызылорда облысы, Байқоңыр қалалық сотының бас маманы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<