Елімізде 100-ден астам, оның ішінде Сыр өңірінде 35 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Олардың бірлігі – өзгеге үлгі. Әсіресе мемлекеттік тілде еркін сөйлейтіндер қатарының артқаны көңіл қуантады. Ұлты басқа болса да жүрегі мен тілі қазақ деп соққан жаңдардың бірі – қызылордалық Вера Нестерова. Ол қазақшаны ерте жасынан үйренген.
Ықыласы үлкеннің батасында
– Алты жастан бастап қазақ тілін білемін. Өйткені ортамның бәрі қазақ болды. Көрші балалар қазақ тіліне деген қызығушылығымды арттырды. Тілді үйренуіме тағы бір себеп – балалар үйінде өсуім. Отбасында бесеуміз – 2 әпкем, 2 сіңлім бар. Ата-анамыз ерте қайтқандықтан, екі сіңліммен бірге балалар үйінде өстік. Ол жақта бірыңғай қазақ тілінде сөйлегендіктен, тілді меңгеру қиын болмады. Бауырларым да қазақша жақсы біледі, – дейді Вера.
Вера мектепті орыс тілінде оқыған. М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие» мамандығына оқуға түсіп, қазақ тілінде бітіріп шығады. Балабақшада бала күтушісі, одан соң орыс тобына тәрбиеші болып қызмет атқарады. Қазір бала күтімімен отыр.
Бүгінде Вера – қазақ отбасының барлық салт-дәстүрді меңгерген, ибалы, инабатты келіні. Отағасы – Талғат дәнекерлеуші, екеуі Адия, Әйгерім, Әлия, Томирис есімді қыздарына тәлімді тәрбие беріп отыр.
– Қазақ отбасына келін болып түскеніме қуаныштымын. Ата-енем мені құшақ жая қарсы алды. Балаларымыз дүниеге келгенде бізден қатты қуанды. Оларды тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Жолдасым екеуміз үйленетін кезде енеме орыс қызбен сөйлесіп жүрмін, ата-анасы да жоқ деп түсіндірді. Сол кезде енем «Балам, ұлттың жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Ал ата-анаға келер болсақ, ешкім де мәңгі емес, бастысы сендер бақытты болсаңдар болғаны» деп батасын берді. Сол батаның арқасы болар, жақсы ғұмыр кешіп, балаларымызды тәрбиелеп келеміз, – дейді В.Нестерова.
Бір қызығы, Вераның сіңлісі де осы үйдің келіні екен. Әпкелі-сіңлілер бір жағынан бауыр, бір жағынан абысынды-келінді. Екеуі де қазақы салт-дәстүрге ерекше мән береді.
– Басында дәстүрді толық білгенім жоқ. Жан-жағымдағыларға қарап үйрендім. Ата-енемнің арқасында бәрін меңгеріп алдым. Қазір сәлемді де саламын, балаларымның барлығын бесікке бөлеп, бесік жырын айтып өсіріп келемін, – деген ол біздің «қазір орысшаңыз қалай?» деген сұраққа күліп жауап берді.
– Мектепте оқып жүргенде қазақ тілін 5-ке оқыдым, орыс тілінен төмен баға алатынмын. 3-тен 4-ке көтерілсем қуанатынмын. Осыдан-ақ байқай беріңіз. Жалпы қазақша ойланып, күнделікті қазақша сөйлейтіндіктен орыс тіліне шорқақпын, – деп жымиды.
Айтпақшы Вера әлеуметтік желіде өте белсенді. «Орыс келін» деген атпен танымал болған ол блогерлік жолын қалай бастағанын да айтып берді.
– Блогерлікті осыдан 5 жыл бұрын бастадым, өзімді дамытуды қолға алдым. Бір жағынан қайын апам «қолыңнан келеді» деп қолдау білдірді. Отбасым түсіністік танытқан соң сенім пайда болды. Қазір өз аудиториям бар. Оларға өзім білетін пайдалы ақпараттарды бөлісіп отырамын, – дейді.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, отбасын бақытқа бөлеген Вера Нестерова қазақ тілін білу, мәдениетін үйрену, қазақтың әдет-ғұрпын, дәстүрін дәріптеу басты парызым деп біледі.
Бірлік – береке бастауы
Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын. 1995 жылдың наурызында ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың кепілі – Қазақстан Халқы ассамблеясы құрылды. Бұл саяси маңызы зор құрылым, күрделі қауымдастық, заманауи қоғамдық институт ретінде танылды.
Бүгінде құрамында 350-ден астам ұлттық-мәдени орталық бар. Аймақтардағы әрбір орталық еліміздегі жүзден астам этностың өкілін, тағдыр табыстырған бауырлас халықтарды Қазақстан деген алып шаңырақтың астына топтастырып, тәуелсіз мемлекетімізде ынтымақтастық пен татулық туының желбіреуіне, ішкі саяси тұрақтылықтың сақталып, баянды бірліктің салтанат құруына оң ықпалын тигізіп отыр.
Бірліктің арқасында еліміз дамыды, өсті, іргелі мемлекетке айналды. Қазір облыстық ҚХА құрамында 11 этномәдени бірлестік, аудандарда 4 этнобағытталған үкіметтік емес ұйым және 9 қоғамдық құрылым жұмыс атқарады.
Ақсақалдар мен аналар кеңесі, Ассамблея жастары, журналистер клубы, ғылыми-сарапшылық топ, медиаторлар кеңесі, еріктілер мен ақпараттық түсіндіру тобы бүгінде этносаралық коммуникация мен диалог алаңына айналды.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда бірнеше өзекті мәселеге тоқталып, кесімді шешім айтты. Аймақта «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасы шеңберінде ҚХА мен ЭМБ құрылымдарының қатысуымен этнос өкілдері тығыз орналасқан аудандар мен ауылдық елді мекендерде көш-керуен акциясы өтті. Этномәдени бірлестіктердің атаулы мерекелері де назардан тыс қалмады. Осы уақыт ішінде Хон Бом Доның мемориалдық кешені қайта жаңғыртылды және «Славяне» этномәдени бірлестігінің 25 жылдығы, татар этномәдени бірлестігінің 30 жылдығы, «Алекс» би өнері мектебінің 25 жылдығы, республикалық «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығы, Солтүстік Кавказ халықтарының Қазақстанға қоныстанғанының 80 жылдығы, «Славяне», татар, корей, неміс бірлестіктерінің мәдени күндері аталды. Алдағы уақытта облыстық корей этномәдени бірлестігінің құрылғанына 35 жыл толуына орай гала-фестиваль өткізіледі, – дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Бақытжан Камалов.
Бірлік пен татулықты мақсат еткен өңірлік ҚХА мүшелері қоғамдық шараларда белсендік танытып келеді. Сөзімізге дәлел болсын, жыл басында су апатынан зардап шеккен аймақтар үшін «Күшіміз – бірлікте» және «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, соның негізінде 3 тонна гуманитарлық көмек жіберіп, айрықша үлес қосты.
Биылғы 9 айда Ресей, Өзбекстан елдерінің бас консулдарымен кездесу өткізіп, облыстың сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-рухани, туризм, білім және ғылым салаларында өзара ынтымақтастық орнату жөнінде нақты ұсыныстар талқыланды. Аталған жұмыстар аймақ экономикасының тұрақты дамуына серпін беріп, өңірдегі қоғамдық келісім мен бірегейліктің нығаюына өз септігін тигізуде.
Жалпы тәуелсіз еліміздің басты байлығы – бейбітшілік пен тұрақтылық, бұлар – қоғамның алға қарай дамуының, оның табыстылығы мен бәсекелестігінің кепілі. Осы орайда облыстық ассамблея тұтастық, бірлік пен ынтымақты арттыруда өз міндетін толық атқаруда. Іргелі ұйым алдағы уақытта да осы бағытта тиянақты жұмыстар жасайтыны сөзсіз.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<